Мұздықтар мәңгілік емес
Біз тіршілік етіп жатқан ғаламда жыбырлаған жәндіктен, құр жатқан қара тастың өзі тіршіліктің тепе-теңдігін сақтап тұрғанына көп бас ауырта бермейміз. Шын мәнінде қоршаған ортаның қолайсыздану тіршілік жарасымын сезінбеуден пайда болады. Қасқыр «дала санитары», торғай егіс күзеті, ал тышқан зиянкестен залалсыздандырушы қызметін атқаратынын адамзат өз іс әрекетінен сабақ алғанда түсінді. Қытайдың Ухань провинциясында пайда болған коронавирус жұртты жалмай бастағанда Күншығыс елінен алыс жатқан елдер қызықтай тамашалады. Соңынан салдары өздеріне де тиді. Сол сияқты бүгінгі күні мұхиттағы мұздықтар еріп, табиғат үндестігін бұзғалы тұр. Бір қарағанда алыс-асу жердегі мұздың суға айналуы алаңдатпай, жүздеген жылдарсыз қауіп төндірмейтіндей көрінгенімен, ғалымдар ірі су тасқынынан қауіптеніп отырғандығын айтып, дабыл қағады. Арабтар еліне арман болған қарт мұздықтардың ғайып болуы жерге қандай зиянын тигізеді? Бірге білеміз.
Қара күйе құртады
Мұздықтардың еріп кетуі климаттың күрт өзгеруінен басталады. Дәл осы сәтте жердің орташа температурасы 15 градусқа жеткен. Ғалымдар мұның соңғы 3 миллион жылдағы ең жоғары көрсеткіш екенін айтып отыр. Күн сайын 1 миллион тоннадан астам мұз ериді. Салыстыру үшін айта кетейік, «Титаниктің» түбіне жеткен айсбергтің салмағы 75 мың тонна ғана. Сенсеңіз, жыл басынан бері 441 миллиард тонна мұздық жермен-жексен болған. Бұл көрсеткіш секунд сайын өсуде. Салдары дауыл, су тасқыны, қалалар мен елдердің су астында қалуына, ауыл шаруашылығы және басқа да экономикалық шығындарға ұшыратып отыр.
Жаһандық жылыну жайын зерттегенде атмосфераға лас қалдықтардың жиналуына, улы газ шығаратын зауыт пен техникалардың көбеюіне байланысты әлемдік ауа температурасы жоғарылағанын ұғындық. Жан шыдатпас ыстықтан тек адамдар ғана емес, алып ормандар зардап шегуде. Сөйте тұра жалынға оранған орман атмосфераны еселеп ластайды. Бұдан бөлек орман өртін кәрі мұздықтардың ақырзаманы десек жарасады. Бір ғана мысал, 2019 жылдың жазында Сібір мен Аляска ормандары жалынға оранды. Сарапшылар жаһандық жылынудан туындаған ауқымды өрт климаттың өзгеруін жылдамдатып, полярлық мұздықтардың жаппай еруіне әкеледі деп сендіреді.
Өткен жылдың шілдесіндегі мәлімет бойынша, Ресейде орман өрті шамамен 2,9 миллион гектар аумақты тегістеген. Шілдеде Гренландияда да ормандарды өрт жалмады. Бірақ аралға ең үлкен қауіп – Еуропадан келетін аптап ыстық. Нәтижесінде бір айда 197 миллиард тонна мұз еріді. Тікелей оттың жалынынан емес. Орман өрті бет қаратпай жанған кезде қара күйені Еуропа жақтан соққан жел оны ұшырып әкетеді. Соңғы кездері Сібір мен Аляскада пайда болған күйе Арктикадағы мұзға орнықты. Мұз ашық және ақ болса, ол күн сәулесін кері қайтаратын қасиетке ие болатынын білеміз. Егер қара күйе мұзға қонса, мұздықтарды күн сәулесінің құрбанына айналдырады. Бұл оның күн сәулесін шағылыстыру қабілетін төмендетіп, алып мұздықтардың еруін тездетеді.
Сайып келгенде, 2019 жылғы тайгадағы орман өрттері Арктиканың толық еритін сәтін жақындатты. Мұның соңы планетаның қай уақытта да баяу салқындауына, аптап ыстық пен мұхит деңгейінің көтерілуіне алып келеді. Қар мен мұзды зерттейтін ұлттық мәліметтер орталығының сөзіне сенсек, егер Гренландиядағы мұз қабаты толық еріп кетсе, жаһандық мұхит деңгейі шамамен жеті метрге көтеріледі. Бұл тіршілік «ақырзаманын» асықтыратынын көрсетеді.
Босқындар қайда барады?
Гренландия – Антарктидадан кейінгі планетадағы көлемі жағынан екінші ірі мұз қабаты. Ауданы 1 710 000 шаршы шақырымды құрайды. Түсінікті тілмен айтсақ, Франция, Испания және Германия жерін қосып қарасақ та үлкен. Зерттеу нәтижелеріне сай, 200 жылдан кейін мұздың еруі дүниежүзілік мұхит деңгейін 48-160 сантиметрге көтереді. Ал ХХІ ғасырдың соңына қарай Арктика жағалауына жақын орналасқан инфрақұрылымдық нысандар ғана емес (порттар, әуежайлар, жолдар), сонымен қатар барлық қалаларды су басуы мүмкін. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл 400 миллион адамға қауіп төндіреді. Мұздықтардың еріп, адамзатқа қауіп төндіруіне әлі жүздеген жылдар бар деп ойлайтын шығарсыз. Алайда әлем халқының 70 проценті жағажайдан орташа есеппен 160 шақырым қашықтықта орналасқандықтан, қауіптің қосы алыста емес. Егер полюстер мен тау шыңдарындағы барлық мұз еріп кетсе, Еуропаның көп бөлігі, оның ішінде көрші Ресейдегі Санкт –Петербург қаласы да су астында қалады.
2020 жылы В.И. Берд атындағы полярлық және климаттық зерттеулер орталығының қызметкерлері Гренландия мұздықтары қайтып келмейтін нүктеден өткенін растады. Мұны бұдан былай ешкім Дүниежүзілік мұхит деңгейінің көтерілуіне әсер ете алмайды деп түсінсек құп. Қолдан келері тек салдарын жеңілдетіп, көші-қон мәселесіне осы бастан дайындалу ғана. Зерттеудің жетекші авторы Микалия Кингтің: «Тіпті климат өзгермей тұрса немесе сәл суық болса да мұз қабаты салмағын жоғалта береді», – деген сөзінен кейін «жұртты Марсқа көшіремін» деп жүрген Илон Маск қиялының адамзат қажеттілігінен туған дүние екенін ұғамыз. Әйтпесе, 400 миллион адамды құрғақшылық белең алған материктердің орта тұсына көшіру ешкімге ұнай қоймасы анық.
Исландиядағы мұздықтар мәйіті
Исландия ағылшын тілінен аударғанда «мұз елі» деген мағына береді. Бірақ жыл өткен сайын кәрі құрлық атауға сәйкестігін жоғалтып барады. Бұған дейін 2019 жылдың тамызында Оскёкуль мұздығы ресми түрде өмір сүруін тоқтатқан еді. Көршілес мұздықтардың ауданы да азайып келеді. 200 жылдан кейін аралдың толық еріп кетуі мүмкін.
Исландияның қоршаған орта және табиғи ресурстар министрі Гудмундур Инга Гудбрандссонның айтуынша, мұздықтардың еруі күрделі экологиялық және экономикалық проблемаларға әкеледі. Өсімдіктер мен фаунаның өзгеруі, коммуникация мен инфрақұрылымның бұзылуы, туризмнің, балық аулау мен ауыл шаруашылығының құлдырауы, сонымен қатар мұздықтарда «ұйықтап» жатқан вулкандық атқылау қаупі бар. Бұл исландиялықтардың эмоционалды жағдайына теріс әсер етуі мүмкін, өйткені халықтың бетке ұстар мақтаны көз алдында еріп барады. «Мұздан кейін» қысқаметражды деректі фильмінде Исландия мұздықтарының еру процесі шебер суреттелген.
Арктика «ажал» алдында
Ғалымдар Жердің климатын соңғы мұзаралық кезеңде, Солтүстік Мұзды мұхитта теңіз мұзы болмаған кезде модельдеді. Климатологтар қорқынышты нәтижеге қол жеткізді. Алдағы онжылдықтарда бұл сценарий қайталанып, қазіргі Арктикалық экожүйені толығымен бұзады.
Осыдан 130-115 мың жыл бұрын Жер бетінде соңғы мұз басу дәуірі билік құрды. Оны Микулино мұзаралығы деп те атайды. Сол кезде Арктикадағы температура өнеркәсіптік дәуірге және жаһандық жылынуға дейінгі 4-5 градус жоғары болды. Климатологтар бұл кезеңге үлкен қорқынышпен қарайды. Өйткені, Микулино мұзаралық қабаты адамзаттың кесірінен болған жаңа жылыну планетаны не күтіп тұрғанын көрсете алады.
Жаңа зерттеу авторлары жағдайды HadGEM3 соңғы климаттық моделін пайдаланып талдады. Мұның арқасында Микулино мұзаралық арктикадағы мұздың толық еруінің нақты сценарийін құрды. Ал сарапшылар бұл алдағы 15 жылда қайталануы мүмкін екенін ескертеді. Зерттеу нәтижесіне сай, Арктикадағы барлық теңіз мұзы 2035 жылға қарай ериді. Бұл солтүстіктің бірегей экожүйенің қайтарымсыз түрде жойылатынын білдіреді.
Мұз ішіндегі індет
Жаһандық жылыну тіпті арктикалық мәңгі мұзды балқытып жіберуге қауқарлы. Бұл жер қыртысының ешқашан ерімейді деп саналатын қабатының бір бөлігі деп түсіндіріледі. Ал ол бұзылса атмосфераға парниктік газдар – СО2 мен метан шығарылады да планетаны одан әрі «қыздырады».
Бұдан бөлек жер астындағы кәрі мұздың жолдар, газ құбырлары, ғимараттар мен басқа да нысандарды жермен жексен етуге шамасы бар. Джордж Вашингтон университеті қызметкерлерінің болжамы бойынша 2050 жылға қарай Ресейдің солтүстік қалаларының инфрақұрылымының кем дегенде 25 проценті осының салдарынан жойылады. Ал Аляскада 2099 жылға қарай мәңгілік мұздың еруі мен парниктік газдардың шығарылуынан келетін залал 5,5 миллиард долларға жетуі ғажап емес.
Ең қорқыныштысы, күн ыстығы алып мұздықтың түбіне жеткенде басталмақ. Өйткені мұз дәуіріне дейінгі адамдарды бейнетке салған бактериялар мен вирустар «оянуы» мүмкін. Бір мысал, қазіргі күні Ямал аралындағы сібір жарасының қайта өршуін осыдан 75 жыл бұрын мұз ерігенде табылған бұғының денесінен тараған деген болжам бар. Биологтар алып кристал құшағында патогенді микроорганизмдер болуы мүмкін екенін айтады. Бұған дейін адамзатқа белгілі болған испан тұмауы, шешек және бубондық оба эпидемиясы да мұз арасынан босап шыққан деседі. Америка құрама штаттарының зерттеушілері мұз үлгілерінен 33 вирустық популяцияны анықтаған. Қызығы сол, оның 28-і біз білетін індет.
– Вирустар шынымен қайта өмірге келе алады. Алайда біз оны болдырмауға емес, салдарын жоюға назар аударуымыз керек. Мәселен, коронавирус инфекциясы пайда болғанда біз вирусологиялық орталықтарға, вакциналарды зерттеу мен өндіру орындарына инвестиция салудың қаншалықты маңызды екенін түсіндік. Бактериялар мен вирустардың үлгілерін мәңгілік мұздықтардан алуға болады. Содан соң олардың залалсыздандырылған түрін жасап шығарып, су, топырақ, жануарлар мен адамдарды алдын ала індетпен күреске дайындауға болады, – дейді гляциолог Диана Владимирова.
Келешектен не күтеміз?
Орта Азияның жүрегінде, мұхиттардан алыс өмір сүріп жатқан біз үшін мұздықтардың мұңы ертегімен пара-пар. Ғаламдық мәселелер арасында оған бас ауыртатын қазақстандық ғалымдар да баршылық. Алайда атмосфераның ластанып, күн қызуының еселенуі биылдың өзінде қазақ елін қуаңшылыққа әкелді. Қаншама қандас қан қысымы мен аты жаман аурудан кетіп жатыр. Ал мұздықтардың суға айналуы адамзатқа қандай қасірет әкелуі мүмкін деген сұраққа ойланып көрдік пе?
Калифорниядағы Ирвин университетінің ғалымдары Гренландия мұздықтары еріп кетсе, мұхит деңгейі 7,4 метрге көтерілетінін есептеді. Егер Антарктида мұздықтары ғана суға айналса, мұхит 58 метрге дейін көтеріледі. Ал жер бетіндегі барлық кәрі мұздар Егер мұздықтардың бәрі еріп кетсе, су 65 метрге көтеріледі.
Мұхиттың тұздылығының төмендеуі кейбір балық түрлерінің жойылуына әкеледі. Бұл мұхиттық экожүйеге де, басқаларына да тізбекті реакцияға және жаһандық экологиялық апатқа әкелуі мүмкін. Егер мұхит суының тұздылығы төмендесе, жерасты суларында артады. Бұл сортаң топырақтар алаңының ұлғаюына және тұзды жерасты суларымен егістік алқаптарын суаруға жарамсыз болып қалады деген сөз. Демек азық-түлік жетіспеушілігі әлем елдерінің бас ауруына айналуы ғажап емес. Судың ащылығының төмендеуі су ағынын баяулатады. Мәселен, Солтүстік Еуропа аймағында ауаны жылытатын Гольфстрим ағысы істен шығуы әрі бұл іс жүзінде Еуропаға Кіші мұз дәуірін әкелуі мүмкін.
Мұздықтар еріген кезде, жердің өз осінің айналуы экваторға қарай «тартылады». Осының кесірінен жер айналу жылдамдығын баяулатуы мүмкін. Бұл тәуліктің бірнеше минутқа ұзаратынын білдіреді.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ