Аустриялықтар қоғамдық көлікте «климаттық билетпен» жүреді
Аустрияда кез келген қоғамдық көлікпен жүруге мүмкіндік беретін «климаттық билетке» жылдық абонемент бар. Жоспар бойынша, бұл жеке көлік құнынан әлдеқайда арзан болмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат Еuronews-ке сілтеме жасап.
Аустрия билігі тұрғындарын қоршаған ортаға зиян келтіруді азайту мақсатында қоғамдық көлікке мінуге шақырды.
Ол үшін халыққа «Климаттық билет» (KlimaTicket) – бүкіл ел бойынша пойыз, автобус, трамвай және метроны шектеусіз пайдалануға мүмкіндік беретін жол жүру билетінің жылдық абонементі ұсынылды.
Ересек абонемент құны – жылына 1095 еуро, бұл қайта есептегенде күніне үш еуро деген сөз. Жанар-жағармай бағасының көтерілуі аясында көпшілік мұны жақсы келісім деп санап отыр.
Аустрияда «климаттық билеттің» сатылып жатқанына екі жылдай уақыт болды. Бірақ бүгінде оны тұрғындардың тек 3%-ы сатып алған.
Аустриялықтар Еуроодақ елдерінде басқаларға қарағанда пойыздарды жиі пайдаланатынына қарамастан, елдің кейбір аймақтарына, әсіресе таулы аймақтарға жету мүмкін емес.
Verkehrsclub Österreich үкіметтік емес ұйымының мәліметінше, «климаттық жол жүру билеті» қоғамда танымал болды.
«Сауалнама көрсеткендей, адамдардың оны сатып алудың басты себебі – саяхаттаған сайын билет туралы алаңдамайды, яғни жайлы. Егер сізде абонемент болса, қоғамдық көлікті кез келген жерде оңай пайдалана аласыз. Менің ойымша, Еуропадағы барлық көлік операторы осыған ұмтылуы керек», - деп түсіндірді Verkehrsclub Österreich өкілі Михаэль Швендингер.