Мобильді банкинг арқылы жасалатын төлемдер үлесі 83% артқан
Бүгінде елдегі банктер қызметтің басым бөлігін автоматтандырып жатыр. 5 жылда Қазақстанда мобильді банкинг арқылы жасалатын интернет-төлемдер үлесі 23%-дан 83%-ға артты, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы ranking.kz-ке сілтеме жасап.
Екінші деңгейлі банктердің онлайн-сервистерін пайдаланатындар саны артқан. Мысалы, 2 жылда олардың саны 2 есе өсіп, биыл 39,5 млн болды (2020 жылы – 28,7 млн, 2019 жылы – 19,7 млн). Қазіргі таңда банктің онлайн қызметінің ену деңгейі оң динамиканы көрсетіп отыр. Қазақстанда әрбір экономикалық белсенді тұрғын отандық банк ұсынатын 4-тен аса онлайн-сервисті пайдаланады. 2 жыл бұрын бұл көрсеткіш 2 қызметтен сәл ғана асатын. Елде биометриялық сәйкестендіруді енгізу қашықтан қызмет көрсету сервистерін пайдаланудың драйверіне айналды. Бүгінде мобильді қосымшалар арқылы банк қызметтерін пайдалануға болады. Google Play дерегінше, бүгінде үздік банк мобильді қосымшасының көшбасында Jusan (Jusan Bank) тұр. Қосымша көптеген бағытты, оның ішінде банк өзі ұсынатын, әрі сақтандыру және бағалы қағаздар нарығында жұмыс істейтін Jusan экожүйесінің еншілес ұйымдарының қызметтерін қамтиды, әрі онда "Jusan дүкен" маркетплейсі де бар. Екінші орында Halyk Homebank (Halyk Bank) қосымшасы тұр. Үшінді орында – Kaspi.kz мобильді қосымшасы. Соңғы жылдары қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі 2 есе артқан. 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы қолма-қол ақшасыз операциялардың негізгі үлесі интернет/мобильді банкинг арқылы жасалды: 83,4% немесе 60,1 трлн теңге. 5 жыл бұрын онлайн-төлемдер үлесі 23,2% болған.