Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Кітап оқудың тиімді тәсілдері

Кітап оқудың тиімді тәсілдері

Кітап жанашырлары “Заман ағымына сай оқырмандар саны азайып бара жатыр” деп дабыл қаққса да соншалықты алаңдайтындай дәрежеге келген жоқпыз. Өйткені басқа салалармен салыстырғанда технологияның дамып кеткеніне қарамастан “қағаз кеміргіштердің” саны өсім алмаса, кеміп жатқаны шамалы. Елдегі оқырман санының артуын бизнес-тренингтер мен олар жарыққа әкелген кітаптармен байланыстырған жөн. Сол сияқты қазақ тілді психологиялық туындылар көпшіліктің қызығушылығын тудырып, кітап оқуына түрткі болып отыр. Оның оқырман ойына қонымды болуы үшін не нәрсені ескеру қажет?

Алдымен қолға кітап алған адам одан не алғысы келетінін түсінуі шарт. Егер білім көкжиегін кеңейтуді мақсат етсек мәтінде қолданылған сөздер мен оның мағынасына, есте сақталған сөзді қай кезде қолдану керектігіне ерекше мән беру қажет. Ал жан рақаты үшін оқығыңыз келсе, кітаптың мазмұнын шолып, өзіңіз ұнататын жанрға сәйкес келетін немесе келмейтініне мән беріңіз.
Бүкіл өмірін кітап оқумен байланыстырған жандар есте сақтау қабілетін арттыру үшін белсенді түрде оқу амалын ұсынады. Яғни кітап оқу барысында өзекті мәселені кезіктіргенде астын сызып, пікір қалдырып отырған дұрыс. Бұл осындай жағдаймен бетпе-бет жолыққанда жедел еске түсіруге, ойдың жинақы болуына көп көмегін тигізеді.

Бұдан бөлек белгілі бір мамандыққа байланысты немесе термин сөздер көп кездесетін кітап оқу алдында жаныңызға сөздіктер жиынтығын алған артықтық етпейді. Жете түсінуді мақсат етсеңіз термин жайында күнделікке ұғынымды етіп түртіп алу қажет. Кәсіби сөзді келешекте қолдануды ойға алсаңыз терминді пайдаланып, бірнеше сөйлем құрастырып көріңіз.
Адам өміріндегі қымбат субъектілердің бірі – уақыт. Мағынасыз кітап оқып, мезгілді босқа жіберу дұрыс емес. Сондықтан кітапқұмарлар арасында 50 бет деп аталатын ереже жұмыс істейді. Егер жаңа туындының 50 бетін оқып бітіргенде ондағы жайт сіздің қызығушылығыңызды оятпаса, оны төңкеріп жаба салған мақұл. Күніне ондаған кітап жарық көріп тұрған заманда не жан рақатын, болмаса сананы серпілтпейтін дүниеге босқа уақыт жоғалтуды ешкім құптай қоймас.

Қолға алған туындыны айлап оқитындар мен күн сайын бір кітапты оңай тауысатын оқырмандар да бар. Бұл әдістер айтарлықтай тиімді деу қиын. Өйткені ұзақ оқитындар ойын шашыратып алады, тез оқығыштар 2-3 сағаттан кейін не оқып отырғанын түсінбей қалуы мүмкін. Бұндай қателіктер жібергенше оны оқымаған дұрыс сияқты көрінеді. Сондықтан білгіштер күніне бір сағат, болмаса 30 беттен асырып оқуға кеңес береді. Аптасына 1 кітап тауыссаңыз, жылына 60 туындымен танысып шығасыз. Бұл да жаман көрсеткіш емес.
Қазіргі таңда қағаз кітаптан гөрі, оның электронды нұсқасына қолжетімділік жоғары. Жаңадан шыққан танымал бестселлерді өз ауылыңнан табу да, алдыру да қиындық келтіреді. Кітапты парақтап отырып оқу жағымды болғанымен оның бірнешеуін өзіңмен бірге алып жүру де мұң. Сондықтан оқырманға электронды рейдер сатып алған артық болмайды. Технологияның дамығаны соншалық, бұны көзіңіз қарапайым кітап сияқты көреді. Әсіресе жарық беру функциясы жоқ планшеттер көзге салмақ салмайды.

Осы тұста электронды рейдерді бірнеше пән кітабын жастанып оқитын, оны әрі-бері таситын мектеп оқушыларына үлестірсе, ұтымды боларын айта кетсек артық етпейді. Соңғы уақытта ата-аналар бала сөмкесінің ауырлығына шағымдануда. Белгілі бір сыныптың бағдарламасын планшетке енгізіп, бала қолына ұстатса, бұл мәселе толығымен шешілер еді. Онымен қоса, электронды рейдер жаңашыл оқушының қызығушылығын оятары анық.

Адамзаттың ойлау, есте сақтау қабілетінің дамуы өзін жетілдіріп отырумен тікелей байланысты екені белгілі. Бұл үшін кітап әрқашан көмек қолын созады. Тек оқырмандар оны тиімді оқудың әдісін ескермей жатады. Пайда әкелмеген кітапқа жұмсалған қаржы да, уақыт та мақсатсыз кеткенмен тең. Сондықтан сырлас “досқа” зер салғанда айтылған ереже-тәсілдерді ойға оралтуды ұмытпасаңыз ұтарыңыз көп болмақ.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ

08 ақпан 2020 ж. 1 296 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 112

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930