Пайдасын тигізген төлемақы
Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылуына байланысты үкімет тарапынан 42500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлем тағайындалғаны белгілі. Осы жаңалық елде тарағалы оның алу жолдарын қарастырған тұрғындар карантинді шетке ысырып, халыққа қызмет көрсету орталығына қарай сабылысқаны да жасырын емес. Бірі жұмысынан шеттетіліп қалғандар болса, екіншісі ешқандай жерде тіркелмей, өз бетінше таксист, бала күтушісі, жүк көтеруші сынды қызметтерді атқарып жүргендер. Бастапқы да 42500 теңгені алу үшін олар egov.kz порталы арқылы өтінім тастаған болса, артынша жаңа сайт 42500.enbek.kz іске қосылды. Сонымен қатар ұсыныс білдірушілердің қатары артып Telegram әлеуметтік желісі қатарға қосылып, жұртшылық ондағы төтенше жағдайға байланысты жәрдемақы деген қызметке жүгінді.
Өтінім 3 жұмыс күнде қаралады. Келіп түскен өтініштерді бірінші кезекте жергілікті артқарушы органдар тексерсе, екінші күні «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, үшінші күні Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының жұмысшылары сүзгіден өткізеді. Артынша телефонға жәрдемақыны алатыны, алмайтыны жөнінде хабарлама келеді. Осылайша ТЖ байланысты тағайындалған қаражатты алатын-алмайтыныңыз анықталады.
Біле білсеңіз мемлекет басшысының тапсырмасымен бұл төлемді Қазақстанда 3 млн адам алу керектігі көзделген. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, бүгінге дейін 2 млн-ға жуық өтініш келіп түскен. Сол қатарда 42500 теңгені алып үлгерген жұмыссыз Серік Ақмырзада бар. Оның айтуынша жұмыстан тыс қалғанда әлеуметтік төлемнің өз пайдасына асқанын айтады.
– Бастапқы да жәрдемақы тағайындалып жатқанын естіп, дереу толық ақпарат алудың жолын қарастырдым. Egov.kz порталы арқылы өтініш тастаудың жолын іздестіргенмен болмады. Артынша 42500.enbek.kz іске қосылғаны көмек болды. Осылайша 3 жұмыс күні ішінде хабарлама келіп, 2 күннен соң қаражат банк шотыма түсті. Уақытылы түскен қаржы қысылтаяң сәтте көмек болып, біршама шаруаларымды шешіп берді. Үкімет тарапынан бөлінген жәрдемақыны алғандар қатарынан табылғаныма қуаныштымын, – деді.
Абзал ЖОЛТЕРЕК