Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өңірдің жасампаз өмір шежіресі

Өңірдің жасампаз өмір шежіресі

Екінші дүниежүзілік соғыс­тың отты жылдарында майдан шебіндегі жауынгерлердің ерлігін елге жеткізген және сол майданға елдегі жұрт жан аямай қолдау көрсеткенде көкі­регіне сенім ұялатып, рухани де­меушісі болған да – осы басылымдар. Бір сөзбен айтқанда, кешегі мен бүгінгінің бейнесі қатар өрілетін, өзіндік ой-пікірі бар газеттер ел еркіндігінің, ын­тымағының, әрбір жарқын жа­ңалықтың жаршысына айналды.

Аймақ басшысы аталған га­зеттердің Елбасы мен Мемлекет басшысы бастамашысы са­налатын бағдарламаларды, мем­лекеттік тапсырыс аясында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты барлық са­ладағы іс-шараларды бұқара ара­сында насихаттауда алған биі­гінен аласармайтынына сенім біл­дірді.

Бір өзеннің қос саласындай қатар өрілген басылымдар 2010 жылы «Сыр медиа» серіктестігіне бірікті. Медиа­бір­лестік 2013 жылдың соңында жаңа ғимаратқа көшіп, 2014 жылдың қаңтар айынан бастап қалалық, аудандық ресми басылымдар осы құрылымға қосыл­ды. Содан бері редакциялардың қар­жылық, материалдық-тех­ни­ка­лық әлеуеті күшейді. Бүгінде «Сыр медиа» – газеттерді жаздыру, басу, тарату қызметін қа­тар жүргізіп отырған рес­пуб­ликадағы бірден-бір іргелі ұжым. Бұл – мемлекеттік-ақпараттық саясаттың тиімділігін арттыру бағытында қолға алынған бас­таманың жемісі.

– Олай болса, серіктестік құ­рамындағы тоқсан жылдық бе­леске шыққан «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттері әркез жақсы­лық­тың жаршысы, елдік намыс қамшысы болғай! Бүгінге дейінгі жетістіктерімізді сақтап, оны баянды етуде, бірлік пен тыныштығымызды сақтауда сіз­дердің қызметтеріңіз ерекше маңызды. Облыс басшылығы мен Сыр жұртшылығы атынан отбасыларыңызға бақ-береке, еңбектеріңізге шығармашылық табыс тілеймін, – деді аймақ басшысы.

Одан кейін облыс әкімі Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың шығармашылық ұжымға жолдаған құттықтау хатын оқып, сала өкілдерін марапаттады. «Сыр бойы» газетінің бөлім меңгерушісі Жолдасбек Ақсақалов облыстың Құрмет грамотасын, дизайнер Гүлмира Өтешова және тілші Айсәуле Қарапаева облыс әкімінің алғыс хатын иеленді. Сондай-ақ, «Сыр медиа» серіктестігіне қызметтік автокөліктің кілтін тапсырды.

Әріптестер қуанышын бө­лісуге келген Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, Қазақстан Президенті баспасөз қызметінің сектор меңгерушісі Ержан Байтілес, «Ақтөбе Медиа» ЖШС бас директоры, Қа­зақстан Журналистер одағы Ақтө­бе облыстық филиалының төр­ағасы Раукен Отыншин игі тілектерін жеткізді. Белгілі жур­налист Ержан Байтілес Ақ­парат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев пен Пре­зиденттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің құттықтау хат­тарын оқып берді. Жиын барысында «Қазақстанның Құр­метті журналисі» атағы сала ардагерлері Қайырбек Мырзахметов пен Тимур Қасымовқа берілді.

Басқосуда ғасырға жуық уақыт­тың керуен көшінде ел­дің сөзін сөйлеп, билік пен ха­лық арасында дәнекер болған аға басылымдардың өткені мен бүгіні, болашақ бағдары төңі­регінде тың деректер, тұшымды тұжырымдар айтылды.

Бұқаралық ақпарат құрал­да­рының қоғам алдындағы міндеті де, жауапкершілігі де жоғары. Газеттің әрбір сөзі, сөйлемі оқырман жанына жайлы тиіп, сезіміне әсер ететін, материалдары әсерлі, тұшымды болғанда ғана аудитория ақпаратқа құлақ асады. Облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов «Сыр бойы» мен «Кызылординские вести» газеттері осындай талаптар өресінен шыға білген Сыр өңірінің тынысы һәм үні екенін жеткізді.

– «Сыр бойы» небір соқ­тықпалы-соқпақты ке­зеңнен өтті. Бұған тарих куә. Тота­ли­тар­лық жүйенің тоқпағы­нан құ­тылған, сытылған ақпарат құралы жоқ. Газет атауы 1932 жылдың қаңтарында «Ленин туы» деп өзгертілді. 1938 жылы облыс құрылғаннан кейін басылым облыстық «Ленин жолы» газеті деп аталды. Ал 1991 жыл­дың қыркүйегінен бастап «Сыр бойы» деген алғашқы атауы қайта оралып, басылым мазмұны кеңейіп, облыс жұртшылығы үл­кен қуанышпен қарсы алды, – деді ол.

Сыр өңірінің жасампаз өмір шежіресін жазуда «Кызылординские вести» газетінің де үлесі ұшан-теңіз. Қай кезеңде қызмет етсе де басылым уақыт талабына сай толымды өзгерістерді паш етіп, өлкенің жылнамасын жасауға сүбелі үлес қосып келе жатыр.

Қос редакцияда қызмет ат­қарған талай майталман журналист баспасөздің беделі мен сапасын арттыруға аянбай атсалысты. Олардың қатарында Қайыпназар Қауымбаев, Ұзақ Бағаев, Нұрділдә Уәлиев, Нұр­ғали Оспанов, Сақтаған Есмаханов, Ақберген Ержан, Шәкізат Дәрмағанбетов, Адырбек Сопыбеков, Жақсылық Рахматулла, Құттыбай Сыдықов, Асқар Кіребаев, Әділхан Бәйменов, Жолтай Әлмашұлы, Оразбек Мақсұтұлы, Қази Данабаев, Несібелі Рахмет, Сәрсенкүл Бихожа, Мұхамеджан Нұрханов, Жұматәли Әбдіраман, Айғали Қарабалаев, Мәлік Мұха­мед­жанов, Әбдірашид Сатыбал­диев, Татьяна Иванова, Евгений Дмитриев, Георгий Голубев, Василий Василенко, Евгений Хан, Владимир Ли, Жарылқасын Иманбердиев, Файзоллахан Жол­махановалар бар.

Шығармашылық ұжымының ерен еңбегі еленіп, кеңестік кезеңде де, тәуелсіздік жылдарында да жоғары марапаттарға ие болды. Облыс әкімінің орынбасары осының барлығы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген ұйымшылдықтың арқасы екенін атап өтті.

«Сыр бойы» – өз тарихында облыстық басылым мәр­тебесінен екі рет айырылып, қай­тарып алған газет. Деректерде оның алғашқы редакторы Жиенғали Тілепбергенов екені жазылып жүр. Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, филология ғы­лым­дарының кандидаты Алдажар Әбілов осы тұста көбіміз біле бермейтін мәліметпен бөлісті.

– Бізді ойландыратыны – Тілепбергеновтің «Сыр бойы» газетінің редакторы емес, редак­тордың орынбасары болға­ны. Барлық құжатта солай. Бұл әлі анықтауды, зерттеуді қа­жет етеді. Дегенмен, газеттің шы­ғуына ол кісінің мол үлес қос­қа­ны анық. Кей жағдайларда газет Тілепбергеновтің қол қоюымен жарыққа шыққан, – деді ол.

«Сыр бойы» небір зобалаңды басынан өткерсе де өз міндетін абыроймен атқарды. 1937-1938 жыл­дардағы «қызыл террор» да газетті айналып өткен жоқ. Республикалық басылымдардан бастап аудандық газеттердің қызметкерлеріне дейін үрей құрсауында күн кешті.

– Фотоқұжаттар 1937 жыл­дары журналистердің де көп­теп ұсталып, репрессияға ұшы­рағанын көрсетеді. Бір ғана мы­сал, газет қызметкері болмаса да, «Ленин туы», «Социалды Қазақстан» газеттеріне мақалалары мен өлеңдері жиі жарияланып тұрған қармақшылық жас Әлімбай Әлиасқаров 1937 жылы «халық жауы» ретінде ұсталып, 25 жылға сотталып, Қиыр Шығысқа, Колымаға ай­далған еді. Алтын кенінде айдауда жүріп, бір күні соғыс басталғанын естіп, қайта-қайта арызданып жүріп, соғысқа ат­танған. Аман-есен елге орал­ғасын ауыл тілшісі боламын деп 5 жыл түрме дәмін татқан, – деді ғалым.

Қорқыт ата атындағы Қы­зылорда мемлекеттік универси­тетінің кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Ғабит Тұяқбаев «Сыр бойы» газетінің ақпараттық-танымдық қызметінен бөлек, шығармашылық шеберханасы ретіндегі ролі ерекше екенін сөз етті. Өйткені қазақ сөз өнерінде өзіндік орны бар көптеген ақын-жазушы осы ұстахананың қа­бырғасынан түлеп ұшты.

– 1968-1985 жылдар аралы­ғында «Ленин жолы» газетінің редакторы Қалқабай Әбенов болды. Газетте соғыс жылдары, одан кейінгі ауыр кезеңдерде тер төккен Ахметжан Нұрекеев, Нұрғали Оспанов, Бөлебай Әл­менов, Құрманғали Ажаров, Орман Нұрқабаев, Шора Ерәлиев, Мырқы Исаев және тағы басқа аға буын журналистер, Жақсылық Түменбаев, Әділ­хан Бәйменов, Нұрпейіс Бай­ғараев, Әбдіхан Айдаров, Асқар Кіребаев, Құттыбай Сы­дықов се­кілді қаламы ұшқыр жас толқын еңбек етті. Оқырмандар саны, ба­сылымның таралымы өсті. Үл­кен еңбек жоғары бағаланды, – деді ол.

Осы тұста «Сыр түлегі», «Мектептен – өндіріске», «Әй­ел­дер, сіздер үшін», «Күріш – біз­дің байлығымыз», «Өлең – сөз­дің патшасы» сынды жаңа айдарлар мен бұрыштар ашылды. «Қожанасыр құрығы» сын-сықақ бұрышы арқылы ав­торлар талай кемшілікті сын садағымен түйреді. Қайта құру жылдарындағы реформалық өз­герістер, ел өміріндегі басқа да оқиғалар басылым бетінде кө­рініс тапты. «Көңілашар беті» ұйымдастырылып, қызық мақалалар берілді. Газеттің таралымы едәуір көбейіп, 40 мыңға жетті. Ауыл-ауылдан хабарлар, мақалалар жіберіп тұратын штаттан тыс тілшілердің саны артты. Редакцияда жаңа толқын қалыптасты.

– Әдебиет алыбы Ғабиден Мұстафин: «Мұралардың ең қымбаты – сөз. Сөз күн шалмас қараңғы көңілді шалады, күн жылытпас көңілді жылытады, жылы адам да, нәрсе де тозады, жоғалады. Ал сөз мәңгі жасайды» деген екен. Сол сияқты жылы сөзімен халықтың жүрегіне жол салған «Сыр бойы» елдің бірлігі мен татулығына, өркениет пен даму үрдісіне сүбелі үлес қоса беретіні сөзсіз, – деді ғалым.

Тоқсан жылдық белесінде «Сыр бойы» мен «Кызылординские вести» газеттері талай қайраткер, қаламгер, ақын-жазушы, фототілші, жур­на­листі тәрбиелеп шығарды. Олар­­дың алды республикалық, об­лыс­тық ақпарат кеңістігінде же­місті еңбек етіп, отандық жур­налистиканың дамуына ат­салысып жүр. Өңір өмірін қалтқысыз өрнектеп, жылна­малық, шежірелік, сондай-ақ ағар­тушылық, өлкетанушылық мін­­деттерді қоса атқарып келе жатқан басылымдар елдің бір­лігі мен ынтымағына қызмет ету жолынан ешқашан жаңыл­ған жоқ. Мемлекеттік-ақпарат­тық саясаттың салмақты жүгін арқалап, елдің дамуы жолын­дағы игі бастамаларды сараптап, халыққа жеткізуде де бедел биігінен түспек емес.

Айта кетейік, конференция барысында қонақтар фото­тілшілер Болат Омарәлиев, Игорь Титенок және Нұрболат Нұр­жаубайдың еңбектері қо­йыл­­ған фотокөрмені тамашалады.
syrboyi.kz
01 желтоқсан 2019 ж. 800 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 93

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930