Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қажырсыз бала қалжасыз анадан туылып жүр ме?

Қажырсыз бала қалжасыз анадан туылып жүр ме?

Ұрпағының тәлім-тәрбиесіне терең мән беріп, оның жан-жақты жетілуін жіті қадағалайтын қазақ халқының танымы салт-дәстүрінен көркем көрініс тапқан. Соның бірі – қалжа ұғымы. Бұл туралы əр аймақта əралуан пікір қайшылығы бар. Десек те, ертеден жеткен бұл өнегелі дәстүрді дәріптеудің маңызы неде? Қалжада қандай қасиет бар? Біз бүгін сол туралы айтпақпыз.

Қазақстанның солтүстігінде тұратын тұрғындар дені мұндай жөн-жоралғыларын білмейтін көрінеді. Өзге аймақтақтарда да қалжаны міндетті емес деп санап, жай ғана етпен байланыстыратындар көптеп кездеседі. Соңына “Қалжалы бала – батыр, қалжасыз бала – қалжыр”, “Қалжалы әйелден олжалы ұл өседі” дейді деген текті сөз қалдырған бабалар жолы қалжаның қасиетін ойға оралтады.
Дәстүр бойынша келін жүкті болған сəттен қалжаға еркек қойды белгілейді. Дүниеге сәби әкелуде әйелдің барлық күш-қуаты азайып, әлсіреп қалады. Мұндайда қазақ халқы жас ананы ерекше күтімге алған. “Жас босанған әйелдің тісі әлсіз болады, түсіп қалуы мүмкін” деп суық ас жегізбеген. Қырық күн бойы қалжаның етін жегізіп, сорпасын ішкізген. Жақсы қалжалаған келіннің сүйектері ауырмай, тістері түспей, күш-қуатын жинап, аз күннің ішінде үй тіршілігіне араласып кеткен. Қалжа келіншектің күйеуінің мойнындағы міндеті саналғанымен, кейде оны келіннің төркіні де әкеледі. Оның күнделікті жейтін еттен басты айырмашылығы – жас босанған ана мен баланың сыбағасы болуында.Ұлттық үрдістегі бұл ас ананың сүтін нәрлендіріп, құнарлы әрі жеткілікті азықтануына мол әсерін тигізіп, ұйқының жақсаруына сеп болады.
Бұл туралы дәстүрді дәріптеуші Зейнеп Ахметованың өз айтары бар. «Қазақтың өте бір қасиетті ырымы – қалжа. Бұрынырақта кедейдің кедейі әйеліне қалжа жегізген. Қазіргі жігіттерді қайдам, бұрындары жігіттердің бірі ауырлау затты көтеруге әлі келмесе немесе абайламай жығылып қалса, құрдастары келеке қылып: «Әй, немене, сенің шешең қалжа жемеген бе?» – деп қағытқан. Кей жағдайда «Құдайға шүкір, біздің де шешеміз қалжа жеген» деп өзін-өзі көтермелеп, шамасы келмей жатқанын білдірмеуге тырысып баққан. Тілімізде жиі қолданылатын осы сөздің өзінде мән-мағына жатыр. Қалжаны кей өңірлерде қыздың төркіні де әкеп жатады, бірақ қалжа, негізінен, келіншектің күйеуінің мойнындағы міндет-парызы болып есептеледі», – дейді.
Зейнеп Ахметованың айтуынша, қазақ жас босанған анаға ешкінің етін «суық болады» деп жегізбеген. Еңбектерге зер салсақ, қалжаның тарихы тым тереңде екенін байқаймыз. Оған мына бір аңыз дәлел.
Адам ата мен Хауа ана дүниеге ұлдары Шиш пайғамбар келгенде үлкен бақытқа кенеледі. Бұл кезде көктегі періштелер шаттанып, Адам атаға құтты болсын десе, жер мен көк, он сегіз мың ғалам қуанып, Аллаға мақтау айтыпты.
Жебірейіл періште Адамға келіп:
– Уа, Адам, саған Ұлық Алладан уахи ала келдім. Қазір жұбайың әлсіз. Оған күш-қуат керек. Отардың ішіндегі семіз ұрғашы қойды сойып, жұбайыңа ас әзірле. Сорпасын ішіп, терлесін. Қойдың қуаты келіншегіңнің күшін қалпына келтіреді. Бойындағы жел-құзы шығады әрі сәбиіңе құнарлы ас болады, – дейді. Адам ата Жебірейілдің айтқанын бұлжытпай орындайды. Хауа ана қойдың етін жеп, күш-қуат жинайды. Екі омырауынан құнарлы сүт ағады. Кейін келе Хауа анаға сойылған қойды «қалжа» деп атапты. Енді бір аңызда «Хауа ана Шиш пайғамбардың мойыны қатайсын деп қойдың омыртқасын ырымдап жеген» деген дерек те кездеседі.
Балқия Омарәліқызы, көп балалы ана:
– Оны әр ана, ене білуге тиіс. Екі ененің тәрбиесін көрдім. Үлкен енем, біз «апа» дейтінбіз, сол кісі үнемі айтып отыратын. Тіпті шіліңгір шілдеде босанып келсем де, қалың шарқатты орап, суығымды шығаратын. Мен үйге келгенімде апам қазанға өзі араласып, балғын сорпаға қамыр, көкөніс салғызбай, тұзын, майлылығын бақылап, ішкізетін. Ол кісінің күтімге байланысты кеңестері бөлек еді. Қазір өзім де немере келін көріп отырған бақытты анамын. Арнайы бағлан соймасам да, қойдың етін әкеліп, өз хал-қадірімше келіндеріме өнегемді көрсетемін. Балаларым да, немерелерім де шүкір, жаман емес. Қалжаның қасиеті ме, әлде сенімнің әсері ме, денсаулықтары жақсы болып жетіліп келе жатыр.
Тынышкүл Әбдірахимова, зейнеткер:
– Сыр жұртына қыз беріп отырған құдағаймын. Біздер жақта қалжа міндетті түрде желінеді. Қазақилық басым өңірде, өкінішке орай, менің құда жағым бұл туралы білмейтін болып шықты. Түстікте жаңадан босанған келінді төркін жұртына жіберетін де үрдіс бар. Келінге ең жақыны – анасы. Жиенінің жақсы болып өскенін қалап, өз қызына да күтім етсе, оның несі айып. Төрт келінім бар. Кейбірі төркініне барады, кейбірі үйде қалғанды жөн деп санайды. Өз еріктерінде. Қазалыда тұратын қызым босанғанда, үйге алып кету туралы ұсыныс айтып едім, құдаларым: «Қайдағыны айтпаңыз. Бұл үлкен әбестік. Бізге таңба. Қуанышымызды өзіміз бағып, күтімге аламыз. Ел-жұрттан ұят болады», – деп ат-тонын ала қашты.
Гүлжаз Айбегімқызы, ене:
– «Қалжа» дегеннің не екенін алғаш естіп отырмын. Кеңес дәуірі тұсында өмір сүргендіктен, көп салт-дәтүрді біле бермейміз. Аты «қалжа» ма, әлде біздің жерде басқалай атай ма, естімеген сөзім. Бірақ анам босанған сайын жас малды сойып әкеліп, сорпасын ішкізетін. Өзім де келінге солай етемін.
Жанерке Дәуір, келін:
– Жақында ғана әлеуметтік желіден қалжа туралы оқыдым. Менің ата-енем орта жастағы адамдар. Бірақ босанып келгенімде ондай дәстүрді жасаған жоқ. Алғашқы перзентім қыстың күні дүниеге келгендіктен, ауруханадан шыққан күні қатты салқын тигізіп алдым. Ем-дом жасап көріп едік, болмаған соң екі күннен кейін қайта ақ халаттылар көмегіне жүгінуіме тура келді. Ауруханаға алғаш түскенімде денемдегі ыстық-суықтың тепе-теңдігін түзе алмадым ба, керуеттен керуетке еріксіз секіргенім әлі есімде. Сонда дәрігерлердің бірі: «Мынаның ащы тері шықпаған ғой», – дегенін естігеніммен, онша мән бермегенмін. Қазір ойлап отырсам, сол жағдайға менің қалжа жемегенім де өз әсерін тигізгенге ұқсайды.
Қайратты ерді қайратты әйел ғана туа алатынын ескерсек, қалжаны дәстүрдің тозығы емес, озығы деп, төрге оздырып, тұрмысымызға енгізсек, одан болашағамыздың да баянды болатыны анық. Ендеше қалжаның қадіріне жетпеу арқылы қажырсыз бала туылуына себеп болып жүрген жоқпыз ба? Сіз қалай ойлайсыз?..
Дайындаған
Алтын ӘДІЛХАНҚЫЗЫ
26 қазан 2019 ж. 1 308 0

Мәдени мұра

18 сәуір 2024 ж. 72

Жанға жайлы демалыс

18 сәуір 2024 ж. 76

Қалдықсыз болашақ

18 сәуір 2024 ж. 59

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930