Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Covid-19: Қауіп пен қауесет

Covid-19: Қауіп пен қауесет

Бүкіл адамзат бойын қорқыныш билеген тұста кез келген үрейлі және қуанышты жаңалық БАҚ беттерінде вирус секілді таралуда. Осы кезге дейін танымал ғаламтор сайттарында коронавирустың емі табылғанын сүйіншілеп шыққан жаңалықтар ондап саналады. Сонымен бірге ауру жұқтырмаудың амалдары мен індет туралы негізсіз фактілер де желі кезіп жүр. Жақында қайбір елде ондаған адам тазаланбаған спирт ішіп, жан тапсырғанын ұмытпаған боларсыздар. Бұның бәрі сенімді ақпарат көздерін бақыламағандықтан, жұрттың гаджет экранында жазылған жел сөзге сенгіш екендігін көрсетеді. Сондықтан пандемияға қатысты ақпараттар легін таразылап, назарларыңызға ұсынып ­отырмыз.
Италияндықтар көшеге ақшаларын лақтыруда
Бірнеше апта бұрын қазақстандықтар арасында мессенджерлер арқылы Италия тұрғындарының жиған-терген ақшаларын көшеге лақтырып жатқаны туралы қауесет тарады. Онда көпқабатты үйлер арасындағы жол бойында мыңдаған купюралар шашылып жатқанын байқауға болады. Мұндағы мораль – ауру жұқтырған адамды ақша өлімнен құтқармайтынын ұқтырса керек. Адамдарды байлығын мұқтаж адамдарға жәрдем беруге, қайырымдылық жасауға жұмсап үлгеруге шақырады. Желідегі жазбада бұл адамзат үшін үлкен сабақ екендігі де айтылған. Бірақ ақпарат шындыққа жанаса ма?
Өткен жылдың көктемінде Венесуэлада экономикалық кризис орнап, оның салдарынан банк, дүкендер мен сауда орталықтары жаппай тонауға ұшыраған. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының сөзіне сенсек, шашылған ақшаның көбі жарамдылығын жоғалтқан құны жоқ купюралар екен. Ал желіде тараған сурет сол жылдың 11 наурызында түсірілген. Суреттің Италияға еш қатысы жоқ. Ол 2019 жылдың 11 наурызында Венесуэлада түсірілген. Бір топ ер азамат Мерида қаласындағы ең ескі банктердің бірін тонап, гиперинфляцияның салдарынан құнын жоғалтқан боливарды өртеп, көшеге лақтырған.

Ухань қаласындағы мысықтарға вирус жұқты
Сәуір айының басында ғаламтор желісінде: «Уханьда коронавирусқа талдау алынған мысықтардың 15%-інен инфекция анықталды. Мұндай қорытындыны Ухань вирусология институты мен Хуачжун ауылшаруашылық университетінің ғалымдары жасады», – деген ақпарат тез тарады. Бұл көптеген адамдардың үй жануарымен қош айтысуына әкелді. Егер мысықтардың вирус жұқтыру оқиғасы шынайылыққа жанасаса, әлемдегі ахуал әлдеқайда қиын болушы еді.
Шын мәнінде Ухань мысықтарынан COVID-19 анықталды деген тақырып пен материалдағы алғашқы мәтін шындыққа жанаспайды. Мәтінде «зерттеу аясында вирус тарағанға дейін 39 және тарағаннан кейін 100 мысықтан қан талдауы алынған. Коронавирус тарағанға дейін мысықтар індет жұқтырмаған, бірақ вирус тарай бастаған соң 102 мысықтың 15-і инфекция жұқтырғаны мәлім болды. Ауқымы аз екенін байқаған боларсыз. Бірақ ақпарат күмәнді болса да зерттеу нәтижесі аздап ойландырады.
Сондай-ақ бұған байланысты биология саласындағы ғылыми алдын ала зерттеулер орталығы мәлімдеме жасады.
– BioRxiv порталына SARS-CoV-2 коронавирусына қатысты көптеген жаңа жұмыстар келіп түсуде. Ескерту: бұлар рецензиялаудан өтпеген алдын ала есептер. Оларға сенімді ақпарат көзі ретінде қарау, клиникалық тәжірибеде басшылыққа алу немесе оны бұқаралық ақпарат құралдарында сенімді ақпарат ретінде таратудың қажеті жоқ, – деді ғылыми орталық порталы.

Ауызды тұзды сумен шаю коронавирусты жояды
Коронавирус өкпеге жеткенге дейін төрт күн ішінде кеңірдекшеде қалады. Осы кезде науқас жөтеле бастайды. Егер ол көп су ішсе және аузын жылы сумен, тұз немесе сірке суымен шайса, ол вирусты жоя алады-мыс.
Дереккөзде бұл хабарды тарату керектігі, өйткені оны адамды құтқару үшін қолдануға болатыны айтылған. Кезекті жаңалық қаншалықты шындыққа жанасады?
Алдымен көп мөлшерде сұйықтық ішу медицинада құпталатын әрекет екенін айта кетейік. Қарапайым тұмау жұқтырған адамдар, әсіресе, жөтелгендерге оң әсерін береді. Дегенмен Оксфорд университетінің профессоры Труди Лангтың айтуынша, қанша көп су ішсек те, асқазанда вирусты жоятындай биологиялық механизм жоқ. Ал тұзды сумен тамақты шаю – індет жұқтырмаудың амалы екендігі туралы хабарды біреулер бұрмалап жіберген.
Негізінде Гуанжоу медицина университеті маманы Чжун Наньшан: «Мен барлығыңызға ауруханаға немесе басқа қоғамдық орындарға барар алдында тамағыңызды сұйылтылған тұзды сумен шайып, үйге оралғаннан кейін тағы да шаюды ұсынамын», – деген. Бірақ WhtsАpp желісінде оның сөзі бұрмаланып, бұл тәсіл вирусты толықтай жоюға көмектеседі деп тараған.

Коронавируспен ауырған 2 дәрігердің беті қарайған
Бірер күн бұрын отандық және әлемдік ақпараттық медиалар коронавирус індетін жұқтырғандардың сырт келбетінде өзгеріс болатыны жайлы әңгіме тарады. Нақтырақ айтсақ, науқастың бет әлпеті қарайып кететін көрінеді. Дәрігерлер бұның рас екенін мәлімдеді.
CCTV телеарнасының мәлімдеуінше, жыл басында Ухань орталық ауруханасының екі дәрігері – И Фан мен Ху Уейфың коронавирус індетін жұқтырып алған. Ем алу барысында екеуінің бет терісі қарая бастаған. Алдымен олар Ухань қаласындағы өкпе ауруханасында емделіп, кейін жергілікті “Тунцзи” ауруханасына ауыстырылды. Beijing TV хабарлауынша, тері түсі өзгеруінің басты себебі – дәрінің ағзаға жанама әсерінен. Соның салдарынан бауыр зақымданған әрі гормоналды теңсіздік (дисбаланс) басталған.
Қазіргі уақытта науқас дәрігерлер палатаға ауыстырылған. Дәрігер И Фанның жағдайы тәуір, тіпті CCTV теларнасына өзінің жағдайы туралы сұхбат берген. Ал дәрігер Ху Уейфыңның хәлі ауыр, оны бақылаушы дәрігер Ли Шушеңнің айтуынша, әлі ұзақ уақыттық ем керек.

«Zoom» қаншалықты қауіпті?
Тәжді вирустың таралуын тоқтату мақсатында көптеген елдер мектептерін жапты. Бірақ оқу бағдарламасын үзбеу үшін онлайн оқытуға көшкені белгілі. Осы тұста ондаған адам бір мезетте сөйлесе алатын Zoom бағдарламасы қолданысқа енді. Бірақ ондағы жиілеп кеткен қателіктер Қазақстан үшін қауіп төндіруі мүмкін деген әңгіме тарады. Танымалдылығы ­бойынша қазір әлемде барлық рекордты бұзып жатқан Zoom бағдарламасының екі осал тұсы анықталды. Қателіктердің – бірі қаскөйлер Windows операциялық жүйесінің құпиясөзін ұрлай алады. Екінші осал тұсы – MacOS пайдаланушының рұқсатынсыз микрофон мен камераға кіруіне мүмкіндік береді. Егер қысқа мерзімде мәселе жойылмаса, Қазақстан жаппай шабуылға ұшырауы мүмкін. Оның ішінде Zoom-ның уақытша аса танымалдылығының салдары бұдан да зор болуы мүмкін.
Мамандар бұл қолданушының қолында тұрған дүние екенін айтады. Яғни бағдарламаның ресми клиентінің көмегімен ұйымдастырылған және қауіпсіздік ережелерін сақтаған конференцияға қаскүнем сіз сілтеме мен конференция кілтін ашық қолданысқа берсеңіз ғана қол жеткізе алады. Конференцияларды бұзу мен трольдердің шабуылы туралы ФБР ескертуі осыған байланысты айтылған. ZoomBombing деп аталған шабуыл хакерлерге сіздің мәліметтеріңізді жеткізеді. Сондықтан құпия кодты және конференция нөмірін қорғалған желілер арқылы ғана адамдармен бөліссеңіз қауіп сейілетінін естен шығармаңыз.

Коронавирус белсіздікке себеп бола ма?
12 наурызда Хубэй провинциясы халық үкіметінің ресми сайты COVID-19 вирусы белсіздікке әкелетіні туралы мақала жариялады. Бұл жарияланым Қытайда бұқаралық резонанс тудырып, әлеуметтік желіде талқылана бастады. Бірақ бірнеше сағаттан кейін мақала ресми сайттан алынып тасталды. Соған қарамастан көптеген халықаралық БАҚ жаңалықты таратып үлгерді. Мысалы, Интерфакс Москва: «Ғалымдар ерлердің репродуктивті денсаулығына коронавирустың зияны туралы хабарлады», – десе, «Московский Комсомолец»: «Коронавирус ерлердің белсіздігіне әкелуі мүмкін», Global Times: «Коронавирус аталық безге зиян, ерлердің белсіздігін тудыруы мүмкін», – деп жарияға жар салды.
Жарияланған баяндама клиникалық зерттеуден өтпегені нық. Себебі бірнеше сағаттан кейін үкімет сайтынан алынып тасталғаны да көңілге кірбің ұялатады. Айта кетейік, MedRxiv.org ресурсы ғылыми немесе медициналық қауымдастық әлі қабылданбаған, мақұлданбаған мақалаларды жариялай береді. Сол себепті бұл анықталмаған ақпарат болуы мүмкін. Халықаралық медициналық қауымдастық растамаған зерттеулердің негізінде COVID-19 вирусы еркектің белсіздігіне әкеледі деп айту – қате.

Америка Қытайды сотқа берді
Қытай Халық Республикасына қарсы ұжымдық арыз берілді. Оның авторлары – 4 жеке тұлға, яғни Флорида штатының резиденттері және баскетбол орталығын басқаратын заңды тұлға. Арыз берушілер Қытайды жаһандық пандемияны тудырып, оның таралып кетпеуі үшін қажетті шараларды жасамады деп айыптап отыр.
Сонымен қатар, Қытайға вирустың АҚШ-қа енуіне тікелей себепкер болды деген айып тағылған. Ғаламторда тараған айыптаудың негізгі мәтіні осы.
Шынында да 12 наурыз күні АҚШ азаматтары расымен Қытай үкіметін сотқа беріп, коронавирус пандемиясы салдарынан кеткен шығынды өтеуді талап етті. Арызданушылардың пікірінше, Қытай мемлекеттік органдары жаңа инфекцияның қаншалықты қауіпті екенін біле тұра «баяу әрекет етіп, жеке экономикалық қызығушылықтарын алға тартты». Соған қоса, жауапқа тартылғандардың әрекеті есептеуге келмейтін шығын әкелді және ол әлі де өсіп жатыр.
Арыз берушілердің сөзіне сенсек, Қытай үкіметі жаңа коронавирустың қауіптілігін әдейі кемітіп көрсетіп, әлемдегі әріптестеріне геномның мағынасын ашқан нәтиже мен вирустың адамнан адамға берілетінін хабарламай, созып жүріп алған. Арызданушылар: «Си Цзиньпин инфекцияның таралуын тоқтатуды тек 22 қаңтар күні тапсырды, ал 18 қаңтарда вирустың адам үшін қауіпті екеніне қарамастан Ухань билігі 40 мың отбасыға арналған ас ұйымдастырды» – деп айыптап отыр.
Дайындаған Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
28 сәуір 2020 ж. 595 0

Әлеуеті артқан ауыл

26 қараша 2024 ж. 58

Ереулі атқа ер салмай...

26 қараша 2024 ж. 51

Агросалада қарқын бар

26 қараша 2024 ж. 51

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930