Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жоқтықтан автотұрағы, көліктер сапта тұрады

Жоқтықтан автотұрағы, көліктер сапта тұрады

Қозғалыс ережесіне кедергі келтіріп, көше мәдениетін бұзып, белгіленбеген жерге қойылған көліктерді көріп, «Көрмейін десем көзім бар» деген халық нақылы ойыма еріксіз оралды.Қазіргі таңда аудан орталығында темір тұлпарлар саны күн санап артып келеді. Мамандардың айтуынша, орташа есеппен әр үйде кем дегенде бір-бірден көлік бар. Сол себепті, арналмаған орындарға автокөліктерді қалдыру тұрғындардың «бас ауруына» айналған. Олардың қатарында ойын алаңдары мен жүргіншілер жолына да көліктерін қойып кететіндер кездеседі.

Әйтеке би кентіндегі орталық базар маңындағы мекеме-ұйымдар ғимаратының қас беттері көліктердің тұрағына айналған. Мәселеге мән берген тілшілік топ аталмыш орындарды нысанаға алған еді...

Алғаш атбасын бұрған жеріміз бір тарапты Біржан сал көшесі мен Жанқожа батыр көшесі қиылысы болды. Ауданның екі бірдей халыққа қызмет көрсететін маңызды мекемелері «Қазпошта» АҚ Қазалы аудандық пошта және «Қазақтелеком» АҚ аудандық өндірістік телекоммуникация тораптарының кеңселері қоныстанған орындағы көліктердің бейберекет тұрысынан есігін табу оңайға соқпады. Жүргізушінің бірі көлігін қайта шығуға ыңғайлап қойса, екіншісі көлеңкеге тастап кеткен. Енді бірі мәшинесін бос орындағы теріс бағытта аялдатқан.

Бұл мәселемен үш жылдан бері айналысып келе жатқан «Қазпошта» мекемесінің басшысы Жайлаубай Нұрбаев базынасын жеткізді.
«Аудандағы пошта бөліміне келетін контин­генттің басым бөлігі – зейнет жасындағы кісілер, арнайы көмекті қажет ететіндер, әлеуметтік аз қамтамасыз етілгендер. Мүгедектер «автотұрағы», жаяу жүргінші белгісін қою – қажеттілік, уақыт талабы, халық сұранысы.
Біз бұл мәселені өздігімізден шеше алмаймыз. Біріншіден, қаржы қаралмайды, екіншіден, ол жер мекемеге тиісті аймақ емес. Нансаңыз, поштаға ғимараттың астыңғы жағы ғана тиесілі, ал алдыңғы беті мен ауласы құжат бойынша біздікі болмай шықты. Кезінде құжаттандыруда шалалық кеткен.

Қыруар қаржымен жұмыс істеп отырғаны­мызбен, оның қауіпсіздігінің өзін қорғау оңайға соқпауда. Себебі қоршаусыз орын қылмыс үшін қашан да ыңғайлы. Поштаның негізгі есігінің алды жалпыға бірдей жаяу жүргіншілер жеріне саналып отыр. Қызметтік көліктерді қоятын не аула, не тұрақ жоқ. Кейбір мүгедек адамдардың бізге жете алмай қиналып жатқанын талай көргенмін. Көлігін жақын маңға қоя алмайды, алыс қойса өзі жете алмайды», – дейді ол.

Біржан сал көшесінің бойымен бойлап жүріп, Әйтеке би көшесі қиылысындағы Қазалы ауданының полиция бөліміне ат ізін салдық. Аудандағы көлік мәселесімен күнделікті бетпе-бет келіп жүрген әкімшілік полиция бөлімінің басшысы, полиция майоры Ғанибек Құрманәлиев көлік жүрісін бақылау негізгі жұмыстарына саналатынын айтты.

Базар маңына жақын кәсіпкерлік нысанның бірі – Әйтеке би көшесі мен А.Байтұрсынов көшесі тоғысқан тұстан бой көтерген «Алтын ана» мейрамханасы. Көрікті қызмет көрсету орнына тойға келген көліктер тығыздығынан бұл көшемен басқа жүргіншілер мен жүргізушілердің өтуіне мүмкіндік бола бермейді. Құрылысы салынғанына он жыл болмаған нысан автожолға тым жақын жайғасқан.

Қазір құрылыс туралы заңда көпқабатты, халық тығыз шоғырланатын тамақтану орнын салуға рұқсат берілгенде, автотұрақтарды да жобалау міндеттеледі. Мемлекет кәсіпкерлерге қаншалықты кеңшілік берсе де, олардың кемшілігіне көз жұмуына мүмкіндік жасамайды. Осы маң көлік қақтығысы, адам өліміне себеп болуы әбден мүмкін орын. Учаскелік полицейлер бұл жерге қанша рет айыппұл салған.
Автотұрақ салу белгілі мөлшердегі қаржыны талап етеді. Нысан иесі сол үшін бас қатырмады ма, әйтеуір адам тағдырына бейжай қараған кәсіпкердің не мақсаты барын біле алмадық.

Ендігі бағытымыз сол А.Байтұрсынов көшесі мен Жанқожа батыр көшесі қиылысында орналасқан базар маңындағы «Талап и К» акционерлік қоғамы болды. Бір қызығы, базар маңындағы автовокзалдың оң қанатында «Қазақстан» сауда орны салынған. Ол маңда көліктер аялдайтын орын мүлде жоқ деуге болады.

Автостансаның мамандар бөлімі меңгерушісі және инженері қызметін қоса атқаратын Болат Сақтағанов өзі жиған, көптен қаузап келе жатқан жайы – автокөліктердің ретсіз қойылу мәселесін ықыласпен тыңдап, қалың папканы алдымызға жайып салды.

«Жол қозғалысы ережесіне байланысты Заңда көрсетілгендей, қандай көлік те бұрылыстан 30 метр қашықтықтан бастап қойылуы тиіс. Жолау­шылар тасымалының да өз ережесі бар. Біздің серіктестікке жақын жерге жеңіл көліктер қояды, сол маңнан тапсырыс алып, жолушылар мінгізіп жатады. Бүгінде айтылған талапқа бағынбай, көпшілікке тасымалдау қызметін көрсетіп жүргендер қарасы қалың. Оларға айтып та, құзырлы орындарға шағымданып та шаршадық», – дейді автостанса басшылығындағы азамат.

Автокөлігіңізді тұраққа қоярда ұқыпты болмау айыппұл арқалатады. Ішкі істер саласы маманының айтуынша, оларға көп жағдайда ескерту берумен ғана шектеледі. Құқық бұзушылардың дені ауданда тұрақ жасауға белгіленген жердің тапшылығын алға тартатын көрінеді. Заң бойынша мәшинесін тұраққа ретсіз қойған көлік иелері әкімшілік жауапқа тартылады. Жүруге кедергі келтіріп тұрған, тоқтауға болмайтын тұсқа автокөлігін қаңтарып қойған, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тұраққа тұрғызғандардың әртүрлі шаралары барын білдік. Ал тұраққа «шырша тәрізді шашақтап» ретсіз қалдырған адамның көлігін эвакуаторлар алып кетуге болатынын ұқтық. Өкініштісі, ескерту алып, айыппұл төлесе де автомобилін дұрыс қоюға ниеттенбейтіндер жиі кездеседі екен.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте көліктің дұрыс қойылмауына байланысты бірнеше бап бар. Бірінде мемлекеттік нөмірді алып тастауға, ендігі бапта көлік аялдамасында жүргізуші ережені бұзған жағдайда 6 АЖК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Қайталанған тәртіп бұзушылыққа үш еселеніп, қазынаға 24 мыңнан аса төлейтіндей айыппұл салынады.

Аты-жөнін атамауымызды сұраған көлік жүргізушісін әңгімеге тартқанымызда ол мәшинесін қалаған жер – ернеу, тротуар және жаяу жүргіншілер өткелдеріне қоятынын жасырмады. Себеп біреу – өзінде таңдау жоқтық. Өткен жылы ауданда бұл бағытта 46 құқық бұзушылық анықталса, жыл басынан бері 83 көлік иесіне әкімшілік айыппұл белгіленген.

Р.S. Біз нысанаға алып отырған орындардың дені Кеңес дәуірінде салынған. Ол кезде көлік саны көп болмағандықтан, арнаулы тұрақтарға қажеттілік туындамаған. Ал қазір оларды қалпына келтіру жайы күтіп тұр. Мақала дайындалып жатқан сәтте Әйтеке би кенті әкімдігінен аудан орталығындағы 18 орыннан ақылы автотұрақ салу үшін жер учаскесі белгіленгені туралы ақжолтай хабарды естідік. Жұмыстарды жүргізу, олардың бастауын алып, маңыз берілуі әзірге болашақ еншісінде тұр.
Қашанда адам саулығы – мемлекет байлығы. Ендеше көліктердің аялдауы мен қойылуына бейжай қарау, қоғамға, қала берді, өзімізге немқұрайлықтың көрінісі екенін әрбіріміз ескергеніміз жөн.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
21 шілде 2019 ж. 958 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031