Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» Мемлекеттік кіріс – маңызды

Мемлекеттік кіріс – маңызды

Аудан ішінде жұмысымен елге танылып, абырой биігінен көрініп жүрген атпал азаматтар да аз емес. Соның бірі – Қазалы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Темірлан Қожаназаров. Жуырда білікті басшымен еркін сұқбат құрудың сәті түскен ­болатын.
– Темірлан Нұрланұлы, биылғы аудан қазынасын толтыру жұмысы қаншалықты деңгейде жүзеге асты?
– 2020 жылдың желтоқсан айындағы тіркелген мәліметтерге сәйкес аудан бойынша Мемлекеттік кірістер органының құзырына жататын бюджеттік түсімдердің барлық деңгейлері бойынша жоспар толық орындалды. Атап айтсақ, Мемлекеттік бюджет жоспары 104,9 процентке орындалса ­(жоспар 1 902313,0 мың теңге, нақты 1 995 267,0 мың теңгеге), оның ішінде республикалық бюджет 108,9% (жоспар 405007,0 мың теңге, нақты 440927,0 мың теңге), ал жергілікті бюджет 103,8% орындалды (жоспар 1 497306,0 мың теңге, нақты 1 554339,0 мың теңгеге).
Сонымен қатар өткен 2019 жылы жергілікті бюджет 115 511,0 мың теңгеге ұлғайтылған болса, 2020 жылғы жоспар жыл басында бекітілгеннен бөлек қосымша 170 846,0 мың теңгеге көбейтілді. Сондай-ақ жыл басындағы жоспардан бөлек бюджетке 155 780,3 мың теңге қосымша түсім қамтамасыз етілді.
– Биыл әлемдегі ахуал белгілі. Оның салдары еліміздің ішкі-сыртқы экономикалық жағдайына кері әсерін тигізді. Пандемия кезіндегі басқарманың жұмысы туралы айтып берсеңіз...
– Індет жер жаһанды үлкен әбігерге түсірді. Ол қатарда біздің ел де бар. Оның үстіне мемлекеттегі барлық салаға елеулі әсерін тигізгені тағы бар. Дегенмен аудандық кірістер басқармасы тарапынан эпидемиологиялық ахуалға байланысты зардап шеккен кәсіпкерлерге бірқатар жеңілдік берілді. Салықтық есептілікті тапсыру мерзімі, құқық бұзушылық жасаған салық төлеушілерді әкімшілік жауапкершілікке тарту жұмыстары кейінге шегерілді. Сонымен қатар зардап шеккен кәсіп түрлерінің тізімі қалыптастырылып, пандемия кезеңіне салықтар мен міндетті әлеуметтік төлемдер «0»-дік коэффициентте белгіленіп, толықтай босатылды.
Басқарманың бағыты пандемияға дейін де қызметті электронды түрде көрсету, салық төлеушілермен қашықтан байланыс орнатуға бейімделген еді. Елбасы 2020 жылға мемлекеттік көрсетілетін қызметтің 90 процентін электронды форматқа көшіру туралы 2018 жылғы Жолдауда айтқан. Сондықтан қашықтан жұмыс жасау басқарма қызметкерлері үшін аса бір қиын болмады. Керісінше, кейбір критерийлер бойынша оң әсерін тигізді деп те айтуға болады. Себебі биылғы жылдың 11 айында басқармамен 33 234 қызмет көрсетілсе, оның 88-і ғана қағаз жүзінде жүзеге асырылды. Яғни қызметтің 99,7 проценті электронды форматта көрсетілген. Сондай-ақ әлеуметтік желілерді пайдаланудың өз артықшылықтарын сезіне білдік. Барлық ақпаратты салық төлеушілер әлеуметтік желі мен байланыс орталығы арқылы алып отырды. Сенім телефоны да көп көмегін тигізді. Басқарманың «Facebook» әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында тіркелушілер саны шектелген түрде 5000 адамға жетті. Осы кезеңде «Instagram» әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында да тіркелушілер саны 82 процентке өскені байқалған. Оның үстіне салық төлеушіге ыңғайлы болуы үшін салық саласындағы өзгеріс пен жаңашылдықтан ұдайы хабар беріп отыруға тіркелушілер саны көп парақшалармен байланыс орнатып, тиісті ақпараттарды аудан көлемінде жеткізіп отырғаны тағы бар. Әрине бұдан бөлек Қазалы ауданының әкімдігі, Қазалы ауданының ішкі саясат бөлімі және тағы басқа жергілікті атқарушы органдармен де тығыз байланыста болдық.
– Кәсіпкерлерден бөлек жеке тұлға төлейтін салықтар туралы айтып өтсеңіз?
– Өткен жылдармен салыстырғанда бұл салада көптеген жетістікке қол жеткіздік. Елімізде орын алған пандемия жағдайына қарамастан, жүргізілген түсіндірме жұмыстары, құқық қорғау органдарымен және жергілікті атқарушы органдармен бірлескен рейд жұмысы және тағы басқа бірқатар істер атқарылды. 2019 жыл үшін көлік құралдарына есептілік 2020 жылдың қыркүйек айында берілді. Сол кезде 2019 жыл үшін 48 695,4 мың теңге берешек бар екендігі анықталған болатын. Дегенмен күшейтілген режимде жүргізілген жұмыстың нәтижесімен бүгінгі күнге 7 684,8 мың теңгеге дейін қысқартып, белгіленген межені орындадық. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26 процентке жоғары болып отыр.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытында қандай жұмыстар атқарылды?
– Әлеуметтік желілерде және бұқаралық ақпарат құралдарынан түсіндірме жұмысын жүргізгеннен бөлек, ағымдағы жылдың 11 айында 18 дөңгелек үстел, 2 брифинг, 8 семинар-кеңес өткіздік. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмысы апта сайын аппарат мәжілісінде күн тәртібіндегі маңызды мәселе ретінде қаралып, қызметкерлермен бірге талқыға түсіп отырды. Бұдан бөлек басқарма қызметкерлерінен жұмыс тобы құрылып, 2 рет ішкі талдау жұмысы жүргізілді. Оған қызметтік жазба дайындалып, Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне тиісті ұсыныс жолдадым. Сондай-ақ айына кемінде бір рет қызметкерлермен осы бағытта жиналыс өтті. Басқосу соңында әрбір жұмысшымен жеке-жеке әңгіме жүргізу жұмысын жолға қойдым. Жыл басынан бері шара 11 мәрте ұйымдастырылды. Бұл мұнымен тоқтамайды, керісінше, сыбайлас жемқорлықпен күрес әдістері жетілдіріліп, әрі қарай дамуына күш салатын боламыз.
– Өзіңізге белгілі 15 қарашада Қаржыгерлер мерекесі өткен болатын. Бұл мерейтойда еңбегіңіз еленіп, «Қаржы саласының үздігі» төсбелгісін тақтыңыз. Қуанышыңызбен бөліссеңіз...
– Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Дей тұрғанмен бұл тек менің жетістігім деуден аулақпын. Бұл кірістер басқармасы ұжымы мен жалпы аудандағы қаржы саласының жетістігі деп те айтуға болады. Себебі қаржы саласында қажырлы еңбек етіп, аудан қазынасын толтыруға, оның жүйелі игерілуіне жалпы жүйелі жұмыс Қаржы министрлігінің берген оң бағасы, көрсеткен ризашылығы мен ілтипаты деп білемін. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан да қыруар шаруа атқарылып келеді. Биылдың өзінде пандемия жағдайына қарамастан көптеген жол жөнделіп, әлеуметтік нысандар, көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеруде. Осының барлығы жұмыла жасалған еңбектің жемісі екендігі белгілі.
– Келіп жеткен 16 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын! Демек еңсемізді тіктегенімізге биыл – 29 жыл. Егемендік турасында пікіріңізді білсек...
– Ең бірінші барша аудан халқын Тәуелсіздік күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Расында мұның оңай жолмен келмегенін қазақ халқы жақсы біледі. Ата-баба армандаған бостандық бұйырды. Бодандықтан босадық. Қазақ үшін күндіз күлкіден түнде ұйқыдан айырылған азаматтардың арқасында Егемендік алып, бүгінгі күнге жетіп ­отырмыз. Бастысы қиын күндер артта қалды.
Шүкір, қазір мемлекет әлемдік аренада топ жарып, көк Туымыз көкте желбіреп, Гимніміз шырқалуда. Алпауыт елдермен иық тіресіп, бірқатарынан әлдеқайда жоғары тұрмыз. Халықтың әл-ауқаты артып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда күн кешудеміз. Мұның барлығы Тәуелсіз ел тарландарының арқасы.
Құрметті аудан халқы сіздерді мерекемен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін!
– Ашық әңгіме өрбіткеніңізге рақмет!

ӘңгімелескенАбзал ЖОЛТЕРЕК
---
16 желтоқсан 2020 ж. 377 0

Сақтық – саулық кепілі

04 мамыр 2024 ж. 54

Маңызды мәжіліс

04 мамыр 2024 ж. 34

Ынтымағы жарасқан

03 мамыр 2024 ж. 60

Қазақ тілі трендте

03 мамыр 2024 ж. 72

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031