Мәдениет майталманының мерейтойы
Бейсенбіде Халықаралық конкурстардың лауреаты, ҚР мәдениет саласының үздігі, әнші Ғалия Оспанова 60 жас мерейтойына орай «Ғалияның әні» атты шығармашылық концертін Тасарық ауылы тыңдармандарына ұсынды.
Жалпы кештің бастауы маусымның 22-ші жұлдызында Кәукей ауылында болды. Шығармашылық кеш өткен сәрсенбіде жалғасы ағымдағы айдың 29-ы Тасарық елді мекенінде жалғасты.
Шарада Ғалия Оспанова атағы жер жарған композиторлар мен жергілікті сазгерлердің және Р.Бағланованың репертуарындағы әндерінен шырқады. Шығармашылық кеште аудан әкімінің орынбасары Д.Тілеумбетов құттықтау сөз сөйлеп жылы лебізін білдірді.
– Құрметті ақ жаулықты аналар. Қасиетті Қазалы жерінде талай өнер тарландары өмірге келіп, елдің мәдениет саласын дамытуда үлкен үлес қосты. Бүгінде ауданда Р.Бағланова, М.Ералиева сынды апаларымыздың ізін жалғап келе жатқан мәдениет майталмандары да баршылық. Соның бірі – ҚР мәдениет саласының үздігі, күміс көмей әнші Ғалия Оспанова апайымыз. Бұйырса 60 жыл мерейтойыңызға орай аудан орталығында ауқымды іс-шара ұйымдастырсақ деп отырмыз. Елдің өркендеп-өсуіне, мәдениет биігіне шығармашылық тұрғыдан қызмет етіп, халықты тамаша өнеріңізбен қуанта беріңіз дегім келеді, – деді.
Кешке жиналған дүйім жұрт мәдениет майталманына ду қол шапалақ соғып, ізгі тілектері мен жылы лебіздерін білдірді.
– Ғалия апайды көп жылдардан бері танимыз. Оның орындауындағы әндерді сүйіп тыңдаймыз. Мұндай жандар туған жеріміздің рухани дамуына және бай мәдени мұрамызды дәріптеуге зор үлес қосып жүр. Апайдың әндері барша қауымды ырғап, ерекше әсерге бөлеп отырды. Сондықтан халыққа үздіксіз мәдени қызмет көрсетіп жүрген мәдениет қызметкерлері мен сала ардагерлерін әрдайым мақтан етеміз, – дейді ауыл тұрғыны.
С.ӘЛИҰЛЫ