Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа жылды тойлаудың түрлері туралы

Жаңа жылды тойлаудың түрлері туралы

Әлемнің әр түкпірі жаңа жылды әрқалай атап өтеді. Бұған негіз ұлттардың тарихы, дәстүрі сонымен бірге өздері үшін маңызды атаулы күндері. Бүгін біз жаһанның жеті бұрышында адамдар жаңа жылды қалай қарсы алатыны туралы айтамыз.

Көршілес қытайлықтар жаңа жылды көктемде күтеді. Оны айдың фазасына қарап анықтайды. Әр жыл 12 жануардың біреуіне арналады. 2020 жылы жаңа жылға ауысатын күн 24 қаңтарға келеді. Көктем мейрамының шежіресі 4000 жылға жуықтаған. Мұнда әулеттің ең үлкен жиыны өтеді. Батыстағыдай бүкіл отбасы мүшелері жиналады. Бірақ бір ерекшелігі олар қалада емес, өздері туып өскен ауылдарына, қара шаңыраққа қайтады. Осының салдарынан көлік қозғалысы кептелісі екі-үш апталап кезек күттіреді екен.

Мереке Шан династиясының тұсынан бастау алады. Ол уақытта көктем фестивалі қытай наным-сеніміндегі балалар мен үй жануарларын жеуші «Нянь» атты құбыжықты қуу үшін ұйымдастырылған. Нянь қызыл түс пен шулы жерлерден қашқақтайтын болғандықтан да барлығы қызыл түске безендіріледі. Бастысы көшеде өте шулы көңіл-күй қалыптасуы тиіс.

Тайландта жаңа жылды 13 сәуір күні қарсы алады. Сонгкран мерекесі ежелгі үнділердің күнтізбесіне және жауын маусымының басталуына орай ұйымдастырылған. Ең алдымен тайландтықтар будда монахтарына мерекелік дастарқан ұйымдастырады. Будда мүсіндерін тазалап, раушан мен жасмин гүлі араласқан сумен жуады. Бұл күні көшеде үстіне су тимеген адамды кездестіру қиын. Су пистолетін, шелек ұстаған адамдар көшеде бірінші кездескен адамға су құюға даяр тұрады. Бұл олардың сенімінде тазалану, рухани жаңару болып саналады. Бір жыл бойына жиналған ашу-ыза мен негативті осылайша сумен шайып тастайды.

Жаңа жылдың 365 күнде жалғыз рет болатыны белгілі жәйт. Ал сіз Индияда өмір сүрсеңіз, бірнеше рет жыл жаңаруын тойлауға мүмкіндік бар. Ең негізгі дәстүрлі мейрам Гуди-падва наурызда аталып өтеді. Көптеген штаттарда жылды сондағы өмір сүріп жатқан ұлыстардың күнтізбесіне байланысты қарсы алады. Ең танымал үнді жаңа жылы ол Бенгалдық мереке – Холи. Бояу тойы көктеменің басында өтеді. Бірінші түні Холик құдайдың тұлыбын өртейді. Төрт түлік малды жанып тұрған оттың үстінен айдап, өздері шоқтың үстінен жүріп өтеді. Әрі қарай бір-біріне бояу жағып, су шашу ойыны басталады.

Израиль халқы жаңа күнді күзде күтеді. Еврейлердің Рош-ха-Шана мерекесі қыркүйек пен қазан аралығында аталады. Тойлау кезінде бал қосылған алма жеу әдетке айналған. Бұл келер күн тәтті, мұңсыз, тек қуанышқа толы болсын дегенге саяды. Құдайларға қызмет кезінде міндетті түрде шофар мүйізі тағылуы керек. Құдай сотына шақырылу мен тәубеге келудің нышаны ретінде қарастырылады.
1 қаңтар Грекияда тек жаңа жыл емес, сонымен қатар Қасиетті Василий күнін еске алу рәсімі өтеді. Дастарқанның басты тағамы жидек пен жаңғақ қосылған бәліш – василопита. Бәліштің ішіне монета жасырып пісіреді. Монета бар бөлігі қолына тиген жан жаңа жылда ең бақытты адам болады деп сенеді. Тарихы Қасиетті Василий кедей-кепшікке ақшаны осылай бәлішке салып таратқан деген деректен бастау алады. Грекияның кішкентай бүлдіршіндері сыйлықты Сантадан емес осы Василийден күтеді.

Самайн – кельттердің бағзы мейрамы. Шотландияның тұрғындары бітік шыққан егінді жинап болғандығы мен жаңа жылдың келуін қатар тойлайды. Христиандық дін елді жайлағаннан кейін Самайн күніне дейінгі түн атақты мейрам Хеллоуин тойланатын болған.
От, шырақ, алау – міндетті атрибуты ретінде жүреді. Алаудың үстінен малды айдап, оттың үстінен адамдар секіріп өтеді. Бұл ежелден келе жатқан наным-сенімнің бірі – рухты отпен тазалау екені анық. 31 қазаннан 1 қарашаға ауған кезде Шотландия, Ирландия және Мэн аралында жаңа жылды күтеді.

Байқағанымыздай, біздегі Наурыз мейрамы секілді ұлыстар мен ұлттардың дәстүріне, тарихына негізделген жыл жаңаруын күтетін атаулы күндері бар. Сонымен бірге аталған елдерде жаһан жұрты бірлікте тойлайтын Жаңа жыл мейрамы да аталып өтеді.

Дайындаған
Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ
04 қаңтар 2020 ж. 905 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930