Қамқор қолдарын созды

Бесінші мөлтек ауданда әжесі және бауырларымен тұратын Айсу полицей аға-апалары іздеп келгенде ойынға шындап кірісіп кеткен. Форма киген қонақтарды көргенде қатты қуанды. Себебі әжесі бұл туралы оған алдын ала айтып қойған екен. Оқу барысында керек болатын мектеп және спорттық формасы, әрлі аяқ-киімі мен сөмкесі үйлесім тауып, биыл бірінші сыныпқа баратын балақайдың көңілін одан әрі жадыратып жіберді.
Қайырымды азаматтар білім алудың басты құралдары – қағаз-қаламдарды да ұмытпаған. Аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Шынтас Бекетов қуаныштан көзі бал-бұл жайнаған балақайға базарлығын табыстап тұрып: “Ертең-ақ елдің дамып, өркендеуіне өз үлесін қосатын үлкен бойжеткен болып шыға келесің. Бастысы терең білім алып, есейген соң әжеңе қамқор бол. Сабақтан бестік деген баға алып, жақындарыңның көз қуанышы болып жүре бер, айналайын, – деді. Көңіл тебіренісін жасыра алмаған Кенжегүл әже тәртіп сақшыларына алғыс білдіріп, көзіне жас алды.
– Қызым: “Әже, ағалар оқу құралдарын маған неге сыйлап жатыр? – деп сұрады. Мен: “Олар сені жақсы көреді. Сосын үздік білім алатын балаларға ғана осылай. Сондықтан сені таңдаған, – дедім. Жортқанда жолдарың болсын. Абырой биігінен көріне беріңдер! – деді ол.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ