Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Құт – қой құлағында

Құт – қой құлағында

Үкімет елімізде шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына барынша жағдай жасап келеді. Жеке бизнесін ашқысы келетіндерге қаржылай қолдау көрсету мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарлама іске қосылып, сәтті жүзеге асырылуда. Оның тиімділігін қаншама азаматтар сезініп үлгерді. Әсіресе көпбалалы аналардың қуанышында шек жоқ.
Әйтеке би кентінің тұрғыны Мереке Серікқызы жұбайы Ғани екеуі төрт баланы тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы. Олар балалардың болашағын қамтамасыз ету үшін мал шаруашылығымен айналысуды жоспарлаған еді. Орайы түсіп, жұмыспен қамту орталығы арқылы аудандағы кәсіпкерлік палатасына бір айлық оқуға қабылданады. Осы уақыт аралығында бірде-бір сабақты жібермей, бизнес тренерлердің үйреткенін бұлжытпай орындады. Соның арқасында мемлекеттің ұсынған көмегін – 505000 теңге қайтарымсыз грантты ұтты. Бұл қаражатқа 17 бас тоқты сатып алған ол мал басын көбейтуді көздеп отыр.
– Қазір еттің бағасы осыдан бес жыл бұрынғымен салыстырғанда біршама қымбаттаған. Бұл көрсеткіш бағамы бұдан әрі көтерілмесе, түсуі неғайбыл. Аталарымыздың күнкөрісі тек мал ұстаумен өткендіктен ет жемей тұра алмайтын халықпыз. Сондықтан төрт түлікке деген сұраныс артпаса, азаймайтыны анық. Сол себепті де қой өсірсең, өнімі көл-көсір болады деген оймен тоқты алуды шештік. Өзімізде азын-аулақ ешкі де бар. Алған тоқтыларымызды ешкілердің жанына сыртқа қосып қойдық. Бала кезде Ғани Қарақұмда әкесіне жылқы бағуға қолғабыс еткен. Таң атқаннан кеш батқанға дейін жал-құйрықтының ізінде жүріп, адал еңбектің берекесін көрген. Алдағы уақытта балаларды да ата кәсіпке баулығымыз келеді, – дейді іскер ана.
Кәсіпкер әйелдің айтуынша, қой – төрт түліктің ішіндегі қазақтың ең сүйіктісі. Өзі майда, өсімтал, момақан, тез ет алып, қонақ кәдеге жарайтын оны ата-бабамыз ерекше қастерлеген. «Қойдың сүті – қорғасын, қойды құртқан оңбасын» дейтін қазақтың шопан ата төлін өсіруге ынта-ықыласы жоғары. Қазақ халқының дастарқан мәзіріне құрметті ас ретінде қолданылатын өнімде пайдалы көмірсу қосындылары мен ақуыз мол.
Сонымен қатар оның етін семіздіктен арылу үшін, әлсіздікке қарсы, босанған әйелдердің денсаулығын жақсарту бағытында пайдаланады. Сойылған жас малдан дайындалған сорпаны науқасқа, іш ауруына ұшырағанда үздіксіз берсе, іштегі жел қайтып, ағзасы сауығады екен. Ал малдың бауырын қаны аз, денесі әлсіз, көру қуаты төмендеген сырқаттарға береді. Кешкілік 100 грамм таза бауырына сарымсақтың екі-үш бөлігін қосып, күніне бір реттен екі апта жегізсе, көздің көруі жақсаратын болады деседі үлкендер.
Мереке Мұратова тағы да мемлекет көмегіне жүгініп, екінші мәрте бағын сынамақшы. Бұл жолы қайтарымсыз грантқа қол жеткізсе, ірі қара малын сатып алуды көздеп отыр. Осылайша кәсібін дамытып, төрт түлікті түлету ойында бар.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
11 сәуір 2020 ж. 846 0

Ынтымағы жарасқан

03 мамыр 2024 ж. 17

Қазақ тілі трендте

03 мамыр 2024 ж. 39

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031