Қазақстан шекарасы арқылы өтетін жүк көліктерінен алынатын төлем мөлшері бектілді
ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «ҚР Мемлекеттік шекарасы арқылы автомобиль көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды өткізу, сондай-ақ оларды электрондық кезек бойынша өтуі үшін төлемақы мөлшерлерін айқындау туралы» бұйырығына қол қойды. Ол келер жылдың 1 қаңтарынан күшіне енеді, деп хабарлайды inform.kz.
«Қоса беріліп отырған ҚР Мемлекеттік шекарасы арқылы автомобиль көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды өткізу үшін төлемақы мөлшері бекітілсін. Осы бұйрық 2024 жылғы 1 қантардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс», - делінген Ерұлан Жамаубаев қол қойған бұйрықта.
Құжаттың қосымшасында көрсетілгендей, енді электрондық кезек бойынша өту кезінде мына мөлшердегі төлемдер алынады:
- Жүк, оның ішінде тіркемелері бар автомобильдерді, ершікті тартқыштарды электрондық кезектің автоматтандырылған жүйесінде броньдау күні мен уақытына сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу үшін – 1 АЕК (3 450 теңге);
- Жүк, оның ішінде тіркемелері бар автомобильдерді, ершікті тартқыштарды кезектен тыс (жеделдетілген) тәртіппен көрсетілген уақыт кезеңінде шекара арқылы өту күнін ауыстыру мүмкіндігімен төлем жасалған күннен бастап – күнтізбелік 30 күн ішінде бірнеше рет ҚР Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу үшін – 100 АЕК (345 000 теңге);
- Жүк, оның ішінде тіркемелері бар автомобильдерді, ершікті тартқыштарды кезектен тыс (жеделдетілген) тәртіппен көрсетілген уақыт кезеңінде шекара арқылы өту күнін ауыстыру мүмкіндігімен төлем жасалған күннен бастап – күнтізбелік 5 күн ішінде бірнеше рет ҚР Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу үшін – 50 АЕК (172 500 теңге).
Қоса кетсек, келер жылдың басынан Қазақстандық жүк тасымалдаушыларға шет мемлекеттердің аумағы арқылы өту үшін берілетін рұқсат электронды форматта ұсынылады.