Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Артық шығынды шектеу тиімді тетік пе?

Артық шығынды шектеу тиімді тетік пе?

Фото: ашық дереккөзден алынды
Жақында елімізде табысынан артық шығын жұмсағандарға 10 процент салық салынуы мүмкін деген жаңалық желдей есті. «Жағдайы жетпесе де, намысқа тырысып, той жасап, үй алуда қарыз алуға бейімделген халқымыз үшін бұл қалай болар екен?» деген сауал көпті толғандырды. Мән жайды анықтамақ үшін дереккөздерге жүгіндік. Мемлекеттік кірістер комитетінің жаңа бастамасы негізсіз болмай шықты.

Көлеңкелі экономикаға соққы ма?
Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында «Табысынан көп ақша жұмсаған қазақстандықтар енді салық төлейді» деген жаңалық жарыққа шыққалы бері тақырып бірден қоғамның қызу талқысына түсті.
Өзгерісті «көлеңкелі экономикаға соққы» дейді Әлібек Кермеуіт.
«Қазақстанда бұл мәселе Үкіметтің ресми жоспарларында, Ұлттық статистика бюросының есептерінде және халықаралық ұйымдардың бағалауларында жиі талқыланады.
Нақты деректерге көз жүгіртсек, 2019 жылы көлеңкелі экономиканың жалпы ішкі өнімдегі үлесі — 23,69 процент болса, 2024 жылы — 16,71 процент. Билік 2025 жылы көлеңкелі экономиканы 15 проценттен асырмау, ал 2026–2028 жылдары одан әрі төмендеуді мақсат тұтуда. Соңғы 5–6 жылда үлес 7–8 проценттік пунктке қысқарған. Бұл — ресми бағалау бойынша «соққының» нәтижесі», – дейді.
«Бұл тағы не? Қарапайым адамдарға әсіресе орта және төмен табысты топтарға табысынан көп ақша жұмсау нақты қысым емес пе? Бұл жеке деңгейдегі ауыртпалық, ал ел бойынша көп адам осылай істесе, әлеуметтік-экономикалық мәселе туындайды», – дейді Мұрат Пәрменов.
2024–2025 жылдары көлеңкелі экономиканы талдау бағытында елімізде арнайы цифрлық платформа құрылған. Бұл салық төлеушінің табысы мен салалық орташа көрсеткішті салыстыру арқылы айырманы анықтай алытын негізгі индикаторлардың бірі.
Халықаралық зерттеулер көрсеткендей, салық мөлшері жоғары, реттеулер күрделі, жұмыссыздық көп болса, көлеңке ұлғаяды. Керісінше, экономикалық өсім, жақсы институттар, сауда ашықтығы және цифрлық төлемдер оларды азайтады.
Жанама қауіп
«Қарапайым адамдарға қысым – кредиттер, инфляция адамдарды көлеңкеге итермелеуі мүмкін деген пікір – жанама қауіп», – дейді қаржы сарапшысы Ержан Шаңғытбай.
Маман салықты жеңілдету, цифрландыру,экономикалық өсім арқылы адамдардың ресми экономикада жұмыс істеуі тиімді болуы керектігін алға тартады. Сондай-ақ жаза мен бақылау ұзақ мерзімді нәтиже болмайтынымен бөлісті.
«Бастама көлеңкелі экономикаға «соққы» емес. Керісінше, ол көбіне жеке адамның қаржылық проблемаларын тудырып, жанама түрде экономиканың ресми секторын әлсіретуі мүмкін.
Көлеңкелі экономика дегеніміз – қолма-қол сауда жасау, жасырын жұмыс істеу, контрабанда, салықты жасыру сынды салық төленбейтін, ресми бақылаудан тыс қызметтер. Оның негізгі себептері – жоғары салықтар, ауыр реттеулер, жұмыссыздық және мемлекеттік институттардың әлсіздігі.
Табысынан артық жұмсау қарыздар немесе жинақтың азаюы арқылы жүреді. Бұл ақша көбіне дүкендер, қызметтер, банктер сынды ресми экономикаға түседі. Ал қосымша құн салығы, табыс салығы секілді салықтар төленуі ресми экономиканың айналымын қолдайды», – дейді.
«Politico.kz» таратқан мәліметте IMF – Халықаралық қаржы қоры және басқа зерттеулер бойынша, көлеңкелі экономиканың үлесін азайтатын нәрсе – экономикалық өсім, жоғары табыс деңгейі және жақсы институттар екені айтылған. Тұтынудың артуы, әсіресе бай топтарда, ресми экономиканы күшейтіп, ал кедейлерде – керісінше қиындық тудыратыны нақты мәліметтермен көрсетілген.
««Қазақстанда көлеңкелі экономиканың үлесі әртүрлі бағалаулар бойынша 20-30 процентке жуық. Ол бюджетке залалын тигізіп, бәсекелестікті бұзып, криминалды күшейтеді. Ал ақшаны «табысынан көп жұмсау» мәселесі – жеке қаржылық сауаттылыққа байланысты. Мен бұл орайда табыстан аз жұмсап, 10 процентін жинауға кеңес берер едім», – қаржы саласы бойынша курстар ұйымдастырып жүрген Жанар Омарқызы.
Тұтынушылық несиге неге құмармыз?
Қазақстанның банк секторына қатысты және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми статистикасына негізделген сандар халыққа берілген кредиттердің көлемі 2025 жылы 24,8 триллион теңгеге жеткенін көрсетеді. Оның ішінде тұтынушылық кредиттер үлесі – 16,7 триллион теңгеге дейін өскен. Мемлекет тежеу шараларын қолданылған соң өсім қарқынын баяулатқан.
Тұтынушылық кредиттердің өсуі негізінен автокредиттер есебінен жүргізілген. Ал кепілсіз қолма-қол несиелер үлесі едәуір баяулаған. Солай бола тұра, халықтың қарыз жүктемесі әлі де жоғары. Яғни қазақстандықтардың жалақысының шамамен 51 проценті қарызына кетеді. Көп адам телефон, техника, киім, демалыс, автокөлік үшін бөліп төлеу, микрокредит немесе тұтынушылық несие арқылы табысынан артық шығын жұмсайды.
«Қазақстандықтар неге тұтынушылық несиелерді жиі алады?» деген өте өзекті сұраққа экономист Ботакөз Қыпбақбай былай деп жауап берді.
«Басты себеп – елде халыққа берілген несие көлемі жылдан-жылға өсуі. Нақты табыс инфляциядан артта қалады. Адамдар күнкөріс деңгейін сақтау үшін несиеге жүгінеді.
Екінші себеп, банктер маркетингі өте белсенді. «Бірнеше минутта несие береміз», «Бөліп төлеу», «Қазір ал, кейін ойлан» деген ұсыныстар қояды.
2026 жылдың сәуірінен бастап табысты растау, мерзімі өткен қарызы барларға несие бермеу талаптар қатаңдады. Сонда да көптеген адам қарыз алуды дұрыс тәсілге балайды».
Ботакөздің айтуынша, көп қарыз алу да нашақорлық, лудомания сияқты құмарлық тудыратын жағдай. Бұл жайында психолог маман Лиля Арзахметова тұжырымына құлақ түрдік.
«Көп жағдайда мәселе ақша тапшылығында емес, ойлау тәсілінде жатыр. Психолог ретінде «life-coach» және қаржылық психология мамандарының тәжірибесіне сүйене отырып қарастырсақ, қаржылық сауаттылықтың төмендігі адамдарға болашақты ойламай, «қазір керек» деп шешімді ұялатады. Той, телефон, киім, демалыс үшін несие алады. Тіпті туыстарына «көмектесемін» деп өз басына қарыз жүктейді.
Импульсивті сатып алу деген – қажеттіліктен гөрі стресс, уайым, «көңіл көтеру» үшін зат сатып алатын эмоционалды шығын. Мұндайда мида дофамин – рахат гормоны бөлініп, бірнеше сағаттық жеңілдік береді. Салдары өкініш пен қысымды күшейеді», – дейді.
Психолог елде «етек жайған» салыстыруларды да тілге тиек етті.
«Қазіргі буын ата-ана, ортасынан гөрі әлеуметтік желілер ықпалына көбірек тәуелді. Бұл жерде «басқалар сияқты болу» синдромы, әлеуметтік салыстырулар әсері көп. Желілерден көрген жақсы тұрмыс оны «Мен неге артта қалуым керек?» деген оймен несиеге итермелейді.
«Менің жұмысым бар, төлеймін», «Ол төлегенде, мен төлей алмаймын ба?» деген ой тұрақсыз табысты, күтпеген шығындарды көбейтеді. Қысқа мерзімді ойлау бойынша аз уақытқы қуанышты таңдатады. Бұл «қарыз шеңбері» несиемен өмір сүруді әдетке айналдырып, стресті арттырып, тағы несие алуға ұмтылдырады»,– дейді.
Жанар Омарқызы бұл орайда «Керек пе, әлде қалаймын ба?» сұрағын қоюды ұсынады.
«Сіз несие немесе бөліп төлеуге құмар болсаңыз, ол қадамға бармас бұрын 30 секунд тоқтап, өзіңізге мына сұрақтарды қойып, саналы түрде жауап беріңіз.
«Бұл зат менің өмірімді шынымен жақсарта ма?», «3 айдан кейін де қажет бола ма?», «Егер ақшам болмаса, қазір не істер едім?». Егер санаңыз жауап бере алмаса, қарыз алмаңыз. Бұл тәсіл импульсті 80 процентке азайтады.
Қалаған затты «қоржынға» салып, 30 күн күтіңіз. Егер әлі де қатты қалайтын болсаңыз, сатып алыңыз. Көп жағдайда 30 күннен кейін ол қажетсіз болып қалады.
Бюджет + «50/30/20» ережесі бар. Онда 50 процент қажеттілік: тамақ, коммуналдық шығын, несие төлеміне, 30 процент қалауға несиесіз қаржы құю, 20 процент табысыңызды жинаққа және қарызды жабуға бөлу.
Барлық қарызды тізімдеп, ең кіші қарызды бірінші жабу психологиялық жеңіс сыйлайды.
Эмоционалды «триггерлерді» бақылауды біліңіз. Стресс кезінде шопинг жасау орнына серуендеу, спорт, досыңызбен сынды көңіл-күйді затпен емес, әрекетпен басыңыз.
Роберт Кийосакидің «Қаржылық еркіндік» немесе қазақша «Қарызсыз қоғам» жобасының материалдары, Ұлттық банктің тегін курстарын пайдалануға болады.
Егер қарыз 3-4 айлық жалақыдан асса, психолог немесе қаржылық кеңесшіге барыңыз», – дейді.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының 2025 жылдың қорытынды есебінде қаржылық тұзақ – көптеген қазақстандық отбасылар үшін нақты мәселе. Айлық табысы 200–400 мың теңге аралығындағы адамдарда несие төлемдерінің үлесі 40–60 процентке жетеді. Салдарынан бюжеттің қалған бөлігі тамаққа, коммуналдық қызметтерге, балалардың қажеттіліктеріне және басқа да негізгі шығындарға жетпей қалады. Бұл жағдай қаржылық сауаттылықтың төмендігі, агрессивті несие маркетингі және өмір сүру құнының өсуімен байланысты.
ҚР Ұлттық Банкі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Мемлекеттік органдар борыштық жүктеме коэффициентін шектеу арқылы халықты қорғауға тырысуда. Себебі көптеген отбасы үшін несие төлемдері айлық табыстың жартысынан астамын «жұтып», қаржылық тұзақ құрығына шырмауда.
Қаржылық сақтық — ең жақсы қорғаныс
Елімізде енді табысы мен шығынында алшақтық бар азаматтар мемлекеттік қазынаға 10 пайыз көлемінде салық төлеуі мүмкін. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексі мен саладағы оң өзгерістеріне маңызд қадамдар жасалуда.
Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми хабарламасында егер азамат ай сайынғы шығыны табысынан неліктен көп болғанын дәлелдей алмаса, айырма сомасына салық төлейуі қажеттігі айтылған. Мәселен, банк шотына бір айда 400 мың теңге түсіп, дәл сол шоттан 700 мың шығын шықса, дәлелденбеген сомаға, яғни 300 мың теңгеге 30 мың теңге салық төлеуі мүмкін.
«Салық төлеуші хабарламада көрсетілген бұзушылықтармен келіскен жағдайда анықталған кезең үшін хабарлама бойынша салықтық есептілікті ұсынады және салықтар мен бюджетке төлем жүргізеді», – делінген мәтінде.
Салық сарапшысы Шыңғыс Тұраров салықтық өзгерістерден қорқудың қажеті жоқтығын айтады. Ол салықтан жалтаратын ірі кәсіпкерлерге қолдану қажеттігін жеткізеді.
Қисын мен қисап
Қазақстандықтардың жалақысынан 20-25 процент салық төлеу ұсынысын Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов жасаған нақты депутаттық сауал ретінде 2026 жылдың сәуір айында ұсынды. Бұл туралы «Stan.kz» ақпарат агенттігі хабарлады.
Депутаттың ресми ұсынысы жалақы қорынан алынатын барлық салық мен төлемдерді бір бірыңғай төлемге біріктіру және оның мөлшерлемесін шағын бизнес үшін 20-25 процентке дейін төмендету.
Қазір бір қызметкердің жалақысынан жұмыс беруші 7 түрлі салық пен әлеуметтік төлем төлейді. Атап айтар болсақ, жеке табыс салығы – 10 процент, зейнетақы жарнасы –10 процент, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға 2 немесе одан жоғары процент. Әлеуметтік сақтандыру жарнасы және басқалар да бар.
Орташа айлық 430 мың теңге болса, оның 146 мың теңгесі түрлі төлемдерге жұмсалады. Бұл жалақының 41 проценті. Жалпы жиынтық жүктеме жұмыс беруші үшін 40-50 процентке дейін жетеді.
Ұсыныстың мәні біріктіру арқылы жүктемемені төмендетіп, адал жұмыс берушілерді ынталандыру, көлеңкелі жұмыспен қамтуды ресми секторға шығару. Егер жүктеме төмендесе, бюджетке қосымша түсім болуы мүмкіндігін айтады.
Қаншалықты қисындылығы туралы экономикалық логика тиімдігімен түсіндірген ұсыныс беруші әкімшілендіруді жеңілдетіп, бизнес үшін бюрократия азаяды, шығындар төмендететінімен түсіндіреді. Салық жүктемесін азайтып, базаны кеңейту арқылы бюджет кірісін өсірген елдер тәжірбиесін ұсынады.
Қазақстанда салық әкімшілендіруі күрделі, көлеңкелі экономика үлкен мәселе екендігін ескерсек, ұсыныс өте қисынды және өзектілігін көрсетеді. Ал жұмыс берушілер адалдық үшін «жазаланады». Бұл 2021 жылы Президент Тоқаев айтқан «жалақы қорына түсетін жүктемені жеңілдету» бағытына сәйкес келеді. Дегенмен, нақты нәтиже үкіметтің есептеулеріне байланысты.
Тиімділігі бизнеске ресми жалақы төлеу арзандап, адамдарды «қара жұмысқа» немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған ретінде тіркеуге мәжбүрлемейді.
Миллиондаған адам ресми жұмыс істеп, зейнетақы, әлеуметтік пакет алады.
«Айта кету керек, бірыңғай төлем механизмі 2023 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Демек қажет инфрақұрылым бар. Осыған байланысты жалақы қорынан алынатын барлық салық пен төлемдерді бір ғана бірыңғай төлемге біріктіру мәселесін қарастыру қажет. Оның мөлшерлемесі шағын бизнес субъектілерінің барлығы үшін салық режиміне қарамастан 20-25 процент деңгейінде белгіленуге тиіс», – деді ол.
Халық қалаулысының мінберде көтерген мәселесі Қазақстандағы жұмыс пен салық мәселесінің негізгі проблемасын көрсететін статистика.
2025 жылдың екінші тоқсанында Қазақстан экономикасында 9,3 миллион адам жұмыс істеген. Оның 7,1 миллионы, шамамен 77 проценті, жалдамалы қызметкер. 23 проценті яғни 2,2 миллион адам – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Бұл сандар көпшіліктің ресми жұмыс істейтінін көрсеткенімен, негізгі проблема – әлеуметтік қорғау зейнетақы, әлеуметтік төлемдер, медициналық сақтандыру төмен екендігін түсініреді.
Жұмыс істейтін 9,3 миллион адамның көбі зейнетақы жүйесіне, әлеуметтік сақтандыруға және медициналық сақтандыруға толық қамтылмаған. Мәселе көп жұмыс беруші жұмысшыларды ресми жалдамалы қызметкер ретінде тіркемей, оларды «өзін-өзі жұмыспен қамтыған» немесе «ЖК» етіп көрсетіп, салық пен төлемдер аздығын көрсетеді. Мұндайда адам зейнетке шыққанда аз зейнетақы алуға мәжбүр. Ауыра қалса, жұмыстан айырылғанда толық әлеуметтік көмек алмайды.
Жалақының экономикадағы үлесі өте аз. Елдегі байлықтың үштен бірінен азы ғана адамдардың жалақысына кетеді. Өзгелері компаниялардың пайдасы, шикізат сату, капиталдың қайтарымына шешілуде. Бұл әлемдегі көптеген елдермен салыстырғанда төмен көрсеткіш. Жалақының үлесі аз болуы тұтынуды төмендетіп, ішкі нарықтың дамуын нашарлатады
Депутат бірыңғай төлем енгізу жұмыс берушілер үшін есеп жүргізуді жеңілдетіп, көлеңкелі еңбек нарығын азайтады. Зейнетақы, әлеуметтік және медициналық төлемдер базасын кеңейтеді деп санайды.
Табыс пен түсім қалай есептелмек?
Көпшілік көкейінде табыс пен түсімді есептеу туралы әрқилы ойлар бар.
Бұл орайда Мемлекеттік кірістер комитеті автоматты түрде адамның ресми табысы: жалақы, декларациядағы ақша, шығысы: банк шоттарынан шыққан карталық төлемдер, аударымдар, ірі сатып алуларды анықтап, салыстырады. Жүйе банктер, салық декларациялары және басқа мемлекеттік базалардың деректерін біріктіріп, компьютер арқылы автоматты тексереді. Егер шығыс табыстан айтарлықтай көп болса, ол азаматқа хабарлама келеді. Онда: «Сіздің шығысыңыз табысыңыздан 200 мың теңгеге артық. 30 жұмыс күні ішінде осы ақшаның қайдан келгенін дәлелдеңіз» деген мәтін болады
Дәлел ретінде қарыз алғаныңыз туралы құжат, туысқаннан, досынан көмек – сыйлық, аударым, көлік, пәтер сынды мүлік сатқаны, басқа бұрынғы жинақ, валюта айырбастау сынды табыс көздері жарайды.
Мұндай дәлелдеме болмаса, айырма сомасына 10 процент мөлшерінде қосымша салық салынады.
Автомобиль, пәтер, саяхат, қымбат заттық ірі шығындарды құжатпен растап қойып, банк операцияларын мұқият қадағалау дұрыс. Егер хабарлама келсе, 30 күн ішінде түсініктеме дайындау керек.
Мұндай тәжірибе өзге елдерде бар. Грузия мемлекеті 2005–2012 жылдардағы радикалды салық реформаларының арқасында салықты жеңілдету, әкімшіліктің цифрлануы, коррупцияға қарсы күресті қалыптастырып, көлеңкелі экономика 67 проценттен 35 процентке дейін қысқартуға қол жеткізген.
Эстония, Латвия, Литва сынды Балтық елдерінде цифрландыру онлайн-салық төлеу және қолма-қол ақшаны азайту арқылы үлесі едәуір төмендеген.
АҚШ-та көлеңке үлесі тек 7 процент шамасында. Себебі жоғары бақылау, қатаң айыппұлдар және адамдардың «ұсталу ықтималдығы жоғары» деген қоғамдық түсінік қалыптасқан.
Скандинавия елдері Швеция, Норвегия, Финляндияда салық жоғары болғанымен, көлеңке 8 процент шамасында.
Барлығына ортақ тәжірибелер қатарында цифрландыру және қолма-қол ақшаны шектеу – онлайн-төлемдерді, электронды шот-фактура, QR-төлемдерді дамыту бар. Бұл ақша ағынын бақылауды жеңілдетіп, күрделі салықтарды азайту, шағын бизнес үшін жеңілдіктер беруге жол ашады.
Бастама қабылданса, қызметкерлердің таза жалақысы артып, әлеуметтік қорғалуды күшейтуге мүмкіндік бар. Табысынан көп жұмсау – бұл жеке қаржылық қателік, ол адамды әлсірететін түсінікке көпшілік біртіндеп келе бастауда. Көлеңкелі экономиканың жолын кесу үшін мемлекет салықты азайтып, цифрлы төлемдерді дамытып, ресми экономиканы тартымды етуі керек. Ал жеке адам үшін ең жақсысы – табысқа сәйкес жұмсау және жинақтау.
Үкімет бұл сауалға орай есеп-қисап дайындауы тиіс. Камералдық бақылау тетігі қабылданса, шағын бизнес пен жұмыспен қамту үшін үлкен жеңілдік тудырары анық. Әзірге заң жобасы ретінде ресми қабылданбағанымен, іске асыруға дайындық жүруде.
Дайындаған Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
21 сәуір 2026 ж. 78 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930