Аптап ыстық, найзағай, бұршақ: 2 тамызға арналған ауа райы болжамы жарияланды
2 тамызда Қазақстанның көптеген өңірінде ауа райы құбылмалы болады. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК хабарлады.
Фото: Pexels

Синоптиктердің мәліметінше, еліміздің батысына антициклон ықпалы жетіп, жауын-шашын тоқтайды деп күтіледі.
Ал Қазақстанның қалған өңірлерінде циклон әсері сақталып, атмосфералық фронтальды бөліктердің өтуіне байланысты жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Солтүстік пен шығыста қатты жаңбыр жауып, жекелеген аудандарда бұршақ жаууы ықтимал.
Республика бойынша жел күшейіп, кей жерлерде дауыл тұрады. Елдің оңтүстік-батысында шаңды дауыл болады деп болжануда. Солтүстік пен орталықта түнде және таңертең тұман түсуі мүмкін.
Күндіз Атырау облысында - 35-38 градус, Маңғыстау облысында - 38-40 градус, Батыс Қазақстан облысының оңтүстігінде 35-36 градус аптап ыстық күтіледі.
Бұдан бөлек, бірнеше өңірде өрт қаупі артады. Абай облысында, Павлодар облысының батысы мен солтүстігінде, Батыс Қазақстан облысының батысында, Қарағанды облысының солтүстігінде және Маңғыстау облысының солтүстік-шығысында жоғары өрт қаупі сақталады.
Сондай-ақ Түркістан, Алматы, Жетісу, Қызылорда, Жамбыл, Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Ұлытау, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының бірқатар бөлігінде төтенше өрт қаупі күтіледі.