Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Додаларда дара шапқан шәкірт

Додаларда дара шапқан шәкірт

Қасиетті Қазалы топырағынан бүгінгі күнге дейін талай таланттар түлеп ұшқан. Олар халықты әуезді әуенге бөлеп, қазақ өнерінің, мәдениетінің өркендеуіне үлестерін қосты. Бүгінде киелі сахнаға солардың ізін жалғар жас буын келіп үлгерді. Осындай дара да­уыс иесі Ақтілек Жақыпбек те түрлі сайыста аудан абыройын асқақтатып, марапат биігінен көрініп жүр.

Ақтілек қазіргі таңда №226 гимназияның 7 сыныбына көшті. Ұстаздарының айтуынша, әншілік өнерді жанына серік еткен шәкірттің оқу үлгерімі айтарлықтай жақсы. Мектеп әкімшілігінің жоғарғы сынып оқушыларына ұлтжандылығы мен белсенділігі үшін беретін “Жас патриот” номинациясын Ақтілек бесіншіде оқып жүргенде-ақ иемденген. Сондықтан болар бойға рух беретін, намысты қайрайтын әндерді орындағанды жаны сүйеді. Көптеген әлемдік сахнада аты әйгілі Димаш Құдайберген, Игорь Крутой секілді әншілердің туындыларын еш қиындықсыз айта алады. Осы күнге дейін қырықтан астам марапат иеленген жас әншінің қабілетіне мәртебесі биік сайыстарда кәнігі мамандар жоғары баға берген.

Мәселен, Ақтілек “Жастар – ұлт болашағы” атты балалар мен жасөспірімдер арасындағы республикалық көркемсөз, ән-би байқауында “Эстрадалық вокал” номинациясын иемденіп, І дәрежелі дипломмен марапатталған. Сонымен қатар жастар жылына орай мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру мақсатында өткен республикалық “Жас дарын ART Kazakhstan” байқауының лауреаты атанып, мұнда да бірінші орынды жеңіп алды.

Өнерлі өрен республикалық “Ұлы дала ұрпағы” атты балалар шығармашылық байқауында “Эстрадалық вокал” жанры бойынша бас жүлде иемденген. Осы сайыста “Атадан-мұра” қоры тағайындаған республикалық ақтық сынға жолдама алды. Онда да бағы мен бабы қатар шауып, бас жүлдені қанжығасына басты. Сонымен қатар халықаралық “ART Baiterek Almaty” байқауына қатысып, ондаған өзге ұлт өкілдері арасынан дара шығып, екінші орынды еншіледі. Оның бұдан басқа да жетістігі жетерлік.

Бауыр еті баласының есімін халықтың батасы мен ақ тілегіне бөленсін деген ізгі ниетпен қойған әкесі Жақыпбек Сүйіншалиев Ақтілектің бойындағы әншілік қабілеті ұрпақтар сабақтастығы арқылы берілгенін айтады.

– Ең алғаш балабақшамен қоштасу шарасында ән шырқады. Бұдан кейін баламның қабілетін ашуда мектептің музыка пәні мұғалімі Рүстем Жиенқұловтың еңбегі орасан. Бірақ оның бойындағы әншілік талант ұшқыны менің әкем, (Ақтілектің атасы) арқылы берілген деп ойлаймын. Себебі әкем мезгілінде жарты әлемге аты әйгілі Қазалының тумасы Роза Бағлановамен бір сахнада ән шырқаған. Халық сүйіп тыңдайтын әуендерді дүниеге әкелуді армандайтын.

Бірде Ақтілектен ұстаздары: “Өскен соң кім боласың? Арманың не?” – деп сұрайды. Сонда балам: “Мен елге танымал әнші боламын. Мақсатым – атамның арманын орындау”, – деген екен. Мұны маған мұғалімдері ата-аналар жиналысына барғанымда айтты. Сол сәтте балама ерекше разы болдым, – дейді Жақыпбек Сүйіншалиев.

Бұған дейін жас әншіні әкесі той-жиындарда ән айтуға жібермейтін. Музыка мамандары көпшіліктің алдына жиі шыққан баланың әртістік қабілеті артып, дауысы шыңдала түсетінін ескерткеннен кейін жақын-жуықтың қуанышында өнер көрсетуге рұқсат берген. Ерекше талант иесі ән шырқаудан бөлек, дзюдоға қатысады. Спорттың бұл түрінен ұйымдастырылған жекпе-жектерде де қанжығасы бос қайтқан кездері жоқ деуге болады.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
12 тамыз 2019 ж. 1 433 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 32

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930