Азаматтар әлеуметтік төлемді қалай алады?
Бүгінде дүниежүзін дүрбелеңге салған індетпен күрес жүргізіліп жатқанда, түрлі топтағы азаматтарды әлеуметтік қолдау басты назарда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 16 наурызда төтенше жағдайға байланысты «Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Сөйтіп табысынан айырылған адамдарға қолдау көрсетуге тапсырма берді. Төлемдер көлемі ең төменгі еңбекақы мөлшеріне сәйкес 42500 теңгені құрайды. Осындай қаражатты дағдарыс кезінде ең кемі 1,5 млн қазақстандық алады. Бұл жұмыс орындарын сақтауға және өндірістің мәжбүрлі тоқтап қалуы кезінде қызметкерлерді қолдауға көмектеседі.
Сонымен қатар осы жылдың 26 наурызында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрығына сәйкес «Төтенше жағдай кезінде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыру қағидалары» ережесі мен алгоритмі қабылданды. Осыған орай ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі төтенше жағдай кезінде табысынан айырылу жағдайларына байланысты мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жаңа әлеуметтік төлем тағайындалатын азаматтардың тізімін кеңейтіп және оны тағайындау шарттарына өзгерістер енгізді.
– Төтенше жағдай кезінде қызметтің шектелуінен кірісінен айрылуына байланысты әлеуметтік көмек алушыларға түсіндірме жұмыстары күнделікті жүргізіліп тұрады. Қажетті ақпарат әлеуметтік желіге салынып, баспасөз беттеріне төлемге құжат тапсыру заңдылығы берілді. Халықты ақпараттандыру мақсатында мекеме ғимаратының сыртына да нақты мәліметтер ілінді.
Ескере кетейік, орта, шағын және микробизнес субъектілерінің қызметкерлеріне, жеке кәсіпкерлерге, бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер және жеке практикамен айналысатын адамдарға (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор) айына 42500 теңгені құрайтын әлеуметтік төлем тағайындалады. Сонымен бірге бұл санатқа нысаналы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатын адамдар, карантин енгізілген елді мекендердегі ірі бизнес субъектілерінің қызметкерлері мен міндетті зейнетақы жарналарын аударған жеке тұлғалар да кіреді, – дейді аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің жұмыспен қамту секторының меңгерушісі Мереке Табынбаева.
Оның айтуынша, төлем тағайындау үшін әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қажетті қатысу мерзімі қысқартылды. Бұрын төлем тағайындау үшін әлеуметтік сақтандыру жүйесінде соңғы 12 ай ішінде кем дегенде 3 ай қатысу талап етілетін. Енді қызметкердің мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына соңғы 12 айда кемінде 1 рет әлеуметтік аударымдар жасауы, әлеуметтік төлем тағайындау үшін жеткілікті болады.
Ал төтенше жағдай енгізілген күнге дейін 12 ай ішінде жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі жоқ жеке тұлғаларға тағайындалмайды. Өтініш «Электрондық үкімет» веб-порталында «Электрондық өтініш» сервисі арқылы электрондық форматта беріледі. Ол үшін электронды цифрлы қолтаңбаның көмегімен «Еgov-ке», яғни «Электронды үкімет» порталына кіру қажет.
Төлем тек төтенше жағдай кезінде ғана тағайындалады.
Толық мағлұмат алу үшін аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің 26-0-14 немесе 23-2-62 байланыс телефонына хабарласуға болады.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА