«Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері» бойынша семинар өтті
Әйтеке би кентіндегі №249 мектеп-лицейде жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша семинар өтті.
Семинарға ҚР Ұлттық экономика министрлігінің жергілікті өзін-өзі дамыту басқармасының басшысы Миржан Иманбаев, «Азия Даму» банкінің кеңес беру маманы Өсергүл Құттыбаева, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Алмагүл Нұрасылова қатысты.
Семинар басталмас бұрын аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Жарылқап сөз сөйлеп, шараның маңыздылығына тоқталды.
– Қазақстан Республикасының бюджет кодексіне және жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы Заңдарға енгізілген өзгерістерге сәйкес 3 дәрежелі бюджеттерге қосымша 4 дәрежелі жергілікті әкімшіліктердің бюджеттері 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілді. Осыған байланысты 2000-нан астам халқы бар Қазалы қаласы, Әйтеке би кенті, Аранды, Майдакөл ауылдық округтерінің дербес бюджеттері қалыптастырылды.
Бюджет кодексіне сәйкес 2020-2022 және одан кейінгі қаржы жылдарына арналған аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер бюджеттері осы әкімшілік-аумақтық бірліктер халқының санынан қарамастан өз аумақтарында қалыптастырылады. Яғни ауылдық округ әкімдері өз бюджеттеріне иелік етіп, ауылдың әлеуетін арттыруы тиіс, – деген Бақытжан Дүзелбайұлы мемлекеттік басқарудың бұл механизміне ауылдық округтер толыққанды дайын болуы үшін осы семинар ұйымдастырылып отырғанын жеткізді.
Семинарда облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бас маманы Мәріп Акбар, «Ауыл округтеріндегі дербес бюджеттің процесі, бюджеттің жасалу жолдары», аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Темірлан Қожаназаров «Ауыл округтеріндегі ІV деңгейлі бюджетке түсетін салықтық түсімдер», қаржы басқармасының бөлім басшылары Нұрланбек Ердіғалықов «Коммуналдық мүлікті жалға беру, сенімгерлік басқаруға беру, жекешелендіру, кепілге қою», аудандық жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Олжас Қожахметов «Әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін, әкімдердің әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға және әкімшілік жазалар қолдануға құқылы», аудандық қазынашылық басқармасының басшысы Руслан Қуанышбаев «Бюджеттің ІV деңгейін енгізу, қазынашылық жүйесіндегі жұмыс» жөнінде баяндама жасап, жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін және коммуналдық меншікті енгізуге байланысты заңнамаларды жан-жақты түсіндірді.
Шара барысында аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің қызметкерлері, ауылдық округ әкімдері мен олардың есепшілері өздерін қызықтырған мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, жауаптарын алды.
Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі