Металл экспорты неге шектелді?
Ел аумағынан қара және түсті металдардың сынықтары мен қалдықтарын шығаруға уақытша тыйым салынғаны белгілі. Мұны нарық ойыншылары әртүрлі қабылдады. Шектеуге қарсы шыққан топтың уәжін газетіміздің осыдан тура бір ай бұрынғы санында («Металл экспорты: Тыйым тығырыққа тіреп жүрмесін», 15 сәуір) жариялаған едік. Енді тыйымның салынғанын құптайтындардың үніне құлақ асып көрелік.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетовтің айтуынша, мұндай қадамға барудың бірнеше себебі бар. Біріншіден, отандық қайта өңдеушілер бетпе-бет келіп отырған қайталама шикізат тапшылығын жою. Екіншіден, кәсіпорындардың толық жүктемемен жұмыс істеуіне жағдай жасау.
– Металл сынықтары мен қалдықтарының шығарылуын шектеу арқылы шикізатты өңдеу, ішкі нарықты қажетті өніммен қамтамасыз етуді көздеп отырмыз. Мысалы, 2021 жылы Қазақстаннан Ресей Федерациясына 124 млрд теңгеге 754 мың тонна қара металл сынықтары мен қалдықтары шығарылды. Бір тоннаның орташа бағасы – 165 мың теңге. Биыл Ресейден Қазақстанға 260 млрд теңгеге шамамен 700 мың тонна құрылыс арматурасы импортталды. Бір тоннаның орташа бағасы – 375 мың теңге. Осылайша, біз бағасы тоннасына 1 млн теңгеге дейін жететін швеллерлерді, қос таврларды, құбырларды және басқа да бұйымдарды импорттауға мәжбүрміз. Бұған жол бермеу керек, – деді Т.Жолмағамбетов.
Оның пікірінше, ел аумағынан металл сынықтары мен қалдықтарын шығаруға уақытша шектеу қою – тактикалық шара. Бұл елімізде 2010 жылдан бастап жүзеге асырылып жатқан индустрияландыру саясатымен үндесіп жатқан қадам.
– Негізгі міндеттердің бірі – шикізаттан мүмкіндігінше дайын өнім шығару. Шикізат дегеніміз не? Бұл – алюминий, мыс, қорғасын, қара металл, металл сынықтары. Сынықтан не аламыз? Алюминий радиаторлары, терезе профильдері, автомобиль дискілері, кабельдер мен сымдар. Автомобиль қозғалтқыштарын іске қосуға арналған қорғасын аккумуляторлар. Ең басты шикізат – қара металл сынықтары, темір. Халық, өнеркәсіп тұтынатын көп тауар осы өнімнен алынады. Мысалы, арматура. Біз оны үй құрылысында пайдаланамыз. Құбырлар мұнай-газ саласында қолданылады, – деді ведомство өкілі.
Т.Жолмағамбетовтің айтуынша, экспортты шектеудің өзі ішкі нарықтағы мәселені толықтай шеше алмайды. Өйткені отандық қайта өңдеушілер үшін металл сынықтарының ішкі айналымы әлі жеткіліксіз. Сондықтан олар көрші мемлекеттерден өнім импорттауға мәжбүр. Мысалы, «Қайнар-АКБ» ЖШС қазақстандық және импорттық шикізат есебінен қорғасын аккумуляторлар өндіреді. Компания өз өнімдерімен ішкі нарықты 80 пайызға қамтамасыз етіп отыр. Жыл сайын 50-60 млн долларға өнім экспорттайды.
– Бұрын қиындықтарға тап болған, бірқатар себеппен өндірісін консервациялаған кәсіпорындар өз қызметін қайта жандандырды. Бұл – бір. Екіншіден, қайталама шикізаттан дайын өнім жасап шығарған кәсіпорындар зауыттарын Қазақстанға көшіре бастады. Шетелде біздің шикізатымыздан дайын өнімдер шығарылатыны түсінікті. Енді Қазақстанда өндіріс көлемі 300 мың тонна болатын тағы 3 шетелдік зауыт ашылады. Олар жер учаскесін таңдап, инфрақұрылым тарту жұмыстарын реттеп жатыр, – деп нақтылады Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары.
Қазақстан – қайталама шикізатты шығаруды шектеп отырған жалғыз мемлекет емес. Қырғызстан, Ресей, Армения, Өзбекстан және Беларусь сияқты серіктес елдер де мұндай қадамға барып отыр.
– Ресейде шектеулер бар. Онда квота бөлінеді. Квотадан жоғары болса, тоннасына шамамен 100 еуро көлемінде баж салығын салады. Қазір оны 300 еуроға дейін ұлғайту жұмыстары жүріп жатыр. Арменияда 6 айға эмбарго қолданылады. Қырғызстанда да экспортқа шектеулер қойылады. Беларусь пен Өзбекстанда мемлекеттік монополия бар. Яғни тек мемлекеттік компаниялар ғана сынықтарды жинауға, өңдеуге құқылы. Басты міндет – зауыттардың ішкі қажеттілігін қамтамасыз ету. Жуырда Еуропалық Комиссия Еуропалық Парламентке шикізат пен материалдардың осы түріне тыйым салуды ұсынды. Мотив – декарбонизация: сынықтардың есебінен шығарындылар аз болады, қалпына келтірілмейтін шикізатты аз өндіреді және қосымша салық салынбайды, – деді Т.Жолмағамбетов.
Қазір қара және түсті металдардың сынықтарына деген сұраныс жоғары. Бұл климат жөніндегі Париж келісіміне байланысты. Ол 5 жыл бұрын қабылданған. Жүзден астам ел парниктік газдар шығарындыларын азайту жөнінде шешім қабылдады. Қазақстан да аталған міндеттемеден сырт қалған жоқ.
– «Көміртегі салығы» деген ұғым пайда болды. Яғни табиғи ресурстар көп пайдаланылған тауарларға, сондай-ақ шығарындыларға қосымша салық салынады. Егер табиғи шикізат пен CO2 шығарындыларын көбірек қолдансақ, онда шетелге экспорттау кезінде біздің өнім бәсекеге қабілетсіз болады. Экологиялық тұрғыдан алып қарасақ, темір рудасынан 1 тонна болат алған кезде 1,5 тонна CO2 шығарындысы шығады. Ал біз оны қара металл сынықтары мен қалдықтарынан алғанда, шығарындылар 8 килоны құрайды. Тиісінше, болат өндіру бойынша әлем қара металл сынықтарын көбірек тұтынуға көшті. Қазірдің өзінде әлемде шығарылатын болаттың әрбір үшінші тоннасы қара металл сынықтарынан жасалған, – деп толықтырды сөзін ведомство өкілі.
Айтпақшы, металл сынықтарын шекарадан темір жол көлігімен тасымалдауға болады. Ал түрлі-түсті сынықтар мен қалдықтар үшін толық шектеу енгізілген.
«KSP Steel» ЖШС-ның Нұр-Сұлтан қаласындағы өкілдігінің директоры Мейіржан Кенжебаев отандық кәсіпорындар тыйымды қолдайтындығын жеткізді.
– Біз бұл тыйымды қолдаймыз. Сынықтан жасалған және қайта өңдеу арқылы қосылған құны бар өнімдер шығарамыз. 2012 жылы отандық кәсіпорындар алғаш рет металл сынықтарының тапшылығын сезінді. Сондықтан компания нарықты әділ реттеуге бастамашы болды. Неге бәрі металл сынығына қызығады? Мысалы, кендегі темір мөлшері 35-50 пайызды құрайды. 1 тонна темір рудасын өңдегеннен кейін 570 кило шойын алынады. 1 тонна қара металл сынықтарын өңдегеннен кейін 990 кило таза темір пайда болады. Шойыннан темір жасау үшін оны үрлеу керек: оттегі қосып, СО2 алынады. Қазіргі кезде әлемде металлургия саласы осы бағытта дамып келеді. Осылайша, барлық елде металл сынықтары шикізат болып саналады. Меніңше, бұл – стратегиялық шикізат, – дейді М.Кенжебаев.
Еске сала кетейік, Қазақстанда металл сынықтары мен қалдықтарын негізгі шикізат ретінде пайдаланатын 20-дан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл компаниялар өндірісінің жиынтық көлемі 2 трлн теңгеден асады. Экспорт көлемі 2,5 млрд доллардан жоғары. Компанияларда 37 мыңнан аса адам жұмыс істейді және жылына шамамен 120 млрд теңге салық төлейді.