Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Санитарлық тазалық салғырттықты көтермейді

Санитарлық тазалық салғырттықты көтермейді

Сәрсенбіде аудан әкімі М.Ергешбаевтың төрағалығымен өткен аудан әкімдігі мәжілісінде бірқатар маңызды мәселелерге назар аударылды.

Басқосу басталмас бұрын аудан басшысы жақында ғана 60 жасқа толған аудан әкімі аппаратының құжаттамалық қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің басшысы С.Жансұлтанға Құттықтау хат, бұған дейін облыстық кәсіпкерлік палатасының Қазалы аудандық филиалына басшылық еткен Е.Аймаханов пен аудандық жастар ресурстық орталығын басқарған О.Ахметовке Алғыс хат табыстады. Сондай-ақ, аудандық ішкі саясат бөлімі мен аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы қызметіне тағайындалған Ә.Әбиев пен Ғ.Темірбаевты, аудандық жастар ресурстық орталығының басшылығына келген А.Дәрібаевты таныстырып, қызметтеріне сәттілік тіледі.
Мәжілісте Қазалы ауданының 2019 жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және алдағы міндеттері туралы аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі басшысының орынбасары Қ.Бәкен хабарлама жасады.
Оның мәлімдеуінше, ауданда 2019 жылдың 9 айында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша оң тенденция сақталған. Өнеркәсіп өнімінде 11,9%, өңдеуші секторда 14,1%, бөлшек саудада 0,5%, тұрғын үйлерді пайдалануға беруде 3,8%, ауыл шаруашылығы өнімінде 6,9 процентке, құрылыс жұмыстарының көлемі 4,2 есеге, негізгі капиталға тартылған инвестицияда 6,5 есе артық өсім қамтамасыз етілген.
Ал, аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Аманбай егін орағының қорытындысы туралы баяндады.
Ағымдағы жылы күріш егісінің көлемі былтырғымен салыстырғанда 575 гектарға кем егілгенімен, есесіне суды аз қажет ететін, әртараптандыру бағытындағы дақылдар көлемі артты. Атап айтқанда, дәнді дақылдар 191, майлы дақылдар 71 гектар және мал азықтық дақылдар 71 гектарға жеткізілді, – деді Нұрлан Аманкелдіұлы.
Бөлім басшысының айтуынша, осы жылы шаруашылықтар аяқсудан, минералды тыңайтқыштан, жанар-жағар майдан ешқандай қиындық көрмеген. Соның арқасында диқандар ауыл шаруашылығы дақылдарын мезгілінде толықтай жинап үлгерді.
Аудан әкімдігінің мәжілісі аппарат мәжілісіне ұласып, екі бірдей мәселе қаралды. Онда аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ә. Әбиев 2020 жылға баспасөзге жазылу барысы туралы хабарлама жасап, барлық мекеме-кәсіпорын басшыларын бұл шараға біркісідей атсалысуға шақырды.
Аудан әкімі аппаратының басшысы Н.Жалғасбаев орындаушылық тәртіп мәселесі мен аудандағы күзгі санитарлық-тазалық айлығының өту барысы жайлы егжей-тегжейлі айтып өтті.
Хабарламашыларды мұқият тыңдаған аудан әкімі М.Ергешбаев тазалық мәселесі көңіл көншітпейтінін жеткізді.
– Тазалық қашан да алғашқы орынға қойылады. Осы кезге дейін 7 рет сенбілік ұйымдастырылса да бұл мәселесі әлі де өз дәрежесінде емес. Тез арада Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы және ауылдық округ әкімдері орын алған кемшіліктерді қалпына келтіруі қажет. Орталық көшелерді ғана тазалай бермей, ауылдың айналасына да жете көңіл бөлейік.
Бұл ортақ істе аудандық полиция бөлімінің әр аймаққа бекітілген учаскелік полиция қызметкерлері де көмекке келуі тиіс, – деді аудан әкімі.
Ауданы әкімінің баспасөз қызметі
26 қазан 2019 ж. 674 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031