Тарихы терең, тәлімі бөлек

Өткен күндер өнегесі
Ғасырдан астам тарихы бар білім ордасы алғаш рет 1918 жылғы қазан айында ашылғанда 50-60 бала білім ала бастады. Ол кездегі мектеп Бебель мен Луначарский көшелерінің бұрышындағы шағын ғана екі бөлмеге орналасты. 1927 жылға дейін бастауыш мектеп болды. 1927-1928 оқу жылдары жеті жылдыққа айналып, оқушы саны артты. Педагогикалық техникум бітірген жас мамандар Ә.Қайнарбаев, А.Қожақов және Б.Әбдіқадыровтар шәкірттерді оқу-білімге баулыды. Әуесхан Қайнарбаев сол жылы мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі қызметін атқарған. Мұнда өмірі өнегеге толы талай талантты жан еңбек етті. Олардың қатарында К.Айманов, М.Жанұзақов, С.Ідірісов, К.Қонысбаев, Д.Мамытбаева, Б.Мергенбаев, З.Соловьева, Ә.Ермекбаев, Ә.Игіліков, М.Есмамбетов болды. Ұлағатты ұстаздар Б.Мергенбаев, З.Соловьева, Г.Файзуллинаның үздіксіз еңбегі ескеріліп, Ленин орденімен марапатталған. Кейіннен З.Соловьева мен Б.Мергенбаевқа «Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген мұғалімі» атағы берілді.
1936-1937 жылдары мектептің материалдық базасы төмен болуына байланысты оқушылар Мәскеудегі қазақ уәкілдігіне хат жазып, физика, химия, биология пәндеріне керекті құралдар алдырады. Осы жылы онжылдық білім беретін орта мектепке айналғанда оқушылардың да, сыныптардың да саны артты. 1938 жылы Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген Кенжалы Айманов мектеп директоры қызметіне тағайындалды. 1939 жылы онжылдықты бітіруші шәкірттермен бірге К.Айманов Мәскеуге саяхат жасап, сапарында мектепке қажетті көрнекі құралдар алып қайтады.
Мектептің әр жылдардағы түлектері түрлі жауапты жұмыстар атқарып, еліне қызмет етті. Солардың бірі – Тәкей Есетов Қазақстан компартиясы аудандық, облыстық комитетінің бірінші хатшысы, кейіннен Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің депутаты болған. 1958 жылдардың басына дейін көрнекті қайраткер В.И.Молотов атымен аталған мектепке 1959 жылы Орта Азия мен Қазақстан жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаевтың есімі берілді.
Ұстаздықты ұлық тұтқандар

Білім ордасында «Мектептің даму жоспары», «Эвалюациялау», «Lesson Study» , «Критериалды бағалау», «Желілік байланыс», «Тәлімгерлік» көшбасшылық топтар жұмыс жасайды. Мұғалімдер мен оқушыны белсенді және жасампаз ойлауға, өзін-өзі дамытуға, интеллектуалды әлеуетін арттыруға жоспарлы жұмыс жасауды басты мақсат еткен білім шаңырағына «Абай аманаты» төсбелгісінің иегері, тәжірибелі маман, білікті ұстаз Эльмира Сматуллаева басшылық етеді.
Іргелі білім шаңырағында шәкірт тәрбиесі жолында жалықпай, жемісті еңбек етіп жүрген мұғалімдер аз емес. Атап айтсақ, бастауыш сынып мұғалімі К.Мәкен «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісінің, орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Г.Жанаева Халықаралық «Білім саласын дамытудағы үлесі үшін» төсбелгісінің және құқық пәнінің мұғалімі Ж.Көптілеуова Қорқыт ата Мемлекеттік университетінің «Үздік түлек» төсбелгісінің иегері.
Сондай-ақ Э.Сматуллаева, Ұ.Бисенбай, А.Маңғұтова, Қ.Әбілда, А.Теңгебаева есімдері «200 жылдық тарихы бар Сыр өңірі педагогикасындағы қадірлі 200 есім», Қызылорда облысының үздік педагогтар антологиясына, «100 жаңа есім» жобасы аясында жинақталған «Ozattar-Қазақстан білім саласы үздіктерінің энциклопедиясына» құқық пәнінің мұғалімі Ж.Көптілеуованың есімі енгізілді.
Бүгінгі ұрпақтың әлем кеңістігінде самғауына өзіндік үлесін қосып жүрген ағылшын тілі пәні мұғалімі Н.Қайыпназарова «Екінші сынып оқушыларына екінші тіл: Smailes 2 мен ойнап отырып үйренеміз» Республикалық сайысында ІІІ орын иегері атанды. Сонымен қатар ұстаздар семинар, конференцияларға қатысып, туындылары баспа беттерінде жарық көріп жүр.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ұ.Бисенбай «Қазақ жазуының тарихы және латын әліпбиін оқытудың тиімді жолдары» тақырыбындағы аудандық педагогикалық оқуда екінші орыннан, білікті ұстаздар жетекшілігімен дарынды оқушылар пәнаралық аудандық олимпиадаға қатысып, жоғары деңгейден көрінді.
Бұдан бөлек, ақын Ф.Оңғарсынованың 80 жасқа толуына арналған «Әсем үн, маржан сөз» аудандық жүргізушілер байқауында сахна мәдениетін жоғары деңгейде меңгерген биология пәнінің мұғалімі А.Әлімжан арнайы дипломмен марапатталса, сынып жетекшілер А.Мырзабай, Р.Анарбекова, Ш.Мырзағұл, С.Ділекеш үшінші орынды қанжығасына байлады. Білім саласы қызметкерлерінің дәстүрлі «Наурыз шапағаты» өнер фестивалінде жоғары деңгейде өнер көрсеткен ұжым «Үлгілі ұжым» номинациясымен, «Бегім ана» монологын оқыған мектеп тәлімгері А.Сыдық арнайы дипломмен марапатталды.
Бәйге алған білімділер
Ақтөбе қаласында өткен М.Мақатаевтың «Қазақтың қара өлеңі құдіретім» атты республикалық көркемсөз оқу байқауында ерекшелігімен дараланған 11 сынып оқушысы А.Қожбан бас жүлде, Т.Бақдәулет облыстық «Сыр елі – жыр елі» атты бейнеролик сайысында бірінші, 6 сынып оқушысы А.Дәрібай облыстық «Ұлы өнер тапқышқа алғашқы қадам» жарысында, 7 a сынып оқушысы А.Ержанова «Зерде» конкурсының облыстық кезеңінде үшінші орын иеленді. «Жас ізденуші» атты республикалық ғылыми-зерттеу жұмыстары конкурсына қатысқан 8 сынып оқушысы А.Махантай «Ең үздік ғылыми стиль» номинациясымен, 3 сынып оқушысы Ж.Абдулла екінші орынмен марапатталды.
Республикалық «Жарқынның жарқын болашығы» энциклопедиясының ұйымдастыруымен өткізілген «Көркем жазу – көрнекілік» атты байқауында бастауыш сынып оқушылары да жүлделі бірінші, екінші орынға қол жеткізді. «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ Творчествалық Бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен «Жұлдызды талант» байқауында «Кәусар» би тобы бірінші орын иеленіп, жетекшілеріне Құрмет грамотасы берілді. 6 сынып оқушысы Д.Ілияс және А.Тағыберген Ж.Әбдірашовтың 70 жылдығына орай «Дала, сенің ұлыңмын» атты фестивальде мәнерлеп оқу байқауының аудандық кезеңінде де, облыстық кезеңде де бірінші орын иеленіп қайтты. 8 сынып оқушысы Е.Жетербай аудандық «Есірткісіз болашақ» фотосурет байқауында бірінші орын алып, осы сайыстың облыстық кезеңінде дипломмен марапатталды. Б.Тұрғанбайдың «Ұстаз мәртебесі» тақырыбындағы бейнеролигі облыстық сайыста бірінші орынмен марапатталса, зеректігімен дараланған 9 сынып оқушысы Әділбек Мұхаммед «Менің кішкентай Отанымның бол
ашағы» атты облыстық жас тарихшылар интеллектуалды байқауында жүлделі үшінші орынға көтерілді.

Жетістіктер бұнымен бітпейді. Мектеп оқушылары С.Даниярова «Тарихи-мәдени ескерткіштердің макетін жасау» байқауында екінші, А.Тағыберген аудандық «Алты алашқа ұран болған – Сыр елі» мәнерлеп оқу жарысында, Ш.Тұрғанбаева аудандық «Этносаралық төзімділік пен қоғамдық келісімнің Қазақстандық үлгісі» ғылыми жобалар сайысында, аудандық «Ұлы өнер тапқышқа алғашқы қадам» сынында Ф.Сухан үшінші орындарды иемденіп, қуанышқа бөленді.
«Өнер қуып ой түзеп, жұмыс қылып бой түзеген» 8, 9, 10 сыныптан құралған «Әл-Фараби ұрпақтары» командасы «Ризашылық – мейрімділік бұлағы» жобасы аясында «Ұшқыр ой алаңы» республикалық дебаттық турнирдің аудандық кезеңінде үшінші орын иеленді. «Менің кіші Отаным» жас тарихшылардың интеллектуалды байқауына қатысқан 8 сынып оқушыларынан құралған «Ғани жастары» командасы жүлделі екінші, 8,11 сынып оқушыларының арасында өткізілген «Ақберен» республикалық байқауының аудандық кезеңіне қатысқан 10 сынып оқушысы М.Әділбек аспапта ойнау номинациясы бойынша үшінші орынды қанжығасына байлады.
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған «Ұлы даланың қасиетті рухани құндылықтары» тақырыбында өткізілген «Қылқалам шеберлігі» атты аудандық көрмеде 10 сынып оқушысы Г.Қасқырбай бірінші орын алса, «Металды көркемдеп өңдеу» атты көрмесінде 8 сынып оқушысы Р.Бақтияр Алғыс хатпен марапатталды.
Жетістікке жетуде адам бақытының қайнар көзі – еңбек ету деген ұранды ұстанатын бұл ұжым алдағы уақытта талай белесті бағындыратынына бек сенімді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА