Елімізде бөлшек сауда айналымындағы электронды сауда үлесі 10%-ға жетті
2020 жылы Қазақстанда электронды сауда үлесі 3 есе өсіп, 9,7% - ға жетті, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы ranking.kz-ке сілтеме жасап.
Әлемде электронды сауда жедел қарқынмен дамып келеді. Өткен жылы әлемдегі электронды сауда көлемі 4,3 трлн доллар болды. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 27,6%-ға артық (3,4 трлн доллар). Сондай-ақ бөлшек сауданың жалпы сомасындағы электронды сауданың үлесі де өсіп келеді: 2020 жылы бұл көрсеткіш 18%-ға жетті (2019 жылы – 13,6%). eMarketer болжамы бойынша, алдағы бірнеше жылда электронды сауда секторындағы оң динамика сақталады. Сарапшылар 2024 жылы электронды сауда 6,4 трлн долларға дейін өседі деп болжап отыр. Бұл әлемдегі бөлшек сауданың 21,8%-ы. Электронды сауда жүйелері Қытай, АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Оңтүстік Кореяда дамыған. Қазақстанда да электронды сауда нарығының үлесі артуда. Мысалы, соңғы 3 жылда бөлшек сауда айланымындағы e-trading үлесі айтарлықтай өскен. Ал CОVID-19 пандемиясы процесті жеделткен. 2018-2019 жылдары еліміздегі электронды сауданың үлесі 2,9% және 3,8% болса, 2020 жылы ол 3 есе өсіп, 9,7% - ға жеткен. Елімізде электронды сауданың дамуы ішкі және сыртқы саудаға, қолма-қол ақшасыз төлемдерге оң әсер етіп, бизнес шығындары қысқартуға, көлеңкелі айналымды азайтуға септігін тигізеді. 2020 жылы қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі 2,4 есе өсіп, 35,3 трлн теңгеге жетті. Биыл да бұл тенденция сақталып отыр: 2021 жылдың 2 айында қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 есе өсіп, 7,8 трлн теңге болған. Мұнда интернет және ұялы телефон арқылы жүргізілген онлайн-төлемдердің үлесі жалпы көлемнің 82%-ына тиесілі. Халықаралық төлем жүйелері бөлінісінде барлық қолма-қол ақшасыз транзакциялардың 99,1%-ы MasterCard Worldwide және VISA International үлесінде. Электронды сауда көлемі B2C сегментінде (business-to-consumer, тұтыну нарығы), сондай-ақ B2B сегментінде (business-to-business, корпоративті нарық) айтарлықтай өскен. Бұл POS-терминалдар инфрақұрылымын ретке келтірумен, Apple Pay және Samsung Pay-дің Қазақстан нарығына шығуымен, банктердің клиенттерді бонустар мен кешбэктер арқылы ынталандырумен, әрі қоғамдық көліктің барлық түрінде қолма-қол ақшасыз төлемдерді белсенді пайдаланумен байланысты. Бүгінде елімізде тауарлар мен қызметтерді қолма-қол ақшасыз төлеуге болатын 108 мыңнан аса сауда орны бар. Сонымен қатар шағын және орта бизнес қолма-қол ақшасыз төлем режиміне көшу үшін көптеген мүмкіндікке ие болды. Мысалы, MasterCard — tap on Phone халықаралық төлем жүйесінің сервисі шағын және орта бизнес өкілдеріне смартфон арқылы жанасусыз төлемдерді терминал ретінде пайдалануға мүмкіндік берді. Осылайша, кәсіпкерлер POS-терминалды сатып алмай, ақша үнемдеп, клиент базасын айтарлықтай кеңейтті. Қазіргі таңда бұл қызметті фаст-фуд, бөлшек сауда дүкендері, гүл сататын бутиктер, такси және т. б. сауда орындары жиі пайдаланады.