Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ғалия ОСПАНОВА: Өнерім – өмірім

Ғалия ОСПАНОВА: Өнерім – өмірім

Қазалыда Ғалия Оспанованы танымайтын жандар кемде-кем. Себебі өзінің әуезді де әсем әнімен сахнаның сәніне айналған апайымыз тек қана өнерімен емес қазақтың "Ақбаяны" Роза Бағлановадан бата алған ару ретінде де жұртшылық есінде қалған. Аудандағы мәдениет саласының дамуына, өнердің өрге жүзуіне, жастардың осы жолда биік белестерді бағындыруына еңбегі зор. Осыдан соң, үлгі тұтарлық істе көптеген жылдар бойы қалтқысыз қызмет атқарып келе жатқан жанды бүгінгі мақалаға арқау еткенді жөн көрдік.

– Ғалия апай, бүгінде сіздің орындауыңыздағы әндер әрбір жанның жүрегінен орын алғаны соншалық, тыңдармандарыңыз арасында "Галяның әні – сахнаның сәні" деген керемет сөз ұйқасын тапқан. Жалпы ән әлеміне қалай келдіңіз?
– Менің бұл өнерге сонау балалық шақтан-ақ қызығушылығым оянған. Оның үстіне анам да өнерден кенде емес, әнші болған. Оның үстіне белгілі Роза Бағлановамен бір сыныптасы болғаны тағы бар. Бала күнімізде бізге ылғи ол жайында айтып отыратын. Шын есімі Үрбибі екенін де айтқан. Ол уақытта онша мән бермеген біз, кейін өсе келе әнші апайымызды танығанда "Осы кісіні айтқан екенғой" деп түсінгенбіз.
Мектеп бітіремге дейін өнерімді шыңдап, кейін Қызылорда облысына оқуға түсуді мақсат еттім. Бардым. Жылына екі мәрте өтетін эстрадалық студияның комиссиясында бақ сынадым. Өкінішке орай, сәтсіз болды. Бұдан соң амалдың жоқтығынан ауылға қайтпай, кәсіптік училищеге түстім. Бірақ өз арманымды аяқ асты етпей, оқуда жүрсем де училище жанынан құрылған оркестрде ән айтып жүрдім. Ол жерде бағыма орай, Ерболат Мұстафаев, Рамазан Тайманов секілді республикаға белгілі музыканттармен бірге өнер көрсету бұйырып, мықтылар сапында болдық. Осылайша мен, ауданға танылмас бұрын облыста жұлдызым жанған. Жылдар өтті. Училищеде оқып жүргенімді тәжірибе алмасуға ауданға келдім. Ауылға келген соң, мәдениет орталығымен сөйлесіп, жұмысқа орналастым. Сол тұста орталық директоры марқұм Жәдігер Тұрсынов ағайымыз еді. Солайша арманыма қол жеткізіп, бірақ кәсіптік училищені аяқсыз қалдырдым. Әрине, ол ісіме еш өкінбеймін.
– Кез келген әншінің қорқынышы – сахнада шырқап жатқанында техникалық ақаудың шығып қалуы. Сізде осы секілді басыңыздан өткерген қиын да қызықты оқиғалар орын алды ма? Бөлісе отырсаңыз...
– Иә, бұндай жағдай әрбір әншінің басынан өткен болар сірә... Менің де басымда болған. Ауданның үлкен бір тойында орыстың "Ах, Самара городок" әнін айтып жатқанымда барлық құрылғының өшіп қалмасы барма? Ол кездері жасандылық (фонограмма) деген жоқ. Абырой болғанда еш саспастан микрофонсыз айтып шықтым.
Осындай қызықтар басымыздан көптеп өтті. Сондай күндердің бірінде сахна төрінде "Дудар-ай" әнін айтып жатқанымда "Сондағы-ы-ы Мәриямның айтқан сөзі" деген жеріне келгенде "Мәриямның айтқан сөзі" деген жерін ұмытып қалып, "Сондағы-ы-ы" деп тұрып қалғамғой. Сөйтсем, көрермендердің бірі "Беріктің айтқан сөзі" деп күлдіріп жібермесі бар ма? Иә, айта берсек, қызығы мен шығы қатар жүретін бұл салада басымыздан не бір жағдай өтікен.
– Ән падишасы атанып кеткен елдің еркесі Роза Бағланованың ақ батасын алғаныңыз әрбір қазалылықтың аузына түспей айтылушы еді. Соны өз аузыңыздан естісек...
– Иә, Роза апамыздың батасын алғаным рас. 1988 жылы "Қорқыт сазы" фольклорлық ансамбльімен ән айтуға Алматы қаласына телевидениеге барғанмын. Оның үстіне "Ғалия Оспанова ән шырқайды" деген бағдарламаны да түсіргенбіз. Содан Роза апамыз мені көріп, Б.Алдамжаров ағамызды жіберіп, кездесуге шақырған болатын. Ол кезде аяғым сынып, ауруханадан шыққан бойым. Сонымен ағамыз келген себебін түсіндіріп, Р.Бағланова Алматыға шақырып жатқанын айтты. Анам, сыртқа оқуға жіберуге қорқып, қатты уайымдаған. Бірақ жіберді.
Сөйтіп, апайымыздың демеуімен 1989 жылы өзім армандаған Алматыдағы оқу орнына да түстім. Алматыға барып, оқу орнының жатақханасына орналастым. Кіргеннен, Мақпал Жүнісова, Жеңіс Ысқақова сынды белгілі әншілерді кездестірдім. Сөйтіп, оқу қабырғасында жүргенімде Б.Алдамжаров ағамыз тағы да келіп, Роза апаймен жолығатынымды айтты. Бардық. Биік өкшелі аяқ киіммен еркін қозғалып жүрген, әдеміше келген ақшажүзді апайымды көрдім. Сол жерде өз батасын беріп, мен қатты қанаттандырған.
Кейін Қазалыға келгенінде анаммен жүздестіріп, екеуі естеліктерін айтып, ризашылығын білдірген. Осынау керемет, талантты жанмен бірге жүріп, батасын алу бұйырғанына қатты қуаныштымын. Өзімді бақытты жан санаймын.
– Қазір жұртшылық әншілік өнерге тым жеңіл қарайтын секілді. Мәселен, до мен рені жалғай алмаған, өнер саласына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жандар ән айтып, елге тез танымал болуда. Осы жайында не айтасыз? Сіздің көзқарасыңыз қалай?
– Совет Одағының кезінде біреу "Әу" десе болды әнші атанатын. Кейін 90-шы жылдан бері бұған кәсіби түрде қарап, лайықты, лайықсыз деп дауысына қарап танитын болды. Тіпті жұмысқа да солай алатын болды. Ал қазір не? Екінің бірі әнші. Жалпы айтқанда әннің де, әншінің де сапасы кеткен уақыт болып тұр.
Өз өзімді мақтағаным емес, бірақ менің алдыма келген жас әншілерді сахнаға айтатын әнінің сөзін, авторын және тарихын танымайынша шығармайтынмын. Қазір әркім өз саласының жанкүйері болуы қажет деп білемін. Мәселен, кітапханашы әнші бола алмасы аныққой. Сол секілді. Әр маман өз орнымен болуы керек.
Қазір Ғани Хайруллаұлы секілді жақсы әнші, маман, басшы бастаған орталықта бәрі осы жоғарыда айтқандай өз саласының майталмандары жұмыс жасауда. Тағы Шәкірат Әлқуат сынды жақсы, жас әншілер де бар.
– Ізіңізде жалғап, өнерін шыңдап келе жатқан жас таланттарға айтар ақылыңыз-кеңесіңіз, білдірер ниет-тілегіңіз болса, мархабат...
– Жас өнерпаз, өзің сүйетін мамандық иесі болыңыздар. Ізденіс, талпыныс, қарапайымдылық. Мейлі қандай маман болсаңыздар да осы үш қасиетті жандарыңызға серік етіңіздер. Сонда ғана діттегеніңізге жетесіз.
– Сұхбатыңыз үшін көп рахмет!

Әңгімелескен
Серік АҚМЫРЗА
29 қаңтар 2024 ж. 518 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 67

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 62

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930