Кімге алғыс айтамыз?
Алғыс айту күні байырғы бабамыздың мерекелер тізімінде болмағанын жақсы білеміз. Бұл тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттар достастығының символы ретінде, Қазақстан халықтарының достастығы ассамблеясының құрылуына байланысты белгіленген еді. Содан бері ондаған жылдар бойы кезінде Кеңес үкіметінің солақай саясаты әсерінен жер аударылғандар, қуғын-сүргін көргендердің елдегі ұрпақтары қазақ халқына ризашылығын білдіретін мереке ретінде тойланып келеді. Бірақ соңғы жылдары осыған байланысты екіұдай пікір пайда болды.
Алғашқы пікір орынды. Қазақ жеріне айдалған Кеңес құрамындағы ұлт өкілдері қонақжайлылық пен қиын кездегі бір жұтым ас үшін дархан көңіл танытқан қазақ халқына жылы лебіз білдіріп, алғыс айту қалыпты түсінік. Биылдан бастап еліне еңбегі еленген, белгілі бір деңгейде батылдық көрсеткен және қызметте жоғары нәтиже көрсеткендерге де ризашылық білдіру керек деген идеологиялық шешім енгені ешкімге жасырын емес. Мұндай тапсырманы «орындалды» етуде ешқандай мәселе болмауы мүмкін. Беделді тұлғалар жиын, концертте төгіле тілек айтуы қиын емес. Өзіне жылы лебіз, алғаусыз алғысты елдегі 130 ұлт өкілдерінен естігенді жөн санайтындар мұндай қойылымды жан дүниесімен сезінбесі анық. Ендеше Алғыс айту күнінің мән мағынасын бұра тарту кімге керек? Әлде саясаткелер мұны қазақстандық ұлттар арасындағы теңдікке, достыққа сызат салады деп қауіптенеді ме? Шын мәнінде, кейкілжің жер иесі, ел қожасына деген сыйластықтың төмендеуінен орын алып жатады. Ендеше мұндай идеологиялық саясаттан пайда күту қателік.
Өткен жылы «Сыр бойы» газетіне философия ғылымдарының докторы Баймырза Қожамберлиев «Алғыс айту философиясы» деген тақырыппен толымды зерттеу жариялады. Автор мерекенің бұрмаланатынын, оны даталы күндер тізімінен алып тастауды көздейтіндерді сынады. Мұны ол кейбір жандардың мерекені көпсінуі, бәлкім, оның ел күнтізбесіне енді ғана енуімен немесе бұл күннің белгіленуіне себепші болған жайлардан хабарының жоқтығына байланысты пайда болды деп ойлайды. Әйтпесе Құранның Лұқман сүресіндегі Алла тағаланың: «…Маған деген шүкірлерің мен адамдарға деген алғыстарың үшін сендерді сыйға бөлеймін» деген үкімінен тәубе мен алғыс үшін екі дүниеде жақсылық бар екендігін ұғуға болтынын, Пайғамбарымыздың өз хадистерінде «Адамдарға алғыс айта алмаған адам, Аллаға шүкір ете алмайды» дегенінің де терең тағылымы бар екенін айтады.
– Елімізді мекендеген этнос өкілдері, кешегі қуғын-сүргінді бастан кешкендердің ұрпақтары, әсіресе қазақ жеріне бала да болса, ес біліп, етек жапқан жасқа келгендер, бастамаға бірауыздан қолдау білдіріп, өз пікірлерін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап жатты. Әсіресе сол жылы барлық телеарналар жарыса көрсеткен «Ризамын, елім, саған!» атты бейнероликте күрд халқының ақсақалы, академик Нәдір Нәдіровтің, шешен-ингуш халқының бетке ұстар азаматы, Мәжіліс депутаты Мұрад Ахмедовтің, балқар халқының қайраткер қызы Людмила Хочиеваның, түрік ағайындардан шыққан белсенді кәсіпкер Аскер Пириевтің, грек халқының өнерпаз өкілі Лаки Кесоглудың:
– Қамқалы тонын кигізіп,
Ас-суын алдан тосқаны үшін.
Тіліміз бен ділімізді сақтап,
Қатарға қосқаны үшін,
Ризамыз қазақ халқына! – деген сөздері тыңдаған адамды бейжай қалдырмайтын, жүректен шығып, жүрекке жететін сөздер еді.
Ғалымдар «Алғыс айту» күнін тарих ақтаңдақтарын ашу үшін аса қажет шара деп, ал ұстаздар қауымы жастардың бойына адамгершілік, қайырымдылық, туған жерді сүю, еліңнің ізгі қасиеттерін біліп, бағалау қасиеттерін сіңіретін мереке екенін айтады.
Айталық Америкада аталып өтетін ризашылық білдіру күнінің (День благодарения) мерекеленуі Рождестводан немесе Жаңа жылдан кем түспейді. Америка құрлығын отарлаушылар 1621 жылы қаһарлы қыстың құрсауында қалып, аштыққа ұшырайды. Сонда жергілікті үндістер аяушылық танытып, бірнеше күркетауық әкеп, оларды тамақтандырады. Мұны айналадағы басқалар да қоштап, бұл дүйім жұрттың қаһарлы қыстан аман-есен өтуіне себепші болған деседі. Сол кезден бастап бұл күн аман-есен қалғандары үшін Жаратушыға құлшылық ету және көмек қолын созғандарға ризашылық білдіру күні ретінде аталып өтеді. 1789 жылы Джордж Вашингтон ризашылық білдіру күнін «Ұлттық мереке» деп жариялайды.
Қазақ халқы үшін, қиналғандарға қамқорлығын аямайтын, жасаған жақсылығын сатпайтын, құшағына алған қанша жұрт қайырымдылығын айтып, тәу етіп жатса масаттанбайтын халқымыз үшін бұл басқа елдерде бар болғандықтан белгіленген мереке емес, бұл – қажеттілігін уақыттың өзі талап еткен, ХХ ғасырдың зұлматы қайталанбауы үшін оны бастан кешкен халықтар жадысын жаңғырту мақсатында пайда болған мереке. Мерекенің басты мақсатының бірі өскелең ұрпақты достық, бір-біріне деген құрмет пен толеранттылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу, Қазақстанда этникааралық келісім мен ұлтаралық қарым-қатынасты нығайту. Әрине мереке біздің менталитетке сай емес деушілер табылар. Дегенмен, жылдың бір күнінде не үшін рахмет айту керек екенімізді ойлана жүрсек артық етпейтін секілді, – дейді профессор Б.Қожамберлиев.
Айлар жылжып, жылдар өткен сайын ұрпақ санасындағы жад жаңара беретіні қалыпты жағдай. Өткен ғасырдың бірінші жартысында қиындық көрген өзге ұлт өкілдерінің ұрпақтары ата-бабаның қазақ халқынан көрген рақымшылығын, қамқорлығын ұмытып бара жатқаны көптің көңілін қынжылтуы мүмкін. Мұндай бейжайлылық ұлт жүрегіне өкпе ұялатуы ғажап емес. Ендеше мерекенің мәнін қайта жаңғыртып, түпкі мағынасынан ауытқуға жол бермеген абзал. Дұрысы атаулы күннің тойлану аясын кеңейтіп, жандандыра түскеннен егемен еліміздің ұтары көп.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ