Ең төменгі жалақы 150 мың теңгеге қашан жететіні беймәлім
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, елде ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге жеткізу жоспары бар. Алайда оның нақты мерзімі әзірге белгісіз.
Фото: pixabay.com
Фото: pixabay.comҮкімет отырысынан кейін өткен брифингте еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев ең төменгі жалақыны көтеру мәселесіне қатысты пікір білдірді.
Министрдің айтуынша, ең төменгі жалақыны қайта қарауға арналған арнайы әдістеме 2024 жылы әзірленген. Құжат уәкілетті органдардың қарауына жіберілген, қазір ұсыныстар әр ведомство деңгейінде талқыланып жатыр. Атап айтқанда, бұл мәселені Ұлттық экономика министрлігі, Қаржы министрлігі және өзге де мемлекеттік органдар қарастыруда.
«Ең төменгі жалақы мөлшері – 85 мың теңге. Яғни жұмыс беруші осыдан төмен айлық белгілеуге құқылы емес. 85 мың теңгені көтеру мәселесіне келсек, біз 2024 жылы арнайы әдістеме әзірледік. Сол құжат уәкілетті органдардың қарауына жіберілді. Қазір бұл мәселені жыл сайынғы бюджет аясында қарастыру көзделіп отыр», – деді ол.
Министрдің сөзінше, ең төменгі жалақының нақты қаншаға өсетіні әзірге белгісіз. Бұл мәселе бойынша барлық ұсыныстар қаралып, ортақ шешім қабылдануы тиіс.
Еске салсақ, бұған дейін ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін жеткізу жоспарда бар екенін айтқан.












