Дәретхана қағазы қалай дайындалады?
Дәретханада қағазды гигиена мақсатына ең алғаш болып Қытай халқы қолданғаны туралы дерек бар. Ол б.з.д 589 жылғы жазбаларда айтылады. Тағы бір жазбада 1391 жылы император сарайына жылына 720 000 дәретхана парағы, ал оның отбасы мүшелерінің бөлмесіне қағаздың 15 000 жұмсақ түрі қойылғаны жайлы айтылады.
1857 жылы Нью-Йорк бизнесмені Джозеф Гайетти дәретхана қағазының төртбұрышты бөліктерге бөлінген, жеке қапталған түрін шығарды. Ол өзінің жұмысымен мақтанғаны соншалық, әр қағаз бетіне өзінің есімін жазып қоятын болған.
Бүгінде әлемде дәретхана қағазына сұранысы ең жоғары ел – Испания. Футбол ойындары басталған уақытта испаниялық жанкүйерлер оралған түрлі-түсті дәретхана қағаздарын сатып алып, лента ретінде алаң ортасына қарай лақтырады. Бұл – жанкүйерлердің өз командасына қолдау білдіргені.
Дәретхана қағазы қандай материалдардан жасалады?
Ағаштың қабық астындағы қатты бөлігінен, яғни сүректен
Жоғарғы сортты дәретхана қағазын таза, өңделген сүректен, дәлірек айтсақ, целлюлозадан дайындайды. Табиғи және экологиялық негізден жасалған қағаз жұмсақ, берік әрі ылғалды сіңіргіш келеді. Дәретхана қағаздарының түрі көп, бағасы да әртүрлі. Қымбаттығына қарамастан көбі оның осы ақ түрін тұтынады. Әрине, бірінші сортты қағаздың сапасы төменгі сорттағы қағаздарға қарағанда жақсырақ. Алайда ақ түсті дәретхана қағазының бәрі бірдей жоғары сапалы деуге тағы келмейді.
Макулатурадан
Екінші сорттағы дәретхана қағазын газет-журнал, кітап, ашықхат және тағы басқа қағаз қалдықтарынан дайындайды. Жоғарғы сортпен салыстырғанда бұл қағаздың беріктігі төмен және қаттырақ болып келеді. Ал түсі сұр болады. Сұр түсті дәретхана қағазын тұтынушылар әдемі емес деп, ұната бермейді. Бірақ екінші сорттағы дәретхана қағазы ылғалды әлдеқайда жақсы сіңіреді, тез ериді және бағасы да арзан. Аппақ қағазға қарағанда екінші сорттағы дәретхана қағазының зияны аз. Себебі целлюлозаны қайнатқаннан гөрі, макулатураны өңдеген кезде тазалық сақталады және энергия үнемделеді. Мұндай қағазды дайындауға макулатура 50%-ға пайдаланылып, сәйкесінше 5 текше метр сүрек үнемделеді.
Аралас сүректен
Мұндай дәретхана қағазы макулатурадан және сүректен дайындалады. Осылайша ол қолжетімді бағадағы, жоғарғы сорттағы қағаздың жасалу стандартына сәйкес сапалы келеді. Аралас сүректен жасалған қағаз орамдары жұмсақтығымен, ылғал сіңіргіштігімен және беріктігімен ерекшеленеді. Дәретхана қағазын дайындаудағы мұндай техника макулатура мен сүректі үнемдеуге көмектеседі.
Дәретхана қағазы қалай дайындалады?
Бастапқыда қағаз қалдықтары кірден және артық қоспалардан тазартылады. Одан соң оны ұнтақтағыш машинаға салып сумен араластырады. Дайын болған қағаз електен сүзіледі. Електен өткізу арқылы қағазды бетіндегі артық қалдықтардан тазартады. Осылайша, тазартылған қоспа сумен жуылуы үшін цистернаға салынады. Жуу ұзақтығы дәретхана қағазының сапасы мен бағасын айқындайды. Одан соң қағаз жуған суды ағын суға ағызып жібереді.
Пайда болған қағаз ботқасын контейнерге сақтап, кейін қысым цистернасына салады. Одан әрі қағазды сумен 0,5% концентрация болғанынша араластырады. Бұл қоспа қағаз дайындайтын машинаның бетіне тегістеліп төселеді. Машина тор темірлі үстелден, жіппен орау бөлігінен, бірінші және екінші кептіру құрылғыларынан тұрады. Тор үстел арқылы қағаздың суы астына ағып кетіп отырады.
Қағаздарды кептіру барабандары арқылы кептіреді. Кептіру барабандары 1 минутта 12-13 айналым жасайды. Барабандардың кептіру кезіндегі температурасы 110-115 градусқа дейін барады. Дайын болған қағаздарды техникалық машина кесіп, осылайша қағаз орамдары дайын болады.
Айта кетейік, дәретхана қағазын таңдау кезінде оның құрамындағы бояғыштар мен хош иістендіргіштерге де мән беру қажет. Дәретхана қағазының бүкіл қағазы емес, тығыны ғана хош иістендірілуі керек. Түрлі-түсті суреттер теріге кері әсер етпес үшін қағаздың теріс бетінде болуы тиіс.
Еңлік Сақтан
Baribar.kz