Тартымды адамға айналу үшін
Жаманмен сөйлессең, еңсең басылады.
Халық даналығы
Кей адамдармен сөйлескенде, олардың ерекше күш-жігерін сезінеміз. Айрықша сұлу болмаса да, тартымдылығымен баурап алып, әдемі әсер сыйлайды. Ондай адамдармен қайта-қайта сөйлессек те, жалықпаймыз. Көптің арасында жақұттай жарқырап, айналасын өзіне ерекше тартып тұратын адамдардың сыры неде?
Бастысы – жан-дүниенің тыныштығы, жақсы мінез. Адамдарды үйіріп ала білу үшін жан-дүние кіршіксіз таза, сұлу болуы керек. Нашар ойлардан аулақ жүріп, ешкімге жамандық тілемеңіз. Егер айналадағы адамдарды ұнатпай, өміріңізге көңіліңіз толмай жүрсе, қанша жерден әртістік қабілетіңізді қолдансаңыз да, ол нәрсе анық байқалады. Шынайы күле алмайтын адамның жан-дүниесі ешқашан тазармайды.
Келбеттің көркі – екінші сатыда тұрса да, маңызды жайт. Әйелдің бәрі әдемі. Толық болыңыз, арық болыңыз, ұзын болыңыз, қысқа болыңыз, ең бастысы – тазалық пен талғам. Талғаммен киініп, таза, күтімді болып жүрсеңіз, сізбен кез келген адам әңгімелесуге дайын тұрмақ.
Негізгі жұмысыңыздан бөлек, айналысатын өзге бір ісіңіз болсын. Мысалы: қолөнер, спортпен шұғылдану, фотоға түсіруді үйрететін курсқа жазылу, т.б. Бос кеңістік сияқты білімсіз болмаңыз. Әйтеуір бір нәрсе жайлы оқып, біліп, дүниетанымыңызды арттырып жүріңіз. Тіл үйреніп, әлдебір ел жайлы зерттеп, бір нәрсеге қызығып, бір сала жайлы ізденіп, көкжиегіңізді кеңейтіңіз. Мысалы: Африкадағы халықтар, ағылшын тілі, Нью-Йорктің асханасы сияқты т.б. тақырып аясында оқып, ізденіп жүрсеңіз, өз өміріңіз де қызықты бола түседі.
"Білімді адамның оқыған кітаптары жүзінен көрініп тұрады" деседі. Кітап – сізді ешқашан құрдымға жібермейтін құндылық. Кітаптың сиқыры сонда, қаншалықты көп кітап оқыған сайын, соншалықты күш-қуатқа ие боласыз.
Нашар әдеттен аулақ жүріңіз. Темекі, арақ-шарап – қыз бала үшін жат қылық. Әсіресе қазақ жігіттері қыз баланың нашар әдеттерге құмар болғанын қабылдай алмайды. Күле біліңіз! Адам күлуден қорықпау керек. Жайдарлы болып жүрсеңіз, өз көңіл-күйіңізбен өзге адамдарға да бір тамшы қуаныш сыйлайсыз.
Өміріңіз – өз қолыңызда!
massaget.kz