Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарт жауынгердің жүзінші көктемі

Қарт жауынгердің жүзінші көктемі

Отан үшін отқа түссең де күймейсің. Ұлы Отан соғысының от-жалыны өршіп, жау жағадан алғанда ұлан-байтақ жер, қасиетті ел тағдыры жолында жан аямаған алдыңғы толқын асыл ағалар аталған қағиданы берік ұстанды. Кеуделерін азаттық пен бейбітшілікке деген үміт сезімі билеп, ерлік пен өрлікке ұмтылды. Осындай қан кешті майдан жорығын бастан өткеріп, Жеңіс күнін жақындатуға қатысқан Басықара ауылында тұратын қарт жауынгер Пірназар Мырзатайұлы биыл жоны биік жүздің шыңын бағындырып отыр.
Кім-көрінгеннің басына бұйыра бермейтін ғасырлық ғұмырдың дәм-тұзын татқан абыз ақсақал туралы ақжолтай жаңалықты естіген бойда оның отбасына телефон шалдық. Тұтқаны көтерген ұлы, ауылдық клуб қызметкері Әлиден ардақты ардагердің денсаулығы мен жай-жағдайын сұрадық. Үлкен өмірдің соқтықпалы соқпағын көрген қарияны перзенттік қамқорлығына алған ол: «Әкейдің көңіл-хошы жаман емес. Майдан даласында мұз төсеніп, қар жастанғанның салдары шығар соңғы жылдары екі аяғы сыр бере бастады. Сосын үй ішінде арбамен қозғалады. Есте сақтау қабілеті, сөзі бұрынғы қалпында», – деді бізге орнықты жауап қата сөйлеп. Осындай қысқа тілдесуден кейін көп ұзамай майдангердің шаңырағына ат басын бұрып, сұрапыл соғыс сарбазымен бетпе-бет жүздестік. Қазыналы қартты меншікті мерейтойымен құттықтап, оныншы ондық иесінің жан-дүниесіне үңілдік...
Пірназардың кіндік қаны 1920 жылдың маужыраған маусым айында қазіргі Аранды ауылдық округіне қарасты Қожабақы ауылында тамған. Сол кездегі қатарластары сияқты бұл да балалықпен ерте қоштасты. Жасынан ашаршылық пен зорлық-зомбылықтың құйтырқы көріністері көз алдынан көлбеңдей өтті. Талайлардың жазықсыз жапа шеккенін естігенде бойында Кеңес үкіметінің солақай саясатына деген реніш бой көтеретін.
Қабырғасы қайыса жүріп, шаруашылықтың жыл бойғы үзбей атқарылатын маусымдық жұмыстарына араласты. Мал бағып, егін екті. Күзгі жиын-терім науқанында қырмандағы бидайды аудан орталығындағы астық қабылдау орнына талай мәрте арбамен жеткізген күндері де әлі есінде.
Ауыр еңбекте шыңдалып, шынығып ержеткен ол ел шекарасына неміс-фашист басқыншылары тұтқиылдан шабуыл жасаған 1941 жылы жиырма бір жастағы көкөрім жігіт болатын. Барлық қару ұстауға жарамды азаматттар кезегімен Отан қорғау жорығына аттанып жатты. 1942 жылы бұған да аудандық әскери комиссариат арқылы шақыру қағазы келді. Көп ұзамай қызыл вагонға тиеліп, күн батыс бағытқа бет алды. Бірнеше ай әскери дайындықтан өткен соң Сталинград қаласын жау қоршауынан алуға қатысты. Алғашында атқыштар сапында жүріп, 1943 жылы пулеметшілер қатарына қосылды.
Бәкене бойлы, төртпақ жігіт сарбаздар ортасындағы орын алған талай ойранды оқиғалардың куәсі болды. Кейде қоршауда қалып, жүздеген қаруластары көз алдында ажал оғынан шейіт кеткенде жүрегі қанжылап, көкірегін өксік билейтін. Сосын: «Достарым, сендердің рухың мәңгілік!», – деп өзіне-өзі серт етіп, жендеттерге деген өшпенділігі өрши түсетін. Қырағы да батыл пулеметшінің әбжіл қимылына командирлері де ризашылық пейіл танытып, басқаларға үлгі ететін.
Қайсар мінезді жауынгер Сталинградтан кейін Харьков, Минск, Кишинев және Польшаның Варшава, Венгрияның Будапешт, Австрияның Вена қалаларын жау қолынан азат етуде алғы шептен көрінді.
«Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген. Көрер жарығы мен татар талқаны таусылмаған Пірназардың солдаттық етігінің табаны мыңдаған шақырымды шарлай келе, Германия жеріне де тиді. 1945 жылдың 9 мамырында олардың дивизиясы немістің ірі қаласының бірі – Милькті басып алып, жеңіс туын желбіретті.
Фашистер тізе бүгіп, жеңіліс тапса да Пірназардың жауынгерлік жолы тағы да жалғасты. Ол Германияда әскери комендатурада, сонымен бірге Чехославакия шекарасындағы Гмонда қаласында әскери қызметін мінсіз атқарды. Сөйтіп туған жермен 1946 жылдың жадыраған жаз айында ғана сағынышпен қауышты. Сыртта жүргенде аяулы аңсарына айналған қасиетті мекеннің топырағына тәу етіп, мауқын басты.
Ержүрек жауынгер соғыс даласындағы қиян-кесті шайқастағы батылдығы үшін «Қызыл жұлдыз» ордені, «Германияны жеңгені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» медальдарын кеудесіне тақты.
Төрт жыл бойы жан беріп, жан алыса қорғаған байтақ елдің береке-бірлігін нығайту – ортақ міндет. Бұл жағдайға байсалдылықпен терең түсіністік білдіре қараған Пірназар халық шаруашылығын қалпына келтірудің кезек күткен қауырт тірлігіне белбуа кірісті. Жданов, Социализм колхоздарында ферма есепшісі тізгінін қолға алды. 1952 жылдары «Ұялы» балық зауытында еңбек етті. Арал теңізі тартыла бастағанда Басықара елдімекеніне көшіп келіп, №16, №86 механикаландырылған колонна құрамында болып, түрлі жаңадан салынған үйлер мен ғимараттарда өз қолтаңбасын қалдырды. Бейбіт замандағы еңбек додасының алғы шебінен табылып, тиісті басшылық тарапынан бірнеше мәрте алғыс, мақтау қағаздарын алды. Суреті «Құрмет тақтасынан» орын алып, әріптестеріне үлгі етілді. Жастарға ақылшы-ұстаздық жасап, абырой биігінен көріне жүріп, зейнеткерлік демалысына шықты.
Отбасында құдай қосқан қосағы Хадишамен ерлі-зайыптылық тұрмысын тату-тәтті өткізді. Екеуі он бала тәрбиелеп өсіріп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Бүгінде барлығы да ибалық пен инабаттылықты берік сақтап, ұрпақтар сабақтастығын үлгілі жалғастыруда. Ата-ана сенімін ақтап, егемен ел дамуына лайықты үлестерін қосып жүр.
Жарасымды әңгіме үстінде соғыс және еңбек ардагері Пірназар Мырзатайұлына:
– Артық айтсақ кешірім сұраймыз. Сіздің осыншама жасқа жетуіңіздің сыры неде? – деген сауалымызды қойдық. Сонда алдымен аз-кем ойланып алған қарт жауынгер:
– Мұны маған Алланың берген бақыты деп бағалаймын. Сосын ескертерім, әрбір адам өзін жасынан жақсылыққа дағдыландыруы қажет. Үнемі жан-жүрегін таза ұстап, ерінбей тер төге еңбек көрігінде шыңдалудан қашпауды естен шығармаған дұрыс. Біз бала күнімізден толассыз қимыл үстінде ширап-ширығып өстік. Оның үстіне дене шынықтыру жаттығуларын жасауды ес білгелі жаныма серік етіп келемін. Жалпы кім-кімде тұрмысқа жат әдеттерге жақындамай, салауаттылыққа жақын жүрсе оның денсаулығы да мықты болады, – деді.
Көкейімізге келген екінші сұрақты да ірікпей:
– Көке, болашақтың иесі – бүгінгі жас ұрпақ. Соларға қандай аталық тілегіңізді арнайсыз, ­– дедік. Жүзінен жылылық, көзінен мейірім шуағы төгілген қария:
– Менің замандастарымның балалық, жастық шағы қиын-қыстау жылдармен қабаттаса жылжып, еріксіз уақытынан бұрын есейдік. Ондай атынан ат үркетін зұлматты жылдар енді қайтып келмесін.
Бұрынғы ата-бабалардың ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздік таңы шапағын шашқалы бері жұрт еңсесі көтеріліп, әлеуметтік-экономикалық даму үдерісі үдей түсті. Талапты жас өскіндердің ғылым мен білім жолында еркін қанат жаюына барлық мүмкіндік жасалып отыр. Қазіргі жастарға айтарым, қасиетті Қазақстанның өсіп-өркендеуіне аянбай атсалысыңдар. Аталардың найзаның ұшы, білектің күшімен қорғаған жазиралы жалпақ өлкені көздің қарашығындай сақтап, еркіндік туын асқақ ұстауға күш салыңдар. Елімізге амандық, жұртымызға тыныштық берсін. Бейбітшілік мәңгі жасасын! – деп жүрек түкпіріндегі ақжарма лебізін ақтарыла жеткізді.
Лайым, жүзінші көктемін қарсы алған ардақты ақсақалдың ақ ниеті баршаңызға жұғысты болғай!
Сахи ҚАПАР,
Басықара ауылы
17 наурыз 2020 ж. 522 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 102

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930