Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлылар еліне тағзым

Ұлылар еліне тағзым

Кейде адам өмірінің мәнін арттырып, жанын шабыттандыратын тамаша сәттер болады. Соның бірі мен үшін биылғы жазда орын алды. Үш күндік саяхат керемет қызыққа толы өткенін тілмен айтып жеткізе алар емеспін.
Ақпараттық технологияның дамуы бізді бүкіл әлеммен байланыстырып, өркениетті елдердің озық тәжіриесімен танысуға жол ашты. Осындай сәтте санамызға рухани серпіліс ауадай қажет екенін ұғынып, ұлттық әдебиетті классикалық деңгейге жеткізіп, әлемдік дәрежеге көтерген тұлғаларымызды ұлықтап, олардың жақұттай асыл мұраларын жас ұрпаққа насихаттауды ешқашан тоқтатпауымыз керек. Міне, осы бағытта белгілі Абайтанушы, филология ғылымының кандидаты, Қазақстан Рес­публикасы Білім беру ісінің үздігі, «Таным» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Абат Жолдасова апайдың ұйымдастыруымен биылғы шілде айында ұлы Абайдың туған жеріне экскурсиялық сапармен Сыр елінен бір топ ұстаз шәкірттермен бірге барып, Шыңғыстаудың үш шыңы атанған ұлылар мекеніне тағзым етіп қайттық.
Абай елін көру кім-кімнің де арманы. Мен де көптен көздеген мақсатыма жетіп, айбыны асқақ алыптар мекені – Шыңғыстау бауырындағы қойнауы құтты қарт Семейге табаным тиді. Семейге саяхатқа барамыз десек: «...ол жақтан не көрем деп бара жатсыңдар..?» – деп таңқалды бір жолаушы. «Онда Абай бар емес пе?» – дедік біз де жұлып алғандай, құдды атамыз алдымыздан күтіп тұрғандай.
Расында Семей десе, көпшіліктің көз алдына жарылыстан азып-тозған, сары дала елестейді. Бұл да заңдылық. Ұлы Абайдың елі неше жыл сынақ алаңына айналғаны өтірік емес. Алайда бұдан бұрын ол жер Шыңғыстаудың үш шыңы атанған Алаш алыптарының алтын бесігі емес пе еді?!
Экскурсия бойы мен жер дүниені сілкінткен атом сынағы тірілер түгілі өлілердің де сүйегіне маза бермегенін еске алдым. Иә, мен үшін Семей жарылыс алаңы емес, ұлы руханиятымыз тамыр жайған, алып тұлғалардың кіндік қаны тамған алтын бесік. Кәрі Шыңғыста дүниеге келіп, күллі қазаққа ортақ ұлы Абайды балалықтан даналыққа жетелеп, өлмес ғұмыр сыйлаған, талбесігі мен жербесігі де сол арадан бұйырған киелі топыраққа шын ниетіммен тағзым еттім. Ұлы Абайдың қалың елі қазағы үшін қайғырып, мыңмен жалғыз алысып, бүкіл саналы өмірін өткізген қасиетті өңірдің әрбір құба белі, жазира даласы, Шыңғыстаудың шың-құзы сырға тұнып тұрғандай. Бірі Абайдың балалық шағын жыр етсе, бірі оның ғашықтық хикаяттарынан сыр шертеді, енді бірі ақынның сыршыл, ойшыл өлеңдерін жеткізеді. Бәрін жүрегіммен тыңдап, тереңіне үңілдім. Осы сапарда Абайдың қайғысы мен қуанышын, сыры мен мұңын, Абай трагедиясын жан-жүрегіммен сезініп қайтқандай болдым. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын қайта оқып, тереңіне әлде де бойлай түстім. Ел мен жердің әңгімесін қайта тұшынып ұғу қажеттігін түсіндім.
Семейдегі Абай музейінен басталған сапар Жидебайда жалғасын тапты. Жолай Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» шығармасының бас кейіпкері Ғазизаның бейітіне, қос ғашық Еңлік-Кебек ескерткішіне ат басын бұрдық. Жидебайдағы Абайдың мемориалдық әдеби-тарихи музейін тамашалап, Кеңгірбай би кесенесіне аялдадық. Кеңгірбай қос ұлы және бәйбішесімен бірге бір мазардан орын алған екен. Ақынның сүйікті әжесі Зере мен анасы Ұлжан, ағасы Құдайбердімен, Абай жақсы көретін інісі Оспанмен, Шәкәрім ұлы Ахатпен бірге мәңгілік жер бесігінде тербелуде. Ұлы бабалар мен аналардың рухына тағзым етіп, құран бағыштадық. Бөрілідегі Мұхтар Әуезовтің мемлекеттік мемориалдық әдеби-тарихи музейін аралап, Абайды әлемге танытқан заңғар жазушыны да назардан тыс қалдырмадық. Бізді Абай әлемімен жақындастырып, оның өмір сүрген заманындағы тарихи оқиғалармен, дәуір келбетімен таныстырып, шебер суреттеп жеткізген Семейдегі Абайдың мемлекеттік мәдени-тарихи музейінің директоры Мұрат Оспановқа, Алаш арыстары, Мұхтар музейінің басшылары мен қызметкерлеріне, Шәкәрім университетінің қазақ филологиясы факультетінің деканы Айбар Қадыровқа, Абайтанушы Асан Омаровқа және осы экскурсияның бастамашысы Абат Жолдасоваға алғысымыз шексіз. Сіздерді лайым Алла ақ жолынан адас­тырмай, қасиетті бабалар рухы қолдасын дейміз.
Қазақ даласының қай жері болмасын тарихқа бай, шежіре сырға толы. Семейге экскурсияға барғанда, тағы бір қайран қалдырған кереметің бірі – «Қоңыр әулие» үңгірі. Шыңғыстаудың қойнында қоныстанған бұл қандай жұмбақ үңгір десеңізші... Арнасы белгісіз, жанға шипа суы бар. Қысы-жазы бір қалыпта. Біз де «Қоңыр әулие» үңгірі туралы айтылған аңыз-әңгімелерді тыңдай жүріп, тілек тілеп, шипалы суынан ауыз тидік.
Қазыналы қарт Семей, жасыл желекті Жидебайдағы жарқын күндерден көкейіме тамаша естеліктер ұялады. Семейдегі Абай мұражайы, құтты қоныстағы Жидебай мұражай үйі, Бөрілідегі Мұхтар Әуезовтің әдеби-мемориалды мұражайы, ондағы ұлылардың тұтынған дүниелері мен бұйымдары, қаншама қымбат рухани қазыналары жас өскінге ғибратты өнеге.
Мен бұл сапардан жүрегіме көп нәрсе түйдім. Алаш алыптары мен арыстарының алтын бесігі болған қарт Семей қазақ руханиятының тамырын тереңге бойлатқан қазыналы өлке. Сондағы Абай жаққан жарық сәуле күллі қазақтың жүрегіне нұр болып құйылып, ұлы дала елінің көркейіп, өркендеуіне нәр беріп тұрғандай. Сондықтан қарт Шыңғыстаудың етегінде дүниеге келіп, барша қазаққа ортақ тұлға болған, заманынан озып туған адамзаттың алыбы, қазақ поэзиясының патшасы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында ұлылар еліне тағзым етіп қайтқанымды мақтаныш етемін.

Эльмира ЕРЖАНОВА,
Қазалы аудандық білім бөлімінің әдіскері

28 тамыз 2019 ж. 1 258 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 83

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930