Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыл төріндегі тағылымды шара

Ауыл төріндегі тағылымды шара

Жастар жылында елдегі жас буын өкілдеріне көңіл бөлініп, белсенді жұмыс жасау көзделгені белгілі. Осыған дейін де өз міндеттерін жоғары деңгейде атқарып келе жатқан аудандық Жастар ресурстық орталығы мен «Jas Otan» жас­тар қанаты бірлесе отырып, Арықбалық ауылдық округінің орталығы Жанқожа батыр ауылында «Ауылдағы бір күн» жобасының алғашқы күнін «Еңбек. Жастар. Болашақ» тақырыбында өткізді.
Шара ауылдық мәдениет үйінде ауыл тұрғындарымен кездесуден басталды. Кәсіптің жаңа бағыттарын үйрету мен мемлекеттен бөлінетін грант пен қаржы көздері туралы сұраққа арнайы мамандар жауап беріп отырды. Өз тәжірибесін бөлісу үшін қазіргі уақытта облыс көлемінде танымал болып үлгерген «Томпи» попкорнын өндіретін цехтың басшысы Гүлсая Құтжанова бизнес бастау жолында жүрген жас кәсіпкерлерге бірнеше кеңес берді:
– Қазір мектеп бітіре сала мақсатсыз, ел қатарында ғана болу үшін жоғарғы білім алғандар саны артып кеткен. Сол себепті де аудан халқы ішінде де жұмыссыз жүрген жастар көп. Заман талабына сай қоғам қажет ететін саланы игерген дұрыс. Белгілі бір бизнесті бастау үшін сізге ең алдымен жеке офис ашу немесе толыққанды қамтамасыз ете алатын қаржыны мемлекет тарапынан күтіп отыру қажет емес. Ойға алған идеяға сеніп, соны әрі қарай дамытудың дұрыс бағытын бірлесе отырып таңдаған абзал, – деді.
Мемлекеттік грант пен «Атамекен» палатасы бөлетін қаржыдан бөлек осы жылдан бастап аймақта жастар үшін жекелеген инвес­торлар тарту қолға алынатын болады. Оған 16-29 аралығындағы жастар қатыса алады. Оқу курсы 1-2 қазан аралығында өткізіледі. Қызылордадан келген арнайы мамандар өз кәсібін дөңгелеткісі келетін жас толқынды мәдениет орталығында оқу-тренингте қабылдайды. Онда үздік деп танылған үш идеяға ақшалай сыйлық тапсырылады. Мұндағы басты ерекшелік жас кәсіпкерлер өз жобалары мен ойын инвестор алдында қорғап шығуы керек. Үш кезеңнен тұратын жобаға аудан аймағында 10 миллион теңгеге дейін қаржы қарастырылып, он инвестормен келісімшарт жасалған.
Жастар ресурстық орталығынан келген өкілдер ауылдықтарды осы айтылған жобада белсене араласуға шақырып, бағыт-бағдар берді. Осыдан кейін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша аудандық ауылшаруашылық бөлімінің жетекші маманы Мұратбай Жаңабайұлы түсіндірме жұмысын жүргізді. Ол өз сөзінде Жастар жылы қарсаңында бұл жобаға ерекше көңіл бөлініп отырғандығын жеткізді. «Президент өз Жолдауында бағдарламаның әлі де жалғасын табатынын айтқан болатын. Ауылдық елді мекендерге білім, медицина, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіп кешені және әлеуметтік қамсыздандыру сияқты алты бағытта жастар күшін тарту үшін құрылған бағдарлама жастарға қайтарымсыз 70 айлықтық көрсеткіш есебінде бір жолғы жәрдемақы береді. Және 100, 1 процент негізінде тұрғын үй сатып алуға 1500 айлықтық көрсеткіш есебінен бюджеттік несие беріледі. Бұған өтініштер халыққа қызмет көрсету орталығында жүргізіледі. Қазіргі таңда аудан көлемінде 630 маман тұрғын үй алып, 797 маман бір жолғы көтерме жәрдемақысын алып отыр»,– деді. Бұдан әрі жастармен ашық сұхбат жүргізіліп, еркін форматтағы жиын өз жалғасын тапты. Жиналысты «Jas Otan» жас­тар қанаты аудандық бөлімшесінің басшысы Гүлдәрі Иманәлиева қорытындылады.
Колледж студенттері мен кәсіпкерлер мұнан соң ауылдың орталық алаңындағы жабдықталған этноауылға қарай жол тартты. Бірлігі жарасқан жергілікті тұрғындар қаймағы бұзылмаған ауыл өмірінің ең үздік көрінісін көрсетті. Ауылда сақталған, қазір ұмыт бола бастаған ертеректе тұрмысқа пайдаланылған заттардан жабдықтаған көрме көрушілерге ерекше әсер етті.
Жанқожа батыр ауылында тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған Айнияз Бақыткүл есімді жеке кәсіпкер бар. Ол мемлекет тарапынан алған қаржыға өз дүкені жанынан тұшпара цехын ашқан. Сол секілді біраз кәсіпкерлер алаңға жиналып, өз өнімдерін сатылымға қойған. Мамандар осы жерде олармен кездесіп, шаруасының хәл-ахуалын сұрады. Кейбір кәсіп иелеріне тың идея ұсынып, аудан нарығын игеру жолдарын айқындап берді.
Этноауылдағы шара әрі қарай ұлттық ойын түрлерінен ұйымдастырылған сайысқа ұласып, ауданның әр түкпірінен келген жастар бағын сынады. Нәтижесінде қол күрестен қарсыласын шақ келтірмеген облыстық турнирдің жеңімпазы, аталмыш ауылда қазақ күресінің жаттықтырушысы болып қызмет ететін Әділет Өмірбеков бірінші орын алды. Гір көтеру сайысында басқаларды басып озып, ауыр тасты 32 рет кеудесінен асыра көтерген Бейбіт Жасағанберген жеңіс тұғырынан көрінді. Үлкендер арасында өткен асық атуда мергендігі мықты Асхат Әбілдаев бірінші орын алды. Қой көтеруге кезек келгенде бүкіл тұрғындар мен қонақтар бір серпіліп қалды. Саулық қойды арқасында ұстап, 67 рет отырып тұрған ауылдық спорт кешені жаттықтырушысы Рамазан Тұяқбаев көпші­ліктің қошеметіне ие болды.
Ұйымдастырушылар осы шараға атса­лыс­қан ауыл кәсіпкерлері мен тұрғын­дарына алғыс айтып, ұлттық ойыннан жарыс жеңімпаздарына арнайы диплом мен бағалы сыйлық тапсырды.
Осыдан кейін барлық қонақтар ақ дастарқан басынан дәм татты. Колледж студенттері мен ауыл жастары бірігіп, кешкілік от алаудың жанында жиналды. Көңілді отырыста әрбір жас «Ауылдағы бір күн» жобасынан алған әсерімен бөлісіп, ұйымдастырушы тарапқа алғыс білдірді.
Дамудың даңғыл жолына түскен жас мемлекеттің жаңа деңгейге көтеріліп, бәсекеге қабілетті қоғам құруы жастарға тікелей байланысты. Ашық сұхбат алаңын құрып, оларды жақсы бағытта тәрбиелеу көпке пайда тигізері анық. Жастарды қолдау мақсатында қолға алынған жобаның бірінші күнінен қатысушылар мол тағылым алды.

Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ

23 қыркүйек 2019 ж. 565 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 67

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930