Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » «Аяған көпірі» атауының сыры

«Аяған көпірі» атауының сыры

Біз туып-өскен Бекарыстан би
ауылы аудандағы іргелі қоныстардың бірінен саналады. Аталған елді мекеннің оңтүстік шығыс бетіндегі “Ішкі арықтағы” (бұрынғы “Бозарық”) өткел бала кезімізде «Аяған көпірі» делінетін. Бір қуанарлық жайт, сол ескі атау әлі күнге мәнін жоймай бүгінге ұмытылмай жетіп отыр.
Көпірге есімі беріліп, ел жадында сақталған Аяған деген кім? Бұл жөнінде көпті көрген көнекөз, алдыңғы толқын ағалардың біразы білсе де, кейінгі жастардың мүдіріп, не уәж айтарын таппай абдырап қалуы әбден мүмкін. Сондықтан да осы мәселеге арнайы тоқталып, аз-кем әңгіме қозғағанымыз дұрыс болар.
Қазалы ауданының Аранды ауылдық кеңесінде кіндік қаны тамып, №24 орта мектебін аяқтаған Аяған да қатарластары секілді қысталаң шақтың қиындығын бастан кешкен. Он сегіз жасқа тола қоймаған бозбала жігіт 1943 жылы Ұлы Отан соғысына алынып, от-жалынның ортасына түседі. Қиыр Шығыстағы Забайкалье майданындағы шайқастарға қатысып, жауынгерлік жорық үстіндегі ауыртпалыққа қасқая қарсы тұрған. Сарбаздық антынан айнымай, қасарысқан жауды ініне тығып, туған жер төсіне 1948 жылы оралған.
Бес жыл бойы әскери өмірде шыңдалып, шираған майдангер бейбіт күннің қауырт тірлігіне де бел буа араласады. Соғыстан кейінгі ауыл шаруашылығын қалпына келтіру міндетінің алғы шебінен көрінуді мақсат етіп, алғашында Жданов атындағы колхозда есепшілік мамандықтың тізгінін ұстайды. Ұйымдастырушылық қабілетімен көзге көрінген ол көп ұзамай түрлі қызметтік сатыларға ретімен көтеріледі. Жданов, Карл Маркс, Октябрь колхоздарында басқарма төрағасының орынбасары, Майдакөл ауылдық кеңесінің төрағасы, Карл Маркс атындағы совхоздың “Қызылқұмадағы” қой фермасының меңгерушісі, совхоз директорының орынбасары болып, агроөнеркәсіп саласын өркендетуге белсене атсалысады.
Бұдан кейін Қазалы қалалық коммуналдық шаруашылық мекемесіне, аудандық атқару комитетінің азаматтық қорғаныс бөліміне, облыстық тұтынушылар қоғамына қарасты аудандық құрылыс-монтаж басқармасына, Қазалы ауданаралық отын базасына басшылық еткен.
Соғыс және еңбек ардагері Аяған Ділжанов жоғарыдағыдай лауазым тұтқасын ұстаған жылдары жауапкершілік пен еңбекқорлықты бойына серік етіп, адамгершілік қасиетті айрықша ардақ тұтқан. Жұмыстастарымен тонның ішкі бауындай қойын-қолтық араласып, ортақ шаруа үстіндегі түйткілді мәселелерді ақылдаса шешуге күш салады. Соның арқасында қайсы бір қолға алған шаруасы да оңғарылып, тасы өрге домалайды. Көптің құрметіне бөленіп, бірнеше рет ауылдық, аудандық кеңестерге депутаттыққа сайланады. Сонымен бірге талай мәрте аудандық партия конференциясына делегат болып қатысқан. Қажырлы еңбегінің өтеуіне сай омырауына “Ұлы Отан соғысы” ордені мен көптеген медаль тағады.
1925 жылдың 25 қыркүйегінде дүниеге келіп, ел мүддесі үшін еселі еңбек еткен атпал азамат 1986 жылдың ақпан айында өмірден озған. Оның мүрдесі Аранды ауылдық кеңесіне қарасты “Үсеннің сары төбесіндегі” қорымға қойылған.
Көпірге аты телінген жайсаң жанның өмір жолы жайлы бірқатар деректерге қанықтық. Енді өткелдің салыну жағдайына тоқталалық. Бұған
байланысты біршама зерттеу-зерделеу жұмысын жүргіздік. Бірнеше адаммен тілдесіп, шығу тарихына қанықтық. Бұл орайда ауыл шаруалығы саласының ардагері Бағзалбай Қалышевтың пікірі көңілге қонып, оқиғаны көз алдымызда әкелгендей әсерге бөледі
– Ұмытпасам, 1957 жылдың іші. Сол кездері қазіргі Ү.Түктібаев ауылы Карл Маркс атындағы колхоз аталатын. Немере ағам Қайып Тәжімбетов сиыр фермасында бақташы болса, мен көмекшісі едім. Колхоз басқармасы төрағасының орынбасары Аяған Ділжанов бізге басшылық ететін.
Жазғы жайлауда шаруашылықтың сауын сиыр табыны “Ішкі арық” каналының оңтүстік жағасына орналасты. Ал сүт қабылдайтын бөлімше көршілес Октябрь колхозында, яғни аталған арықтың солтүстік бетінде орын тепкен. Күн сайынғы өндірілген сүтті межеленген жерге жеткізу үшін жүргізушілер айналма жолды пайдаланатын.
Сиыршы-сауыншылар мен жұмысшылардың басындағы қиындықты еңсеруді ойлаған Аяған екі ауыл арасындағы арыққа жуан ағаш бөренені байланыс­тыру арқылы көпір салғызды. Соның арқасында жол қатынасы жақындады. Бұл уақытты үнемдеп, еңбек ырғағының артуына көп көмегін тигізді. Жұртшылық Айекеңнің қиыннан қиыстырған қарекетін жоғары бағалап, оны лезде «Аяған көпірі» атандырды, – деді ол.
Бұдан бөлек Өркен Ақжігітов, Жауғашты Сұлтанов, Мәлкаждар Дүйсенов, Ібайдулла Сүлейменов, Елбосын Садықовтар да көне өткелдің Аяған ақсақалмен тығыз байланысы барын мақтанышпен тілге тиек етті.
Жетісу өңірінің Есік қаласында тұратын Айекеңнің ұрпағы Бахыт Тілепов бізбен тілдескенінде: “Ер еңбегі ескерусіз қалмайды екен. 2016 жылы Ақжона, Алға, Майдакөл ауылдық округтеріндегі ардагерлер кеңесі ұйымы “Ішкі арықтағы” көпірге Аяған Ділжанов есімін беру туралы тиісті орындарға ұсыныс білдірді. Тұрғындар өтініші облыстық ономастикалық комиссияның 2017 жылғы 12 қазандағы мәжілісінде қолдау тауып, көпір атауы заң аясында бекітілді. Өткен жылы оған бюджеттен қаржы бөлініп, жөндеу-жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Болашақта ағайын-туыстар ұйымдасып, көпірдің басына ескерткіш-белгі қойып, әкеміздің рухына ас беруді жоспарлап қойдық”, – деген пікірін ашық айтты.
Дана халқымызда құдық қазған, көпір салған, тал еккен үлкен сауап деген ұғым қалыптасқан. Олай болса мезгілінде елдің қамын көксеп, тер төккен абзал ағаның ізгілікті ісі халықтың есінде мәңгілік сақтала береріне күмән жоқ. Мәртебесі биік соғыс және еңбек ардагері мен оның соқтырған көпірінің сыры осындай.
Сахи ҚАПАР,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
25 қаңтар 2020 ж. 1 116 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 76

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930