Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Алаңдар саны арттырылса...

Алаңдар саны арттырылса...

Өркениет деп алашапқын боламыз. Болашағымыз – бала тәрбиесіне де бейжайлық таныта алмайтынымыз тағы бар. Дегенмен іс пен сөздің арасындағы алшақтықты жоя алмай келеміз. Дамыған 30 елдің қатарына кіруді міндет еттік. Бірақ...
Еуропа елдеріне еліктеп, тың тәжірибиелерді өз елімізге реформалап әуре боламыз. Алайда әлі күнге дейін аудандағы кейбір жерлерде спорт, ойын алаңдары жетіспейді. Жарық дүние есігін ашқан әрбір бала қимыл арқылы жетіледі. Ой-өрісі мен ойлау қабілетін дамытатын, қиялына қанат бітіретін қызықты сәттер бүлдіршіндерге кішкентай кезінен бастап қоғаммен араласуды үйретеді және татулыққа тәрбиелейді. Қоғаммен байланыс орнату, қоршаған ортамен тіл табысу балалық шақтан басталатынын ескерсек, балалардың ойын ауласын көптеп ашу жолға түсуі тиіс.
Бұл мәселені атқарушы билік білмейді емес, біледі. Себебі аудан басшысы жұртшылық алдында осы жайды тілге тиек етіп, алдағы уақытта қолға алатынын жеткізген болатын.
Жергілікті жерде бүлдіршіндер мен жасөспірімдерге арналған алаң мүлдем жоқ деп айта алмаймыз. Дегенмен солардың санын арттырып, тек орталықтан ғана емес, теміржолдың арғы бетінен де ашуды қолға алса, өскіндер қуанышына сеп болар еді.
Бұл жайды билік басындағылар ара-тұра ойлап, кейде ұмыт қалдыратын секілді. Тіпті Елбасының «Жаңа онжылдық – жаңа өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында 2020 жылы бұқаралық спортпен шұғылданушыларды 30 пайызға жеткізу керек деген тапсырмасы дәл осы спорт алаңдары мен ойын аулаларына қатысы жоқтай көрінеді. Оған қоса 5 кварталда аудан намысын көтеріп жүрген ұл-қыздардың бар екенін естен шығармағанымыз жөн.
Бала бос уақытында ойын ауласына бармаса, жаттығу алаңын көрмесе, оның ойы мен дене мүшесі қалай дамиды? Шалғай ауылдағы балалардың жай-күйін былай қойғанда, аудан ішінде ойын мен спорттық аулалардың тапшылығы жұртшылықты алаңдатпай қоймайды. Өйткені арнайы орынның болмауынан көше кезіп ойнаған бүлдіршіннің бір нәрсеге ұрынбасына кім кепіл?! Ата-ана балаға сыртқа шықпауды бұйырса да, ойын құмар бөбектер далада жүруге ынталы. Осы ретте 5 квартал тұрғыны Сәуле Жәлімбетова:
– Ертеректе мұндай дүниелер болған жоқ. Қазір балалардың жағдайын жасау үшін барлығы жеткілікті. Оларды салып беру биліктін қолынан келмейді деп айта алмаймын. Қаражат та жоқ емес. Бастауыш сыныпта үш немерем бар. Қысы-жазы үй ауласында ойнайды, қолдан істелген алаңда жаттығады. Жыл сайын халық саны артып келе жатқан ауданда ойын мен спорт ауласы көптеп ашылып, бүлінбеуін бақылауда ұстаса, – деді.
Айтса айтқандай бұл ескерерлік жағдай екені сөзсіз.
Абзал ЖОЛТЕРЕК
29 ақпан 2020 ж. 680 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930