Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Еліміздегі бірінші сыныпқа баратын оқушыларға қатысты жаңа заң күшіне енді

Еліміздегі бірінші сыныпқа баратын оқушыларға қатысты жаңа заң күшіне енді

Еліміздегі бірінші сыныпқа баратын оқушыларға қатысты жаңа заң күшіне енді.

Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Онда мектеп табалдырығын аттайтын ұл-қыздардың жасына шектеу енгізілген. Ал балабақша тәрбиеленушілеріне арналған тағы бір Заң жобасы келер жылы жүзеге асырылады. Құжатта бөбекжай бүлдіршіндеріне арналған бағдарлама мүлдем өзгереді делінген. Заңдағы өзгерістер қандай? Жаңа бастама ата-аналарға несімен жақпай қалды? Мамандардың пікірі қандай?

Білім туралы Заңға енгізілген өзгеріс екеу. Оның біріншісіне тоқталайық. Енді балалар даярлық сыныбында алатын ілім-білімін балабақшада жүріп меңгереді. Яғни, 2020 жылдан бастап бөбекжайларға нөлінші сынып енгізіледі. Ал екінші өзгеріс биылғы жылдың 1 қаңтарында енгізілген. Оған сәйкес, балалар енді 6 жастан бастап мектепке қабылданады. Ал егер бүлдіршін бұл жаста орта білім алуға дайын болмаса, жеті жасқа толғанша үйде отыруға болады. Заңдағы соңғы өзгеріске ата-аналар алаңдай бастады. Соның бірі Астана қаласының тұрғыны Самал Тәуекелова.

САМАЛ ТӘУЕКЕЛОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
"Біз о баста жұбайым екеуміз балам бірінші сыныпқа жеті жастан барады деген шешім қабылдадық. Себебі, менің ойымша ұлым әлі мектеп табалдырығын аттауға дайын емес. Мәселе, әріптер мен сандарды көбейтуді білгенде емес, балам өте ойынға құмар. Мектеп ойнайтын жер емес. Білім ордасына перзентіңді тәрбиелеп барып беру қажет".

Білім басқармасындағылар да аталған заң жобасы биыл қабылданысымен шу шығарған ата-аналардың қатары артқанын алға тартты. Тіпті, кейбір өңірлерде осы сәтті ұтымды пайдаланған пысықайлар даярлық тобындағы бүлдіршіндерді 1 сыныпқа барыңдар деп шығарып жіберген көрінеді. Алайда, балаларды оқу жылының ортасында сыныптан қууға министрлік тарапынан тыйым салынған. Оған кейбір білім ошақтары пысқырып та қарамайтын көрінеді.

ЗЕЙНЕП МАҚСҰТОВА, ҚР БҒМ МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ЖӘНЕ ОРТА БІЛІМ БЕРУ ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
"Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап балаларды бірінші сыныпқа 6 жастан бастап қабылдайтын білім беру саласындағы заң жобасы күшіне енді. Егерде, оқу жылы басталған сәтте, бала 6 жасқа толмаса, онда перзентін білім ордасына беру бермеуі ата-ананың өз қалауы. Мұндай заң қабылданған соң, кейбір аймақтарда мектепке дейінгі даярлық сыныптарынан балаларыңды бірінші сыныпқа беріңдер деп шығарып тастап жатқан жағдайлар тіркеліп жатыр".

Заңдағы жаңа өзгеріске сай, келер жылдан бастап енді жасы 6-ға толған бүлдіршінді балабақша қабылдамайды. Бұл жаста оны мәжбүрлеп ешкім мектепке де шақырмайды. Таңдау ата-аналардың өзінде. Баласының ойы толысып, жасы жетіге толғанша үйінде тәрбиелеуге құқылы. Бірақ, балабақшада нөлінші сыныптың бағдарламасын меңгеруі міндетті. Алайда, мамандардың сөзінше баланы 6 жастан білім ордасына беру, перзентіңізді теңізге ескексіз қайықпен жібере салумен тең. Өйткені, бұл жаста кез-келген бала ойынға әуес, оң - солын танымайды екен. Сондықтан, аталған заң жобасын қайта қарау қажет деген пікірде.

АСИЯ ФАЗЫЛОВА, БАЛАЛАР ПСИХОЛОГЫ:
"Алаңдауға бірнеше негіз бар. Себебі, бұл жаста баланың алдыңғы ми бөлігі физиологиялық тұрғыда дұрыс жетілмейді. Екіншіден, бұл жаста баланың миы ойынға әуес болып, оқуға зер сала алмайды. Перзентіңіздің оқу қабілеті тек 7 жаста пайда болады. Ал, одан ертерек ұлыңыздың алдында мүлдем басқа мақсат тұрады. Бұл өз кезегінде асығыс шешім. Бәрі өз уақытымен болғаны құба-құп".
Статистикаға сәйкес, жыл сайын мектеп табалдырығын көбіне 6 жастағы ұл-қыздар аттайды екен. Мәселен, мына сыныпта барлығы 25 оқушы білім алады, оның 15-і үздіктер қатарында. Арасында 6 жастағылар мен одан үлкендері де бар. Ал, мұғалімдер болса егер балаларды 6 жастан мектепке қабылдайтын болса, онда жас ерекшеліктеріне байланысты оқушыларды топ-топқа бөліп, білім беру қажет деген ұсыныс тастады.

ӘЛИЯ БАЙҒАЗИНОВА, БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМІ:
"Менің ойымша, балаларды сыныпқа қабылдаған кезде, 6 мен 7 жастағы балақайларды топ-топқа бөліп отырғызу керек. Сол кезде ұстазға да қажетті материалдарды жинақтауға қолайлы болады. Әр балаға өзгеше қарым-қатынаста болар еді. Өйткені, 6 жастағы балалар ойынға әуес келеді".

Білім министрлігіндегілер алты жастағы балаларды мектепке баруға міндеттейтін заң нормасын өзгертетіндерін хабарлады. Бірақ, балабақшада даярлық сыныбының бағдарламасын меңгерген бүлдіршіндер орта білім ордасына тек бірінші сыныптан бастап қабылданады.
22 ақпан 2019 ж. 2 089 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 28

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930