Батут аударылды
Қазақстанның Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Зағипа Балиева жел ұшырған батутта балалардың зардап шегуі оқиғасына қатысты пікір білдірді.
«Жауапкершілік батут иелерінің мойнында. Олар арнайы ережені сақтау керек еді. Тексеру болады. Мен Астана әкімдігіне, ТЖД-ға хат дайындап жатырмын. Біз ойын алаңдары мен автоматтарын орналастыру ережелері мен талаптарын орындауы бойы бірлескен тексеру жүргіземіз. Біз еліміздің барлық аумағында тексеру жүргізуге бастамашылық етпекпіз», - деп хабарлады З.Балиева ҚазАқпарат тілшісіне.
Оның айтуынша, ойын аттракциондарын орнату кезінде өңірдің климаттық жағдайын міндетті түрде есепке алу керек.
«Бұл бәрімізге сабақ болды, әр елді мекеннің табиғи жағдайы ескерілу керек. Астанада жиі жел тұрады, сондықтан батутты орнату кезінде осыны назарға алу қажет. Оның иелері де ойын автоматтары мен алаңдарды орнату кезінде ең алдымен балалардың қауіпсіздігін есепке алулары тиіс», - деп атап өтті ол.
Сонымен қатар, З.Бәлиева мұндай жағдайда барлығы, соның ішінде ауа райының қолайсыздығы туралы білмеген ата-аналар да жауапты екендігін атап өтті.
«Барлығы абай болуы керек: иелері де, ата-аналар да, бүкіл қоғам да. Жел соғатыны туралы барлығы білді. Ата-аналар батутты мықтап бекіткендігіне үміттенген. Олар, өз кезегінде барлық жағдайды есепке алған жоқ. Олар ауа райы туралы ақпарат алған кезде батуттың бекітілгендігіне тағы бір рет зер салулары тиіс еді», - деді ол.
Еске салайық, «Жаннұр» сауда орталығының аумағында балалар ойнап жүрген батутты жел ұшырып жіберген. ҚР ІІМ ТЖК дерегі бойынша, батут бекітілген жерден 20 метрге дейін ұшып кеткен. Соның салдарынан бес бала түрлі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. №2 қалалық балалара ауруханасы дәрігерлерінің айтуынша, төрт бала ауыр хәлде жатыр
«Қамшы» сілтейді