Қанағат МҰСТАФИН, режиссер: «Қорқыт» сериалын монтаждауда тылсымға тап болдық
Жақында ғана көрерменге жол тартқан телехикая әлеуметтік желілерде кеңінен таралып жатыр. Көруге асыққан талайы қазір ғаламтордан оңай тамашалауда. Қорқыт атаның бейнесі жақсы ашылған туындыдан көпшіліктің түйгені көп. Тарих пен тағылым. Көрерменнің жүрегінен орын алған бұл сериалдың біраз уақытқа дейін әсер еткені анық. Біз білетін, біз естіген, біз оқыған Қорқыт пен сериалдағы Қорқыттың жұртшылыққа жеткізері көп болды. Мұндай жақсы нәтижеге қол жеткізген шығармашылық ұжымға алғыс айта отырып, «Қорқыт» телехикаясының режиссері Қанағат Мұстафинмен сұхбатымызды назарыңызға ұсынамыз.
– Отандық киноиндустрия әлемі төрт сериялы «Қорқыт» биографиялық драмасымен толықты. Режиссері өзіңізсіз. Айтыңызшы, «Қорқыт» сериалы қалай түсірілді? Идея қалай келді?
– Идея – «Сәтті медиа» компаниясы және «Қазақстан» ұлттық арнасының бірігіп жасаған идеясы. Бұл жобаға мен соңында келдім. Сценарий жазылып біткен кезде. Продюсер Шолпан Батырбаева «Қорқыт» сериалын түсіргелі жатырмыз деп шақырды. Бардым. Сценарийді оқыдым. Олар оның алдында екі жылдай дайындалған екен. Екі режиссер ауысыпты, жарты жыл қалғанда үшіншісі болып мен қосылдым. Ол кезде барлығы дайын. Костюмдер тігілген, әртістер бекітілген. Дегенмен бір-екі әртісті режиссер ретінде тағы да кастинг жасап, бекіттім. Түсірілім алдында сценарий кеңесшісі мен сценарий авторы Берік Жүсіпов ағамызбен кездестік. Сол кезде мен «Аға, қазір қазақ тілі ұсақ боп кетті. Сол ІХ ғасырдағылар қалай сөйлеуі мүмкін? Сондай ескі, ұмытылған сөздермен күрделі қылып жазып берсеңіз» деп өтініш айттым. Аға келісті. Бірақ «Ертең жастар оны қалай қабылдайды деп қорықбайсың ба?» деді. «Мейлі, түсінбесе түсінбесін. Арабша не қытайша жазбайсыз ғой. Қазақтың тілі, қазақтың сөзі. Ұяты өздеріне болсын» дегенім бар. Дәл солай көне сөздер кірістіріліп жазылды. Әдеби сөздер бар, көне түркі сөздері бар. Сол кезде Берік ағама ризашылығымды білдірген болатынмын. Қазір де білдіргім келеді. Сценарий қалай нақты жазылды, сериал дәл солай түсірілді. Ешқандай өзгерістер енгізілген жоқ.
– Бірде таныс қыздың басынан бір оқиға өтіп еді. Сахнаға шығып «Қорқыт» әнін орындарда аппаратура өшіп қалған. Кездейсоқ дегенмен басқа концерттік бағдарламада да өшті. Қалаға байқауға барғанда да осы өлең тағы өшкен еді. Сериал түсіру барысында осындай түсініксіз не тылсым сәттердің куәсі болдыңыздар ма?
– Түсірілім кезінде ешқандай тылсым күштер әсер етпеді. Ондай оқиғалар орын алмады. Себебі біз өте мұқият дайындалдық. Әр шегенің қай жерде жатқанын, әр жіптің қайда екенін, бәрін-бәрін реттеп, тексердік, пысықтадық. Тылсым күштің барлығы осы телехикаяны монтаждау сәтінде орын алды. Мәселен, бір серианың монтажын жасап, жақсылап тексеріп, музыкасын бәрін орналастырып, Қазақстан каналына өткіздік. Олардан түзетулер келеді ғой. Мына жерде музыкасы өшіп қалған, мына жерде актердың дауысы жоқ дейді. Ал біз өзіміздің компьютерімізден қараймыз. Барлығы орнында. Каналға кеткен нұсқасын қайта бізге жібереді, оны қарасақ, расымен жоқ. Монтаждаушы Серега Бердюгин екеуміз бір-бірімізге таң қалып қараймыз. «Қалай ол, мүмкін емес қой. Екеуі бір файл» деп аң-таңбыз. Сосын тағы да монтаждау сәтінде 5-6 рет осындай тылсым оқиғаға тап болдық. Өзіміз қараймыз, барлығы дұрыс. Бірақ бір жерде сөздері, бір жерде музыкасы кетіп қалады.
– Әр режиссердің фильмдерінде өзіндік ерекшеленіп тұратын тәсілдері болады. Ал сіз фильм түсіру кезінде белгілі бір бағытты ұстанасыз ба?
– Әрине, ә режиссердің өз тәсілі болады. Осы жолы мен сценарийді мұқият оқып, онда жануарлардың аз екенін байқадым. Содан продюсерге «Ол кезде де аң-құстар болды ғой. Кадрға алайық. Параллелизм жасайық» деп ұсыныс тастадым. Сол Сыр өңірінде өмір сүрген, сүре алатын қандай аң-құстар, жәндіктер бар, соларды зерттедік. Алматы облысынан оларды тауып, кадрға алдық. Режиссер ретіне қосқан идеям осы болатын.
– Қазақстанда кино өнері бағалана ма?
– Қазақстанда кино индустриясы енді-енді дамып келе жатыр десек болады. Мәселен, бұрын шетелдік киноға баратын еді көпшілік. Қазір тіпті Голливудтан басып озып жатырмыз десек, артық айтқандық емес. Кассаны жинап жатқан киноларымыздың барлығы отандық өнім. Өзге елдермен кино саласында иық тірестіре алатынымыздың дәлелі осы. Дегенмен тек қана комедия жанрнына жабыспай, тарихи киноларды көбірек қолға алу керек. Мысалы «Оян, қазақ» картинасы бір аптада 106 миллион теңге жинады. Бұл деген жұрттың комедияға тойғаны, жастардың өз тарихын білгісі келгені деп топшылауға болады.
– Алдағы уақытта режиссер ретінде жоспарларыңыз қандай?
– Осы жылы Қажымұқан атамыз туралы картина шыққалы жатыр. Ол телехикая емес, толықметражды фильм. Монтажын жасап жатырмыз. Ол жобаны мен талай жылдар зерттеп, түсіргенмін. Бұйырса соны көріп, бағасын өздеріңіз берерсіздер.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Айнұр Әли