Белес пен бедел биігі

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі М.Ергешбаев модераторлық еткен кезектен тыс конференция нақты төрт толымды мәселеге маңыз беріп, басымдықтарды айқындады
Жасампаздық пен әлеуметтік даму кезеңіне баланатын партияның 20 жылдық белесі мен «Нұр Отанның» 2030 жылға дейінгі бағдарламасы туралы байыпты баяндама жасаған «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Мәмбетжан көптің көкейіндегісін дөп басып, ортақ іс, байыпты бастама, бірлікті жолда береке барын ұғындырды.
«Өз халқының өркендеуі жолында қалтқысыз қызмет еткен, сенімді тірек, кәсіби қалыптасқан командаға айналған партия бірігу үрдістері арқылы көкейкесті мәселелердің күрмеуін тарқатып, шешімін табуына күш-жігерін жұмылдырып келеді. Миллионнан астам мүшесі бар «Нұр Отанның» жиырма жылдық мерейтойы мереке ғана емес, ел дамуының маңызды белесі», – деді аудандық партия филиалының бірінші орынбасары конференцияға жиналғандар алдында.
ҚР Президентінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты 2018 жылғы Жолдауын іске асыруда Қазалыда жүзеге асқан жұмыстар жайында аудан әкімінің орынбасары, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы саяси кеңесінің мүшесі Ә.Жарылқағанов атап өтті.
Өткен жылды толымды табыстармен қорытындылаған аудандағы әлеуметтік ахуал тұрақты.
Ана өлімі тіркелмесе, бала шетінеу саны азайған. «Ангиограф» аппараты ауруларды анықтауды жеңілдетпек. Жекеменшік әріптестік аясында емдеу орындары жаңадан бой көтеріп, аудандағы медицина саласындағы батыл бетбұрыстар аудандық аурухананың ауданаралық статусын алуына мүмкіндік тудырған. Медициналық сақтандыру тәжірибесі көпшіліктен қолдау тауып, оны жүзеге асыру жұмыстары жақсы жүргізілуде.
Жолдауда басымдылық беріліп отырған білім бөліміндегі еселі қиындықтар еңсерілген. Бірнеше тәрбие, тәлім орындарының жылу жүйесі қалыпқа келіп, жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заманауи қондырғыларға қолжетімділік артқан. Қос ауысымда сабақ оқитын сондай-ақ апатты жағдайдағы мектептер жөнге келіп, мектепке дейінгі мекемелермен бүлдіршіндерді қамту жолға қойылған.
Салауатты өмір салтын ұстанатын спортсүйер қауымға да серпінді жол ашылған.
Елбасы белгілеген Жастар жылының да жоспарлы жұмыстары нақтыланған. Мәселен, жаңа кәсіппен айналысатындарға қолдау көрсетіліп, әр салада белсенділік танытқан ел ертеңдерін ынталандыру мақсатымен Ғани Мұратбаев атындағы жастар сыйлығын тағайындау шарасы қолға алынған.
«Шилі» атындағы бастауыш партия ұйымының төрағасы Ұ.Қалиев «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалының кезектен тыс ХХІІ конференциясына ұсынылған делегаттармен таныстырды.
Конференцияда сөз алған Мәжіліс депутаты Б.Мамраев басты капитал – адами құндылыққа маңыз берген мемлекет ұстанған саяси бағыт жайлы ойымен бөлісті.
Жеделдік жақсылыққа жол ашатынын алға тартып, жастарға заман ағымына ілесіп, дамуға күш-жігерін жұмылдыру керектігін ерекше атап өтті.
Дептутат қаузаған педагогтар статусының айқындалып, лайықты бағалануы парламентте қызу талқыланып жатқандығы көпті қанаттандырды.
Облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары Е.Байтілес «Нұр Отан» партиясы қолға алған 20 жасампаз істің бірі жаңарған Қазақстандағы жасампаздық жол жаңғыруға бетбұрыс екенін жеткізді.
Конференцияға қатсушылар күн тәртібінде қаралған мәселелер мен жиын жүктеген міндеттердің барысымен танысып, алдағы ахуалға қанықты.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА