Қазақстанда көмір тұтыну көлемі азаяды
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жасаған алдағы жылыту маусымына қажеттілік жоспарына сәйкес, алдағы қыста елімізде көмірді тұтыну көлемі 10 млн тоннадан 7,3 млн тоннаға дейін төмендейді.Бұл туралы аталған министрліктің баспасөз қызметінен мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Негізгі себеп - елді мекендерге газ тарту көлемінің ұлғаюы. Нәтижесінде, көмірді тұтыну 4,8 млн тоннаға дейін төмендейді (өткен қыстың көрсеткіші - 7,2 млн тонна). Алдын ала мәлімет бойынша, биылғы бірінші жартыжылдықта коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге және тұрғындарға 3,4 млн тонна көмір тиелді. Энергия өндіруші кәсіпорындарға 31,3 млн тонна, өнеркәсіптік кәсіпорындардың қажеттіліктеріне 2,9 млн тонна жөнелтілді. 14,5 млн тонна экспортқа кетті», - делінген министрлік мәліметінде. ШҚО, СҚО және Алматы қаласын қоспағанда, барлық өңірлер 2021-2022 жылғы жылу беру кезеңінде көмір өніміне деген қажеттіліктерін растап, жаңа маусымға дайындықты бастап кетті. Көмір сатып алуға тендерлер жарияланып, өңірлік операторлар айқындалды. Отандық көмір өндіруші компаниялар 2021 жылғы қаңтар-шілде айларында барлығы 59,7 млн тонна көмір (көмір концентратын қоспағанда) немесе өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 98,9% өндірді. Көмірді негізінен төрт көмір өндіруші компания жеткізеді. Олардың нарықтық үлесі жеткізудің жалпы көлемінің 89%-на тең. «Көмір энергетикалық кәсіпорындарға разрездердің босату бағаларымен жөнелтіледі. Ал коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар мен халық үшін көмірдің негізгі көлемі тауар биржасы арқылы өткізіледі. Биыл биржа комитетінің хаттамасымен коммуналдық-тұрмыстық көмірді тауар биржалары арқылы өткізу жөніндегі секциялық қағидалар бекітілді. Жаңа ережелер нарықтық объективті баға индикаторларын (тұтынушылар үшін монополиялық жоғары емес және жеткізушілер үшін тиімсіз төмен емес) қалыптастыруға көмектесуге арналған. Жаңа қағидалар бойынша өңірлік операторлар облыстың көмір қажеттілігінің 10% тауар биржасы арқылы тікелей алады. Мақсат - араға делдалдарды қатыстырмау. Көмірдің қалған 90% көмір өндіруші компаниялар өз талаптарымен өткізе алады. Яғни, тікелей келісімшарттар, биржалық сауда арқылы. Алайда оның да бағасы монополияға қарсы органның бақылауында болады», - деп аталып өткен хабарламада.