Ғалымбек Жақсылықов: «Елімізде мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетіктері бизнес үшін ыңғайлы бола бастады»
«2017 жылы елімізде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының қабылдануымен мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетіктері бизнес үшін ыңғайлы бола бастады», - дейді Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов. Себебі құжат кәсіпкерлердің ұсыныс-пікірлерін ескере отырып әзірленген. Енді кәсіпкерлер мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында балабақша немесе емхана салса қандай кіріске қол жеткізуге болатынын алдын ала біліп отыратын болды.
Бүгінде мемлекеттік-жеке меншік әріптестік (МЖӘ) бюджет қаржысынан өзге де қаржы көздерін тарта отырып, маңызды әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге болатын тиімді шаралардың біріне айналды. Өткен жылдың соңында бюджет заңнамаларына МЖЭ жобаларын қарау, бекіту және жүзеге асыруды жеңілдететін өзгерістер енгізілді. Бұл қадам алдағы уақытта осы саланың дамуына жаңа серпін береді деп күтілуде.
Нақтырақ айтқанда, қазір «Бағдарламалық МЖӘ» енгізілуде. Бұл дегеніміз жеке әріптес пен МЖӘ жобаларын таңдау барысында қосымша сараптамалар жасалмайды. Яғни арнайы әр сала үшін мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларда барлық рәсімдер жазылып тұрады деген сөз.
Мұнан өзге, МЖӘ жобаларын жоспарлау барысы да оңтайландырылуда. Бұрын бұл 5 кезеңнен тұрса, қазір 3-кезеңге дейін төмендетілген, яғни инвестициялық ұсынысқа сараптама жасалады, байқау өткізіледі, МЖӘ келісім шарты жасалады. Ал бұған дейінгі жобаның тұжырымдамасы мен МЖӘ келісім шарты жобасының сараптамасын жасау деген талап алынып тасталды.
- Жалпы МЖӘ жобаларын әзірлеу кезеңі 7 айдан 3 айға дейін қысқартылды, - дейді Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов. – Осыған орай, МЖӘ процедурасы қолжетімді бола түсті. Бұл жайт инвесторларға ұзақ мерзімді қаржы салуға мүмкіндік береді. Заңнамаға енгізілген өзгерістің нәтижесінде әлеуетті мемлекеттік әріптестердің ауқымы мемлекеттік кәсіпорындармен толықты. Сонымен бірге, мемлекеттік бюджет шығынын болдырмау мақсатында мемлекеттің жоба аясындағы қаржылық міндеттемесі бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің қаржыны жоспарлау барысында негізгі лимиттен аспауы ескерілетін болады. Мәселен, Бюджеттік Кодексте аудан әкімдігі (немесе облыстық маңыздағы қала) МЖӘ жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемесін мәслихатпен қабылданған құжат негізінде орындауды қамтамасыз ететін норма қарастырылған. МЖӘ келісім шарттарын бақылауда ұстау тетігі ретінде қазынашылық органдарымен келісім шартты тіркеу қарастырылған. Мысалы, мемлекеттік сатып алу саласындағы келісім шарттар қазынашылықта тіркеледі ғой. МЖӘ келісім шарттары да осындай мәртебеге ие болып отыр.
Айта кету керек, қазіргі таңда біздің облысымызда мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында жалпы құны 25,5 млрд.теңгені құрайтын 66 жоба қолға алынды. Оның ішінде 10 жоба бойынша тиісті келісім шарттар жасалып, жобаларды жүзеге асыру басталуда. Жобалардың бсым бөлігі білім, денсаулық, спорт салаларын қамтиды.
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі