Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ешбір құнар алмастырмас нәрлі ас

Ешбір құнар алмастырмас нәрлі ас

«Балам қосымша тамақ бергелі салмақ жинап, жақсы болып қалды. Оның да, өзімнің де ұйқым тыныш», – деді нәрестені қырқынан шығаруға барған үйдің келіншегі. Туғаннан сүт алмастырғыш аспен ауқаттанып жүрген нәрестені қосымша сұйықтыққа икемдеген анасының амалын көріп, үнсіз қалдым. Бала асқазанына ауыр тимес пе екен, әлде пайдасы бар ма? Күні бойы осы ой маза бермей, тақырып аясындағы ізденісімді бастауға түрткі ­болды.

Ана сүті, біздің ұғымымызда, қандай құнар да алмастыра алмайтын нәрлі, қастерлі ас. Табиғаттың өзі жас сәбидің өсіп-жетілу, тамақ жеуге икемделген шағына дейін жеткілікті ететін оның құдіреті неде? Бала күнімізде бір, кейде екі жасқа дейін осы ана бойындағы сүттен өзгені кішкентайлар қажет етпейтін. Қазір ше? Жарнамасы көз сүріндіретін ұнтақ, езбе, сұйықтық дейсіз бе, қалауыңыз қалтаңызға қарай табылады. Таңдаңыз да ала беріңіз. Ал өзіміз пайдалыға пайымдап жүрген олардың жас ағзаға берері бар ма? Оны түбегейлі жоққа шығаруға да болмас. Аналардың дұрыс тамақтанбауы мен денсаулығындағы кінәрат кесірінен шақалаққа қажетті мөлшерде исінуге қауқарсыздығын көргенде, тамақтанудың аталған түрі тиімді ме дейсің.
Бұл туралы маман пікіріне ден қоюды жөн санадық.
«Дұрыс көтерілген мәселе. Ғылым қанша дамып, жетілгенімен, ана сүтін әлемде айырбастай алатын тағамның болуы мүмкін емес. Құрамындағы қорғаныш ақуыздары жұқпалы вирустар мен бактерияларға тікелей соққы беруге қауқарлы. Ол «пайдалы» бактериялардың өсуі үшін ағзада қалыпты өмір сүру «жағдайын» жасап, сәби иммунитетін жұқпалы ауруларға қарсы күшейтетін иммундық қорғаныш болады.
Қалыпты температурада тұратындықтан әлі толық дамып үлгермеген сезімтал сәби үшін сіңімді. Бір ғана мысал, сүт құрамындағы «омега-3» деп аталатын майлы қышқыл адамның миы мен көз торының құрамдас элементтері болып табылады. Жаңа туған сәбидің дұрыс қалыптасуы үшін бұл элементтің маңызы аса зор.
Сондықтан педиатр маман ретінде баланы мүмкіндігінше екі жасқа дейін үздіксіз емізуді, ал алты айға дейін тек ана сүтімен қоректендіруді ұсынамыз. Бұл кішкентайды шетінеуден сақтап, жетілуімен бірге, ананың да денсаулығының дұрысталуына көп көмегін тигізеді», – дейді Шара Кәрібайқызы.
Мәселеге байланысты төрт баланың анасының да айтары бар.
– Үшінші нәрестем дүние есігін ашқанда бойымнан созылмалы ауру белгілері анықталып, ұлыма жақындауға дәрігерлер тыйым салды. Шарана да шала туылды. Кейін, Аллаға шүкір, ауруымнан айықтым. Кішкентайымды қайын енем бағып-қағып, жетілдірді. Ешкі сүтін, қосымша тамақ беріп, қатарға қосты. Алайда өзінен үлкен, кіші бауырларына қарағанда, үшінші ұлымның әлсіздігін аңғарамын. Кеш ойланады. Тез шаршайды. Аурушаң. Ойынға, жаңа дүниеге деген қызығушылығы да бәсең. Емдеу орындарына апарғанымда, айтарлықтай ауруы жоқтығын айтып, қосымша дәрілер берумен шектеледі. Арнайы мамандар мен орталықтарда да болдық. Бірақ онымыз нәтиже бермеді. Кейде осының барлығы ана сүтімен қоректенбегеннен болар деген ойда қаламын. Барлық қыз-келіншектерге осыны үнемі айтып жүремін, – дейді Жанымкүл Дәукенова.
– Қазақта «уызына жарымаған» деген сөзді жаман мағынада қолданады. Тура мәнінде де оның маңызы зор. Менің келінім бар. Немерелерім туа сала 2-3 ай ауыздандыра ма, жоқ па, дәріханадағы қағаз қорапта тұратын ұнтақты суға былғап береді де, 5-6 айлығында жұмысқа қосылып кетеді. Қарнын қабақтай қылып жатқан быламықтың ішінде не барын құдай білсін. Тіпті кіші қызын: «Менен сүт шықпайды. Жарытпаймын», – деп мүлде қасына жақындатпай қойды. Зейнетақы бар, күйеуі жұмыс істейді. «Қарағым, сенің айлық-табысыңа қарап отырған ешкім жоқ. Ең болмаса бір жылға дейін балапандардың жанында болсайшы, бағудан қашпаймын. Бала емес пе, анасын іздейді. Емгісі келеді», – десем құлақ аспайды.
Маржаным үш бала босанды. Тіл-көзім тасқа, бәрінің орны мен үшін бөлек. Бірақ олар дүниеге келгелі бері аурухана мен үйдің арасы біз үшін жол болды. Әрқайсысының бастарында нешелеген науқас түрі бар. Келін де тапқан-таянғанын соларға дәрі-дәрмекке берумен келеді. Кейде аяйсың. Бәрін емізбегеннен көремін. Егер тым құрыса, жасқа толғанша бойындағы сүтпен тамақтандырса, аурулары азаяр ма еді? – дейді аты-жөнін атамауды өтінген кейуана.
Ана сүті – құрамы толық зерттеліп бітпеген, әлем ғалымдары назарын аударып отырған жаңалыққа толы таңғажайып дүние.
Бристоль университетінің дәрігерлері адамның болашақ өміріне пайдасын зерттегенде сәби шағында оны тұтынғандардың қан қысымы және жүрек-қан тамыр ауруларына өте аз шалдыққандарын анықтаса, АҚШ-тағы Кентукки университетінің профессоры Джеймс Андерсон ана сүтін емген барлық балалардың интеллект коэфициенті (IQ) еміздікпен сүт ішкен балаларға қарағанда жоғары екенін анықтаған. Швециялық иммунолог дәрігер Катарина Свенборг оның ракқа қарсы сиқырлы қару екендігін дәлелдеген мамандардың бірі.
Осыдан аз уақыт бұрын ана сүтінің тағы бір тамаша қасиеті ашылды. Сәби дені сау болып өсуі және интеллектуалдық жағынан дұрыс дамуы үшін толық екі жыл тұрақты емуі тиіс екенін қазіргі заманғы ғылым ұсынса, бұл жаңалық «Құранда» айтылған екен. Қасиетті кітаптың «Бақара» сүресіндегі: «Ана баланың емгендегі уақытын толық сақтағысы келсе – оның мерзімі толық екі жыл», – деген жолдар тәнті етеді.
Ана өз денесінде сүттің қалай өндіріліп жатқанын және неден тұратынын да білмейді. Бір қызығы, нәрестенің өсу мерзіміне қарай өзінің құрамын өзгертіп отыратын нәрдің құнарлылығы мен қоректік заттарының үйлесімі баланың уақытында немесе мерзімінен бұрын туғанына байланысты да түрленетін көрінеді.
Бірде құлағы естімей қалған көрші қыз баланың әйел сүті арқылы ауруынан айыққанын көргенімде, «Оны үлкен адамдарға да пайдалануға болады екен-ау» деп таң-тамаша күйге ендім. Расында, ересектерге емдік мақсатта қолдануға болатын көрінеді. Алайда алдын-ала дәрігердің пікіріне ден қойған орынды.
Деректер жәндік шағып алғанда жарақатты омырау сүтімен сүрту арқылы айналасын зақымдамаудан сақтайтынын жазса, сүттің бұл түрі ісікті басу үшін де таптырмас емге баланады. Ел арасында ана сүті көз ауруы кезінде, беттегі түрлі дақты кетіру үшін, мұрын бітелгенде, қан тоқтату, инфекциядан емдеу мақсатында да қолданылады. Тамақ салқындағанда сүтпен шайқау, тіс ауырғанда компресс жасау тиімділігін көрсеткен.
Мақаланы жазу барысында бірнеше замандасымның пікірін сұрап, көңіл көншітер жауап ала алмадым. Бір тобы перзенттерін қайта құрсақ көтермеу үшін ғана емізетінін ашып айтса, келесілері мүсіні бұзылатынын, ұзақ сүтпен нәрлендіру қызметтен қол үзіп, қоғамнан жырақтауға әкелетінін жеткізді. Қалай дегенде әркімнің ұстанымы өзіне дұрыс. Осы орайда сайын сақараның сыйы – киіктердің аналығы жолда кездескен кез келген құралайды емізе беретін қасиеті ойыңа оралады. «Сонда құрсақты жарып шыққан «бір бөлшегімізге» жануар құрлы жақындық та бойымызда болмағаны ма?» деп налисың да, туған анасы бауырлап, уызымен иімеген ұрпақтың ертеңін елестетудің өзінен қауіптенеді екенсің...

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
25 ақпан 2020 ж. 775 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930