Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қазанат пен қазақ – егіз ұғым

Қазанат пен қазақ – егіз ұғым

Ежелгі грек мифологиясында жиі кездесетін кентавр бейнесінің пайда болу себебі ғұндардың Еуропаға жорығымен байланыстырылады. Оған себеп те жоқ емес. Күні бойы ат үстінен түспейтін ғұн сарбаздарын сәйгүлікпен бірге жаратылған деп сеніп, олар туралы сан түрлі аңыз таратқан. Осының негізінде кентавр бірте-бірте мифологиялық кейіпкерге айналыпты-мыс.
Мезгілінде батыс “кентавр” атаған жылқы-адамдардың бүгінгі ұрпағы аттан неге алыстап кетті? Бұл тұрғыда Қазалыда қандай шар­уа атқарылып жатыр? Осы және өзге сұрақтардың жауабын білу мақсатында аудандағы ұлттық “Тұлпар” ат спорты федерациясының президенті Байғабыл Пірмановпен әңгімелескен болатынбыз.
– Байғабыл Манатайұлы, қазақ «Ат – ер қанаты» деп оны жеті қазынаның біріне балаған. Сондықтан бұл мәселеге Елбасы да ерекше назар аударып отырғаны белгілі.
– Шындығын айту керек, соңғы жылдары ел өміріне ерекше шапшаңдықпен енген жаңа технология мен жаһандану үрдісінің салдарынан ұлттық болмысымыз кіреукілене жаздағандай күй кеше бастағанбыз. Осы жағын жете түсінген Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жариялады.
Мемлекет басшысы жылқының ұлтымыз үшін алатын орны мен маңызына өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы «Атқа міну мәдениеті» атты тарауында ерекше тоқталған. Ондағы айтылған тарихи шындық бүгінгі ұрпақ бойында жаңа серпіліс туғызып, алдағы күндерді кемелдендіре түседі.
Расында да біз жақын аралықта атқа мінуді қайтадан қолға алуымыз керек. Бұл дер кезінде көтерілген бастама. Себебі, бүгінгі жас ұрпақтың ішінде ат үстіне отырмақ түгілі оның әбзелдерінің атауын білмейтіндер жетіп артылады. Кезінде баласын алты жастан ашамайға отырғызып, он жас­тан бастап садақ атқызған бабаларымыз жылқы арқылы ұрпағын жауынгерлікке тәрбиелеген. Ал, жасынан шынығып өскен бала есейгенде ұланғайыр атырапты жаудан қорғап, осынша жерді болашаққа аманаттай да алады. Мұның бәрі бұрынғы аталардың ат спортын дамытып, жылқының тектілігін бойына сіңіргенінің арқасында жүзеге асырылып отырғаны айна қатесіз ақиқат.
– Ат спорты бойынша Қазалы кенже қалған аудандардың бірі болып келгені жасырын емес. «Көкпар», «Бәйге», «Қыз қуу», «Теңге ілу» және басқа да ұлттық спорт түрлерінен жастардың көбісі бейхабар сияқты.
– Дұрыс айтасыз. Тіпті бүгінгі күні кейбір жастар аттың қай жағынан міну керектігін білмейді десек артық айтқандық емес.
Мұндай олқылықтың орнын толтыру бағытында туған жерімізде көлемінде осыдан он жеті жыл бұрын ұлттық “Тұлпар” ат спорты федерациясы құрылды. Оның алға қойған мақсаты – ұлттық спортты дамытып, ұмытылып бара жатқан ойындарды жаңғырту еді. Мұны көпшілікке белгілі азамат Самұрат Имандосов екеуміз 2002 жылы ашып, көптеген жарыстар өткіздік. Есеп-шотқа біршама жарнапұл да түсірдік. Бұл қаражатқа мезгілінде аталып өткен Жалаңтөс батыр, Жанқожа батыр, Ақтан батыр және Ғани Мұратбаевтың мерейтойларында республикалық деңгейде ат жарысын ұйымдастырдық. Көршілес Арал ауданында жыл сайын 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнінде ат бәйгесі үзбей өткізіліп тұрады екен. Осындай жақсы үрдіс бізге де өте қажет.
– Бүгінгі таңда федерацияның жай-күйі қалай?
– Айтарлықтай мәз емес. Жақында банк қызметкері хабарласып, федерацияның есеп-шоты ешқандай қаржылық қозғалыстың болмауына сәйкес жабылатындығын ескертті. Әрине, бірден келісім беруге болар еді. Бірақ бұның уақытында қандай қиындықтармен ашылғандығын жақсы білемін. Сондықтан өз қалтамнан аз-маз қаржы салып, уақытша болса да бойына қайта қан жүгірткендей болдым.
– Ендігі жоспарыңыз қандай?
– Менің ойымша федерация тізгінін бүгінгі таңда үлкен қызметте отырған лауазымды тұлғаның қолына берген дұрыс. Олай дейтінім, аудандағы ірі-ірі кәсіпкерлермен, бөлім басшыларымен сөйлесіп, кейбіреулеріне тікелей тапсырма да бере алады. Ал, мен федерацияның вице-президенті ретінде осы жұмыстарды үйлестіріп, ұйымдастырып отырар едім.
– Осы уақытқа дейін әлемдік және олимпиадалық спорт түрі саналатын футбол, хоккей, баскетбол, дзюдо, таэквондоға ерекше көңіл бөлініп келеді. Ат спорты қашан дәл осындай дәрежеге көтеріледі?
– Аталған спорт түрлерін дамытқан жөн, әрине. Дейтұрғанмен, жанымызға жақын ұлттық құндылықты да ұмытпауымыз керек. Өз мәдениетімізді өзіміз дамытпасақ, басқалар тіптен қажет етпейтіні анық. Әңгіменің ашығын айтқанда, қазақ халқының күнделікті болмыс-бітіміндегі жағдайларды қасиетті жылқымен тікелей байланыстыра айтып жеткізген.
Мысалы бір-бірін қайта көрместей болып ренжіскен екі жақты “Ат құйрығын кесісті” десе, араздасып татуласқан жандарды “Ат тізесін қосты” деп табысқанын білдірген. Сондай-ақ, түтеген қалың боранды “Ат құлағы көрінбейді” деп бейнелесе, баласы ер жетіп, есейсе “Ат жалын тартып мінуге жарады” деп жатады. Мұндай сөз мәйегі осылайша тізбектеліп кете береді.
Осы ретте айта кететін бір маңызды мәселе бар. Біздің ауданда болашақта ипподром салмай, ат спортын түбегейлі дамыту орындалмас арман болып қала бермек. Ол үшін дайын жатқан жердің де ыңғайы бар. Бұл бәріміз білетін Әйтеке би кентінің солтүстік батысындағы орайы келгенде ат жарысы өткізіліп тұратын Әбдіраман төбесі. Әрине, бұл шаруаны жолға қою оңай дүние емес. Оның барлығының қаржыға келіп тірелетіні анық. Бұл ретте өзге аудандардың тәжірибесінен үлгі алсақ болады. Мәселен кейбір жерлерде мұндай іс кәсіпкерлердің көмегімен шешілген. Бізде де солай жасасақ болар еді. Бір кәсіпкер ипподромға қажетті ұлутасты алып берсе, енді бірі жылқыларға қажетті жем-шөппен қамтамасыз етсе. Тағы біреуі жылқыларды күтіп-баптауға арналған жұмысшының жалақысын төлеуді мойнына алса екен. Бізде мұндай бастаманы қолдайтын адамдар да, кәсіпкерлер де табылады.
Бұл жүзеге асырылса ауданда ат спортының дамуы қарқын алады. Егер ипподром ашылып жатса, соның ішінен сал ауруына шалдыққан азаматтар мен балаларды иппотерапия, яғни жылқы арқылы емдеу әдісі өрістейді. Кез келген тұрғын мұнда келіп, атпен серуендейді. Одан бөлек ипподромның жанынан ұлттық спорт түрлерін насихаттауға күш салуға болады. Мәселен, осы жерде құсбегілік, садақ ату, қыз қуу, теңге ілу сияқты ойындарды жастарға үйретсе жақсы емес пе?
– Дәстүрлі түрде өтетін ауыл ойындары спартакиадасында ұлттық ойынның бірі – көкпардан аудан намысын өзге өңірдің шабандоздары қорғап жүргенін естиміз. Сонда бізде көкпар тартатын жігіттердің болмағаны ма?
– Неге болмасын. Ондай нар тұлғалы жігіттер жеткілікті. Тек бізде көкпар ойынына арналған жарыстар жоқтың қасы. Атап өтсек, ауданда соңғы рет Молдабай Қаржаубаев пен Нұртаза Есбосыновты еске алуға арналған шаралар ғана ұйымдастырылды.
Бізде көкпар тарту Әйтеке би кентіне жақын орналасқан ауылдарда жақсы дамыған. Солардың қатарында Ғ.Мұратбаев, Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов ауылдары мен Үйрек, Мед­рет, Әйтімбет, Тапа, Қожақазған, Майлыбай жалы елді мекендерінде Сүйеубаев, Күнтуов, Серімовтердің әулеттері бар.
– Көкпарды дамыту үшін не істеу керек?
– Алдымен бұл спорт түріне жан-жақты қолдау қажет. Бұдан бірнеше жыл бұрын осы сала жанданады дегенге қуанып қалғанбыз. Бірақ оның бәрі құр сөз күйінде қалып қойды. Біз бәйге аттарын алып бер деп айтпаймыз. Тек көкпарға жарамды 7-8 ат болса жетіп жатыр.
– Аламанға ат қосып жүрген белгілі шабандоздар мен сейістер ретінде кімдерді атар едіңіз?
– Бәйге десе, аламан десе делебесі қозбайтын қазақ жоқ шығар. Біздің өңірде де үйір-үйір жылқы ұстап, ат жарыстарына үзбей қатысып жүрген азаматтар жетерлік. Олардың алдыңғы сапында Бекжан Келманов, Мархабат Күнтуов, Шәкімұрат Рзаев, Абай Рыстығұлов, Серік Шоқаев, Аманжол Жұмабеков, Қалқаман Мырзековтің балалары, Серік Естенқұлов, Қуаныш Смағұлов, Ниетәлі Әбдікәрімов, Әбдірхан Еңсепбаев сияқты атқұмар жандарды айрықша мақтанышпен тілге тиек етуге болады.
– Біз қалай жылқыдан алшақтап кеттік?
– Ескі үрдістен алыстап бара жатқанымыз өтірік емес. Біздің жас кезімізде басқаларды айтпағанда тұсаукесер, сүндет той сияқты қуаныштарда міндетті түрде ат жарыстары ұйымдастырылып тұратын. Күзде қараша айы туғанда жігіттер көкпар тартатын. Жүлдесін әр үйге ырымдап беретін. Бұл қазақы дәстүр оңтүстікте әлі күнге дейін жалғасып келеді. Қазір біз бұл дәстүрден қашықтап кеттік. Сананы тұрмыс билеген заманда бәрі өзгерді. Жақында Сарбұлақ ауылында Сражадин Шамұратов ат жарысын ұйымдастырып, үлкен кісілерді шақырғанда ешқайсысы бармады. Яғни олардың бойында қызығушылық азайған. Біз аттың бас жібін ұстап көрдік. Ал, бүгінгі ұрпақ жылқыдан қашықтап барады.
Жылқы өте ең киелі жануар саналады. Олар еш­қашан адамды басып, жаншымайды. Мен жүз қаралы жылқының ортасында құлап қалған уақытымда бәрі “Өлді, өлді!” деген болатын. Сенесіз бе? Сөйтсем денеме бірде-бір тұяқ тимепті. Ол қасында бала тұрса теппейді. Сосын бір адамға үйренсе, қанша асау болса да көндіреді. Ешқандай зиянын тигізбейді.
Бүгінгі таңда белгілі азаматтар ас беретін болса шахмат, дойбы және мини- футболдан жарыс өткізе салады. Сонда қазақы дәстүріміз қайда қалды. Болашақта билік басында жүрген азаматтар осыған көңіл аударып, қалыптасқан қазақы қалыпта жанашырлық көрсетуді естен шығармаған ләзім.
Елбасы бұл мәселеге ерекше назар аударды. Енді елді ат спортына деген көзқарас өзгеретін шығар. Оның үстіне жақында Қызылорда қаласында ат спорты клубының ашылғанын естіп қуанып жатырмыз.
– Әңгімеңізге рақмет.
Әңгімелескен
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ
19 ақпан 2019 ж. 1 658 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930