Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Заңсыз өтемақы алғандарды не күтіп тұр?

Заңсыз өтемақы алғандарды не күтіп тұр?

Әлемнің көптеген белді сарапшылары жер шарын үлкен дағдарыс күтіп тұрғанын айтуда. Қазақстан Республикасының премьер-министрі Асқар Маминді қабылдаған Елбасы Н.Назарбаев үкімет басшысына алда 2008 жылдағыдан да қиынырақ болуы мүмкін екенін ескертіп, одан шығу жолдарын осы бастан саралап, іске кірісуді тапсырған болатын. Өйткені адамзатқа үрей әкелген індет әлемдік экономикаға әлі қанша орасан ауыртпалық жүктейтіні белгісіз болып отыр. Қазірдің өзінде миллиондаған қазақстандық жұмысы тоқтап, үйінде отыр. Аурудың алдын алу үшін жарияланған төтенше жағдай режимінде оларға табысынан айырылғаны үшін 42500 теңге мөлшерінде өтемақы төленуде.
Төтенше жағдай енгізілгеннен бастап ай сайын берілетін төлемді алу шарттары бір айдың ішінде бірнеше мәрте өзгергенін білеміз. Дегенмен салалық министрлік бұны тиісті адамдарға ғана беру үшін еңбек етіп жатқаны рас. 42500 теңгені алудың негізгі шарты бойынша осы кезге дейін ресми қызметте, мейлі еш жерде құжаттары рәсімделмей жұмыс істеп, төтенше жағдай кесірінен табысынан айырылғандар алуы тиіс. Сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі жандар мен жалданбалы жұмыстан нан тауып жүргендер де үкімет көмегін көре алады. Төлемді алу шарттары түрленіп кеткеннен кейін желідегі белсенділер халықты жаппай өтінім жібере беруге шақырды. Бұл тиісінше министрліктің жұмысын ауырлатып жіберді. Осы сәттің өзінде миллионнан астам адам төлем алып үлгерді. Бірқатар азаматтың өтініші міндетті әлеуметтік төлемді кәсіпкерліктен, тұрақты жұмыс орнынан аударылып тұрғандықтан кері қайтарылды. Сұранысы қанағаттандырылмағандардың қатарында қайтыс болғандардың мәліметін жіберіп, алаяқтыққа барған азаматтар да бар. Тағы бір топ халық соңғы ережелерге сәйкес келмесе де, бастапқы тәртіппен қаражатқа ие болып үлгерген. Мұны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов төлемақыны негізсіз алғандардың ұятына қалдырған еді. Бірақ бірер күннен кейін елдегі бухгатерлік есеп-қисап жайында ақпар тарататын uchet.kz сайты 42500 теңгені заңсыз алғандар 1000 АЕК көлемінде айыппұл төлеуі немесе 2 жылға сотталуы мүмкін екенін айтып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Дереккөз Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабының бірінші және екінші тармағын мысалға келтіріп, бұл өзгенің мүлкін жымқырған және алдау мен сенімін пайдалану арқылы өзгенің мүлкіне ие болған адамдар қатарына жататанын алға тартты.
Осыдан кейін әлеуметтік желіден жұрт «енді не істейміз?» деген сауалмен блогерлерге сәлемдеме жолдаған. Ал олар тиісінше алған ақшаны қайтаруға болатынын, ол үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының есепшотына түскен қаржыны қайта аудару керектігін көрсетіп, банк реквизитін салған. Қазірдің өзінде ондаған адам өздеріне тағайындалған төлемді алуға құқығы жоқтығын мойындап, кері қайтарды.
Ал бейсенбі күні Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз хабарламасын таратты. Онда заңсыз жәрдемақы алғандарды қандай жаза күтіп тұрғанын ресми мәлімдеді.
– 42 500 теңге әлеуметтік төлемі бойынша барлық тағайындаулардың негізі төтенше жағдай тәртібі аяқталғаннан кейін бекітілген заң жүзінде қайта тексерілетінін мәлімдейміз. Әр өтінімге қатысты ұсынылған деректердің шынайылығына жауапкершілік жүктелген, оның ішінде, әлбетте басты себеп – төтенше жағдай кезіндегі шектеулер салдарынан табыстан айырылу, – деп хабарлайды министрлік.
Яғни төтенше жағдай аяқталғаннан кейін, барлық төлем төленіп біткен соң, министрлік осы жәрдемақыны алған әрбір азаматтың ақшасын санайды. Ел басына күн туып, үкімет жағдайды қалыпқа түсіруге жұмыс істеп жатқанда, алаяқтықпен ақшалы болғандарды анықтайды.
«Әлеуметтік төлемдерді заңсыз алған адамдардың жауапкершілікке тартылуы олардың жасаған заңсыз әрекетіне байланысты болады. Әлеуметтік төлем алушылардың заңсыз іс-қимылы Қылмыстық кодекстің аясында қарастырылады (190, 195 баптар)», – деген министрлік өкілдері өз хабарламасында.
Бейсенбі күні кешкі уақытта Біржан Нұрымбетов тағы мәлімдеме жасады. Ол халықты босқа үрейленбеуге шақырып, ешкімнің үйін араламайтындарын айтты. Бұндай жаза тек алаяқтарға тағайындалатынын тілге тиек етті.
– Мен брифингтерімде, жазбаларымда айтқандай, өздеріңіз үшін «мен жұмыс, тіршілік жасап (ресми, бейресми), ақша тауып жүр едім, енді төтенше жағдайға қатысты сол табыстан айырылдым» деп шештіңіздер ме? Кейін мен ескерткендей, өтініш бергенде порталда төмендегі жазбаны тағыда оқып, растап, сөйтіп барып өтінішті жібердіңіз бе? Ондай болса – сіз айттыңыз, біз сендік. Сіз алдаған жоқсыз. Біз тағайындадық, төледік.
Сол үшін кінәлайды деп еш уайымдамаңыздар. Дәл мен айтқандай жасаған болсаңыздар, біздің тарапымыздан үйді аралап ешкім тексермейді, – деп жұрт күдігін сейілтті.
Бұдан бөлек министр халық 42500-ге өтініштерін еріккеннен беріп отырмағанын, төтенше жағдай болмаса да басым халықтың табысы аз екенін, ел азаматтарының жалақы, зейнетақы, жәрдемақы көлемі көп еместігін айтып, індеттен барынша сақтануға шақырды.
Шынында да қазір әркімнің өз шындығы – ішінде. Бірақ мемлекет тағайындаған азды-көпті жәрдемақыдан шын мұқтаждар қалыс қалмауы керек. Өйткені ғаламторда шотында миллиондаған ақшасы бар азаматтар да көмек алғанын растайтын суреттер толып жүр. Бұл алмағайып күндер де артта қалар. Алайда жұрт бүгін заңсыз алған көмек үшін ертең заң алдында айтарға сөз таппай тұрмаса екен деген тілек біздікі.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
19 сәуір 2020 ж. 900 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930