Біз COVID-19 пандемиясын тоқтата аламыз – ДДСҰ басшысы
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) коронавирустық инфекциямен күрестегі басты мақсаты – келесі жылдың қыркүйегіне қарай әлемдегі әр мемлекет халқының 70% вакциналау, деп хабарлайды Аzattyq Rýhy РИА Новостиге сілтеме жасап.
Бұл туралы бүгін Халықаралық Олимпиада комитетінің 138-ші сессиясында ДДСҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейсус мәлімдеді. «АИТВ, Альцгеймер сияқты дерттерге қарсы вакцина жоқ және мұндай аурулардың саны көп. Ал COVID-пен жағдай басқаша. Пандемияны біз бақылауымызға ала аламыз. Адам өмірін сақтап қалу үшін бізде қажеттінің бәрі бар. Біздің мақсатымыз – келесі жылдың қыркүйегіне дейін әр ел халқының 70% вакциналау, жаһандық жағдайды қалпына келтіру. Біз пандемияны тоқтата аламыз», - деді Тедрос Адханом Гебрейсус.
Ол 2022 жылдың қыркүйегіне дейін халықтың 70%-ын COVID-19-ға егу үшін қанша вакцина қажет екенін айтты. «Бұл мақсатты орындау үшін бізге 11 миллиард вакцина қажет болады. Бұл шұғыл шараларды қажет етеді», - деді Тедрос Адханом Гебрейсус «Пандемия қашан аяқталады?» деген сұраққа ол «әлем оны қашан аяқтауды шешкен кезде пандемия мәресіне жетеді» деп жауап берді. «Барлығы біздің қолымызда. Бізде қажетті құрал бар. Біз аурудың алдын аламыз, ауруды емдей аламыз. Пандемияны жеңе алмауымыздың себебі – нақты саяси міндеттемелердің болмауы және бұл бізді қатты ренжітеді. Барлық құралдар қолымызда болса да, біз пандемияны тоқтата алмай отырмыз. Үлкен жиырмалық елдерінің үкіметтері өздерінің ерік-жігерін көрсетіп, қолда бар қаражатты пайдалануы керек», - деп қорытындылады сөзін ДДСҰ басшысы.