Қазалы Қазалы аудандық қоғамдық-саяси газет
» » » Кәсіпкерлік көкжиегі кеңейеді

Кәсіпкерлік көкжиегі кеңейеді

Өңір басшысының өкімімен облыс аумағында кіші және орта кәсіпкерлікті дамытуға ден қойылып, 2018-2020 жыл «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылдары» болып жарияланғаны елдегі көптеген күрмеуі қиын мәселелердің шешілуіне оң ықпалын тигізгені анық. Себебі осы күнге дейін мемлекет қолдауымен кәсіптен нәсібін айырып отырғандар жетерлік. Қарқынды қолдаудың арқасында жұмыссыз азаматтардың саны бірнеше есеге төмендеген. Мемлекеттік органдар бұл көрсеткішке де тоқмейілсімей, арасы суымай жатып ел игілігіне арналған жаңа жобаларды жасақтауда. Осы жұмыстардың нәтижесі, Қазалыдағы кәсіпкерліктің дамуы жайында аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Ақтілеу Бөріқұлақовпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Ақтілеу Талайлыұлы, аудан көлеміндегі кәсіпкерлік саласының дамуы жөнінде не айтасыз?
– Кәсіпкерлерге жасалған жан-жақты қолдау мен көмектің арқасында ауданда олардың саны мен даму деңгейінде біршама ілгерілеушілік байқалады. Осы жылдың мамыр айында жүргізілген есепке сәйкес кәсіпкерлік субъектілерінің саны 4500 бірлікке жуықтаған. Ал соңғы бес айда 500-ден аса жаңа кәсіпкер тіркеліп, жұмысын бастап кетті. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3795-ке жетіп, белсенділік көрсеткіші 87,3 проценттен асты. Бұл, әрине, аудандағы аталған саланың тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді.
– Саланың бұндай деңгейге көтерілуіне себеп болған не нәрсе? Тұрғындарды кәсіпкерлікке тарту мақсатында көбіне қандай қимылдың үлесі басым?
– Ең алдымен кәсіптен хабары жоқ азамат оған кірісіп кетуден тартынатынын ескеру керек. Сол себепті бизнес туралы оқыту курстары мен ағарту бағдарламалары азаматтардың қызығушылығын тудырады. Осыны ескеріп, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында «Бас­тау бизнес» жобасы бойынша облыс тарапынан 120 адамды оқыту межеленіп, бүгінгі күні 2 топ бойынша 85 адамды оқуға жібердік. Тағы 79 болашақ кәсіпкер аудандық кәсіпкерлер палатасында оқу курстарынан өтті. Қазіргі таңда үшінші топтың оқу курстары басталып, 42 азамат кәсіптік білімін кеңейтуде. Бұл оқыту кезеңі үшінші шілде күні аяқталады.
Бұдан бөлек «Бизнес кеңесші» жобасы аясында 20 талапкер оқу курстарынан сәтті өтті. Бастапқы жоба бойынша 60 адамға меже берілген. Сондай-ақ аталған бағдарламаның оқу курсын онлайн режимде өткізу қолға алынды. Қазірдің өзінде 53 адам онлайн оқу курсын бітірді.
– Кәсіп бастаған азаматтар мен бұрыннан айналысып келе жатқандарға қаржылай қолдау жұмыстары күн тәртібінен түспейтінін білеміз. Осы күнге дейін мемлекет қолдауын сезінген кәсіпкерлер туралы айтып берсеңіз...
– Бүгінгі таңда нөлден бастап, кәсібін дөңгелетіп кеткен азаматтар баршылық. Бірақ көбіне өз күшімен кәсіп бастау екінің бірінің қолынан келе бермейтіні жасырын емес. Соған сай стартап жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру мақсатында жұмыспен қамту орталығы арқылы 30 азаматқа 252500 теңгеден барлығы 7,5 млн теңге көлемінде мемлекеттік грант берілді. Оның ішінде кент пен қаланың 15 тұрғыны, қалғанын ауылдық округтердегі кәсіпкерлер алды.
Сонымен қатар биылғы жылы ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 24 кәсіпкер 68,6 млн теңге несие қаражатына ілікті. Оның жартысынан көбі Әйтеке би кенті аумағында орналасатын жобаларға берілді. “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы бойынша Қазалы ауданынан құны 190,4 млн теңгені құрайтын 7 жоба екінші деңгейлі банк арқылы несиеленді. Айта кетерлігі, «Даму қоры» арқылы берілген қаржының сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігі субсидияланды.
«Агробизнес-2020», «Сыбаға» бағ­дар­­ла­малары аясында да «Қазалы несие» кредиттік серіктестігі 7 өтінішке 129,9 млн теңге несие берген. Мемлекеттік бағдармалардан бөлек екінші деңгейдегі банктерден жеке және заңды тұлғалар 22,5 млн теңге несиемен қаржыландырылған. Жалпы аудан кәсіпкерлерінің сауда айналымын және өндіріс түрлерін ашу мен дамыту мақсатында қаржы ұйымдары тарапынан 83 өтініш түсіп, көлемі 479 млн теңге несие берілді.
Бұлардан бөлек, облыс әкімінің тікелей бақылауындағы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша ауданнан құны 659,0 млн теңгенің 18 жобасы іріктеліп, 2 жобаның құжаттары екінші деңгейлі банктерде қаралуда. Қалған жобалар бойынша қазіргі таңда құжаттар жинақталуда. Бұл жұмыстар аудандық кәсіпкерлер палатасымен бірге жүзеге асырылатынын айта кеткен жөн.
– Кент көшелері жыл өткен сайын жаңа кәсіпкерлік ғимараттармен толығып жатқаны көңіл қуантады. Ұлы жол бойындағы кешендер де көптің игілігіне жарап тұр. Ол өз кезегінде кент келбетін еселей түсетіні айқын. Биыл тағы қандай нысандар пайдалануға берілмек?
– Шынында да, кәсіпкерлік бағытта салынған ғимараттар иесінің жағдайын түзеп, ел экономикасын шарықтатып қана қоймай, құрылыстың дамуына да оң ықпалын тигізеді. Жыл соңына дейін біршама кәсіпкерлік нысандары іске қосылады деп күтілуде. Оларды лентасы қиылғаннан кейін айтқан дұрыс болар. Бүгінгі күнге дейін «Exclusive», «AryNaz» сауда үйлері, «RR» мейрамханасы, «Аянат» ойын-сауық орталығы, «Автокөлікке қызмет көрсету» орталығы, өндірістік аймақтан Ә.Әбидің «Жылыжай кешені» пайдалануға берілді. Қазіргі таңда көкөніс сақтайтын қойма, жанар-жағармай құю бекеті, дәріхана және басқа да жиырмаға жуық кәсіпкерлік нысандары бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомагистраль бойындағы жол бойы сервисінің жобаларын іске асыру бойынша автокөлік дәлізі бойынан 5 жобаға жер учаскесі берілді. Оның ішінде 3 нысан бүгінде жұмысын бастап кетті. Ал «Global Alatau Group» серіктестігінің құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Қазіргі таңда нысанның іске қосылуына қажетті құрал-жабдықтарды орнату жұмыстары істеліп жатыр.
Жыл аяғына дейін атқарылған ілкімді істердің нәтижесінде 950 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланған болатын. Бүгінгі күні 400-ден аса жаңа жұмыс орны ашылып, тұрақты жұмыспен 388 адам, уақытша жұмыспен 21 адам  қамтылып отыр.
– Елбасы ағымдағы жылды ел жас­тарына арнағаны белгілі. Қоғамның жас буынын қолдау бағытында бұдан басқа қандай бағдарламалар іске қосылды?
– Бұған дейін де қаржылай және курстарда оқыту бойынша мемлекет жастарға басымдылық беретін. Себебі жұмыссыз ретінде тіркеуде тұрғандардың басым бөлігі жастар екені даусыз. Ал Жас­тар жылына байланысты қосымша 40 адамға 505000 теңгеден барлығы 20,0 млн теңге қаржы қаралып отыр.
Сондай-ақ шілде айынан бастап 29 жасқа дейінгі жастарға қайтарымсыз несие беретін бағдарлама жүзеге асуда. Оның жалпы көлемі облыс бойынша 31 млн теңгені құрайды. Тұрмысы төмен, мүгедек, зейнет жасындағы кәсіпкерлерге осы қаржының үштен бір бөлігі, яғни, 10 млн теңгесі қаралған. Қалған 21 млн теңгені 18 бен 29 жас аралығындағы жастарға беру жоспарланып отыр. Бұл қаражатқа ие болу үшін үміткер алдымен кәсіпкерлікке оқыту курсынан өтуі шарт.
Қайтарымсыз несиені иемдену үшін кәсібін бұрын бастап кеткен жастар да қатысуына болады. Алайда оның несие тарихы таза, төлем мерзімі кешіктірілмеген болуы міндетті. Сондай-ақ қатысушылар конкурста инновациялық жобаларға басымдылық берілетінін ескергендері жөн. Халықтың игілігіне жарайтын, аудан аумағында жоқ кәсіп түрін ұсынған азаматтардың грант жеңіп алудағы мүмкіндігі өте жоғары екенін айтқым келеді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
15 маусым 2019 ж. 393 0

Руханият

Ашу – дұшпан

Ашу – дұшпан

10 шілде 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031