Құрылысы қайнаған, айналасы жайнаған

Бүгінде Қазалы ауданы жаңғыру мен жаңарудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Облыс көлемінде қолға алынған ауқымды бастамалар Қазалыға да серпін беріп, шалғайдағы елді мекендерде әлеуметтік нысандар жаңарып, инфрақұрылым күшейіп келеді. Ауылдар мен кент көркейіп, жергілікті тұрғындардың тұрмысы жақсарып, кәсіпкерлік белсенділік әлдеқайда артып отыр. Соның айғағы ретінде шілденің 21-і күні жоспарланған баспасөз турында ауданның бірнеше маңызды нысанын аралап, әкімдік қолға алған бастамалардың нәтижесін көзбен көрдік.
ҚАРЛАН КӨПІРІ ҚАЙТА ЖАНДАНДЫ
Баспасөз туры аясында ең алдымен барған нысанымыз Қазалы мен Кәукей арасындағы көлік жолының 16-шақырымында орналасқан темірбетон көпір болды. Жергілікті халық бұл өткелді «Қарлан көпірі» деп атайды. Бұрын тоқтап қалған құрылыс қайта қолға алынып, бүгінгі күні толық қарқынмен жүріп жатыр.
Көпірдің құрылысы алғаш 2022 жылы басталғанымен, мердігер компанияның міндеттемелерді толық орындамауына байланысты келісімшарт біржақты бұзылған. Кейін жаңа тендер жарияланып, нәтижесінде «НұрлыТау ЛТД» серіктестігі жобаны жалғастыру құқығына ие болған. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың мамыр айында қайта жанданды.
Қазіргі уақытта нысанда құрылыс қызу жүргізілуде. Техникалық бақылауды «Достар Строй Групп» компаниясы жүзеге асыруда, ал орындалып жатқан жұмыстың сапасы мен талаптарға сәйкестігіне инженер Жасұлан Жарасов жауапты. Оның айтуынша, болашақ көпірдің ұзындығы – 248 метр, ал жолдарымен бірге жалпы ұзындығы 2000 метрден асады, ені – 13 метр. Көпір сегіз тіреу мен жеті аралықтан тұрады.
– 2022 жылы аталған көпір құрылысына облыстық бюджеттен 4,2 млрд теңге ақша қаралған. Мемлекеттік сатып алу нәтижесінде «Стандарт Ойл» ЖШС ұтып алған. Дегенмен де, олар өзіне міндеттелген функцияларды мерзімінде орындамағаны үшін келісімшарт біржақты бұзылған. Сол себепті 2024 жылдың қараша айында екінші рет конкурс жарияланып, «Нұрлы тау» ЖШС-мен келісімшартқа қол қойылып, қайта жандандыру жұмыстары тыңғылықты жүруде. Бізде дамбының арғы бетінде бұрғылау жұмыстары жүріп жатыр. Келісімшарттың жалпы құны – 3,8 млрд теңге, – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Тұрар Ідірісов.
АУЫЛ ӨМІРІНЕ ЖЫЛУЛЫҚ ЕНЕДІ
Бұдан кейінгі аялдама – Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев ауылдары. Аталған елді мекендерге табиғи газ тарту жұмыстары бүгінде қарқынды жүріп жатыр. Магистральды газ құбырларының құрылысы белгіленген мерзімге сай жүргізіліп, жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Бұл жобаның нәтижесінде ауданның газдандыру көрсеткіші 73 пайызға жетпек. Демек, тұрғындар үшін жылу мен жайлылық қолжетімді бола түседі. Ауыл халқы бұрынғыдай қатты отынға тәуелді болмай, заманауи өмірдің игілігін сезінетін болады.
– Көріп тұрғандарыңыздай, ауылдарды магистральды газбен қамтамасыз ету жұмыстары тыңғылықты жүріп жатыр. Жоба құны – 3,7 млрд теңге. Жалпы жобада 56 шақырым газ құбырын қондыру жұмысы межеленген. Бүгінде оның 50 шақырымға жуығын бітірдік. Енді алты шақырымын аяқтайтын болсақ, негізгі жұмысты тамамдаймыз. Ал іске қосу мерзімі қазан-қараша айларына жобаланған, – дейді атқарылып жатқан жұмыстар жайлы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Айдан Ниязов.
Атап айту керек, бұл бес ауылдан бөлек Өркендеу, Бірлік ауылдарын да газбен қамту жобасы әзірленіп жатыр.
ЖОЛ ЖАҢАРЫП, ҚАТЫНАС ЖЕҢІЛДЕМЕК
Қазалы ауданында өтіп жатқан баспасөз туры аясында тілшілер тобы бірқатар инфрақұрылымдық нысанның жұмыс барысымен танысты. Осы орайда жолымыз Бекарыстан би мен Жаңақұрылыс ауылдарын жалғайтын аудандық маңыздағы автомобиль жолына түсті. Аталған учаскеде жөндеу жұмыстары қарқын алып, құрылыстың қызған шағына куә болдық. Мамандардан мән-жайды біліп, жобаның негізгі ерекшеліктеріне де қанықтық.
Бекарыстан би мен Жаңақұрылыс елді мекендерін байланыстыратын аудандық маңыздағы автомобиль жолында бүгінгі күні жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 6,5 шақырымды құрайтын жолды жөндеуге облыстық бюджеттен 855 миллион теңге бөлінген. Жоба аясында бұл бағытта 18 см қалыңдықта үшқабатты асфальт төсеу жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта мердігер мекеме – «Қазалы жолшы» ЖШС тарапынан жолдың 5 шақырымына екіқабатты асфальт төселіп, құрылыс жұмыстары белсенді түрде жалғасуда. Бұл жөнінде аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Нұрдәурен Есенғалиұлы мәлімдеді. Оның айтуынша, жолды жөндеу жұмыстары осы айдың соңына дейін толық аяқталады деп күтілуде. Ал жалпы құрылыс мерзімі жеті айға жоспарланған.
Айта кетейік, бұл бағытта бұрыннан жол болғанымен, ол уақыт өте келе тозып, жарамсыз күйге түскен. Қазіргі жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу – ауыл халқы үшін аса маңызды. Себебі бұл жаңа жол тұрғындардың аудан орталығына қатынауын жеңілдетіп қана қоймай, көлік қозғалысының қауіпсіздігін де арттырады.
МАЙДАКӨЛГЕ МӘДЕНИ СЕРПІН
Байқағанымыздай, Қазалыда ауылдарға басымдық беріліп жатыр. Ауылдар газбен қамтамасыз етіліп ғана қоймай, мәдениет пен өнер ошағына айналмақ. Дәлірек айтқанда, алдағы уақытта Майдакөл ауылында 100 орындық клуб қолданысқа берілгелі тұр. Бұл туралы ауыл әкімінің міндетін уақытша атқарушы Жақсыбай Әлішер толығырақ қамтыды.
– 2024 жылдың мамыр айында жалпыконкурстық тендер арқылы 400 млн теңге бөлініп, мердігер мекеме «Намыс Құрылыс» болып анықталды. Қазіргі сәтте құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Анығын айтқанда, ішкі жұмыстар мен сыртқы абаттандыру жұмыстары. Ғимаратты алдағы қазан-қараша айларында тапсыру жоспарда, – дейді ол.
Оның сөзінше, қаражат республикалық бюджеттен бөлінген. Сонымен қатар, мұнда мәдениет үйі бірінші рет салынғалы жатқан жоқ. 2010 жылы ауыл халқының көмегімен салынған. 1035 тұрғыны бар ауылда ән, би, қолөнер, көркемсөз, домбыра үйірмелерінде 65 бала тәлім алады.
ЖАҢА ИНСУЛЬТ және КАРДИОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫ САЛЫНУДА
Қазалы аудандық көпбейінді орталық аурухананың жанынан 42 төсектік жаңа медициналық орталықтың құрылысы басталды. Инсульт және кардиология бағытындағы бұл нысан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында қолға алынған.
Жалпы құны 1,9 млрд теңгені құрайтын жобаның бас мердігері – «СМП Қызылорда» ЖШС. Құрылыстың аяқталуы 2025 жылдың соңына жоспарланған. Қазіргі сәтте нысан басында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.
Жобаның басты мақсаты – аудан тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек ұсыну. Орталық толық пайдалануға берілген соң, мұнда инсульт пен жүрек-қан тамырлары ауруларына қатысты диагностика мен емдеу қызметтері жолға қойылады. Ең басты жаңалықтың бірі – көптен бері сұранысқа ие болған магнитті-резонанстық томография (МРТ) аппараты осы орталыққа орнатылмақ.
– Инсульт орталығында 2025 жылдың алты айында 615 науқас емделіп шықты, ал оның 270-іне ота жасалды. Жалпы, орталықтың діттегені – мүгедектікті азайту және халыққа дер кезінде көмек көрсету. Қазіргі сәтте Арал, Қазалы, Қармақшы, Байқоңыр өңірлерінен науқастар келіп, ем алып жатыр. Қорыта айтқанда, ауданымызда денсаулық сақтау саласында қарқынды даму байқалады. Бұрындары ауыр диагноздарды тек облыс орталығына бару арқылы емдеу керек болса, қазір алысқа аттап керек емес, – дейді бас дәрігердің орынбасары Сейілхан Артықбаев.
Медициналық орталық құрамында екі негізгі бөлім болады: инсульт және кардиология. Инсульт бөліміне 1 дәрігер, 10 мейіркеш және 6 кіші медициналық қызметкер бөлінсе, кардиология бөліміне 3 дәрігер, 1 реаниматолог, 21 мейіркеш және 15 кіші буын қызметкері қарастырылған. Бұл қызмет сапасын арттырумен қатар, кадр тапшылығын азайтып, науқастарға дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, бұл орталық ауданға тиісті бағыттағы медициналық мамандарды тартуға, олардың біліктілігін арттыруға да жол ашады. Сәйкесінше, шалғай ауыл тұрғындары үшін де күрделі ауруларды бастапқы кезеңінде анықтап, дер кезінде емдеу мүмкіндігі туады.
ТЕМІРЖОЛ ВОКЗАЛЫ мен КӨПІР ҚҰРЫЛЫСЫНДА ҚЫЗУ ЖҰМЫС ЖҮРІП ЖАТЫР
Тур аясында тілшілер аудан орталығындағы теміржол вокзалы мен оның жанында жаңадан бой көтеріп жатқан жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысымен танысты. Бір ғасырлық тарихы бар Қазалы вокзалы бүгінде күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Ал тұрғындар күніне жаппай қатынайтын көпір – жаңартылуы ұзақ күткен стратегиялық нысанның бірі. Екі жобаның да іске асуы ауданның инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы маңызды қадам болып отыр.
«Бақ береке» ЖШС – қайта жандандыру жұмыстарын қолға алған мердігер компания. Құрылыс сәуір-мамыр айларында басталған. Құрылыс барысында ғимараттың шатыры толығымен жаңартылмақ. Сондай-ақ, сырты толығымен заманауи материалдармен қапталуда. Вокзал сыртын абаттандыру жұмыстары да осы жоба төңірегінде жүзеге асырылады. Жалпы вокзал тарихы мен құрылысы туралы аудан әкімінің орынбасары атап өтті.
– Жалпы, вокзал 1905 жылдан бері қолданыста. Содан бері 2013 жылы қажетті мәселелерге қарай күрделі жөндеу жұмыстары жүрген болатын. Вокзал ішінде онша өзгерістер болмайды. Тек жабдықтар түбегейлі ауысады, – деді Мұрат Әбсұлтанов.
Әкім орынбасары жаяу жүргіншілер көпірі жайлы да аз-кем мәлімет берді.
– Сонымен қатар, аудан орталығының 5-ші квартал аумағында 13 мыңға жуық тұрғын бар. 40-50 жыл бұрынғы жаяу жүргіншілер көпірі қазіргі күні тиімсіз. Соған сәйкес ҚЖТ акционерлік қоғамының қолдауымен заманауи үлгіде көпір салынып жатыр. Жоба құны 1,3 млрд теңгені құрайды, – деді ол.
ТҮЙІН. Баспасөз туры аясында Қазалы ауданында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға көз жеткіздік. Құрылыс, инфрақұрылым, денсаулық сақтау, мәдениет, білім беру мен спорт – барлығы да ел игілігі үшін бір арнаға тоғысқан. Әсіресе, шалғай ауылдарды газдандыру, жаңа мектептер мен мәдениет үйлерінің бой көтеруі, медициналық қызметтердің сапасын арттыру бағытында қолға алынған бастамалар – нақты нәтижеге бағытталған істердің айғағы.
Мұның бәрі аудан басшылығының, жергілікті билік пен жауапты мердігерлердің үйлесімді жұмысы мен мемлекеттік бағдарламалар аясындағы жүйелі қолдаудың нәтижесі. Қазалы бүгінде нақты жобалармен, шынайы істермен дамып келе жатқан, құрылысы қайнаған, айналасы жайнаған өңір екенін осы жолғы баспасөз туры тағы бір мәрте айқын көрсетті.
Айтілес ЖАЙШЫЛЫҚ