Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Перизат Бекназарова: Шектеу тек санамызда

Перизат Бекназарова: Шектеу тек санамызда

Бүгінде ауданда түрлі бағдарламаның игілігін көріп, ілім іздеп шетел асып жатқан жастар қатары қалыңдауда. Бұған дейін бергісі Стамбулда, арғысы әлем астанасы Нью Иорк, Милан қалаларында оқыған қазалылық жастармен сұхбат құрып үлгердік. Жақында осы секілді жастың бірімен әңгімелескен едік. Ол – Қырғызстанның Бішкек қаласында медициналық академияда оқып жатқан, Бірлік ауылының тумасы Перизат Ізбасқанқызы. Талабы таудай арудың мақсатын айқын, болашағы жарқын.
– Перизат, бүгінде Қырғызстан елінде медицина мамандығында білім алып жатырсыз. Аталмыш мамандықты көрші елде оқуыңызға не себеп болды?
– Бұған дейін өзіміздің елде, Тараз қаласындағы медициналық колледжді төрт жыл оқып, тәмамдадым. Сонда жүріп, алдағы күндерге жоспар құрып, жоғары оқу орнын жалғастыруды ұйғардым. Ізденіс барысында Бішкекте аталмыш мамандықты тереңірек оқытатынын біліп, бағымды сынап көрдім. Тіпті сондағы оқу орнына түсуді армандап та кеттім. Нәтижесінде барлығы сәтті шығып, бүгінде 4-ші курсымды аяқтағалы жатырмын.
– Елден жырақта жүру қиынға соқпады ма? Жалпы студенттік шағыңызда басыңыздан өткерген қиын да қызықты оқиғаңызбен бөліссеңіз...
Әрине қиын. Бұрын "Қырғыз ағайындадың тілі, тіпті көп сөзі біздікіне ұқсас келеді" дегенді естіп, тым оңай санайтын едік. Алайда біз ойлағандай жеңіл болмай шықты. Ең бірінші бетпе-бет кездескен мәселемнің бірі – тіл болды. Одан кейінгісі, мұндағылардың тілдік әдептілігі сәл дөрекілеу көрінеді. Бастапқыда көңілге алып жүріп, әрбір сөздері ұрысып жатқандай жететін. Кейін оған да бейімделіп кеттім. Ал жалпы қырғызстандықтар өте қонақжай, ақ көңіл келеді.
Қызықты оқиғаға келер болсақ, жалпы түркітілдер халық болған соң ортақ сөздер көп болады. Дегенмен кейбірінің мағынасы тым бөлек. Мәселен, Қырғыздарда "Сайқал" сөзі – әдемі, жылтыр деген мағынаны берсе, бізде – кербез дегенді білдіреді. Алайда бұл сөз көбіне дөрекілікпен айтылатыны жасырын емес. Ал мұнда керісінше осы сөзбен азан шақырып ат қою тым көп кездеседі екен. Сондай есімді алған группаласымыз болды.
"Үш арсыздың бірі – күлкі" демекші, бастапқыда осындағы мән-мағынасын білмеген мен сабақ үстінде әлгі қыздың есімін естіген сайын күле беріппін. Сол үшін мұғалім сабақтан шығарып жіберген. Артынан группаласымнан кешірім сұрадым. Білместіктің салдарынан осындай оқиғаны бастан кешкенім бар.
– "Қырғыз-Қазақ бір туған" деген екі елдің арасындағы достықты айшықтайтын жақсы тәмсіл бар. Осы орайда, Қырғыз ағайындардың бауырмалдығын қаншалықты сезіне алдыңыз?
– Мен әу баста, Қырғызстанға оқуға түскелі жатырмын дегенде, көбісі олардың қызуқандылығын айтқан. Бірақ онда барғанымда жұрт айтқандай қызуқанды адамды көрмедім. Керісінше, көршілеріміздің бізге деген құрметін, бауырмалдығын байқадым. Тіпті, олардың қонақжайлылығы жайлы сағаттап әңгіме айтуға да болады.
– Қателеспесек, биыл оқу орнындағы соңғы курсыңыз. Бұдан әрі қандай жоспарыңыз бар? Өзге елде жоғары білім алған соң "Туған жеріме, еліме не бере аламын" деген ой туа ма?
– Иә, биыл соңғы курсым. Мамандық бойынша жалпы медициналық дәрігер болып шығамын. Бізде жалпы практика дәрігері деп аталады. Яғни, толықтай бітірген соң әркім осы медицина саласындағы түрлі бағытты таңдай алады. Мәселен, бірі невропотолог, екіншісі гинеколог деген секілді. Ал мен кардиолог, жүрек ауруларының дәрігерін таңдап жатырмын.
Әрине, әрбір жастың кеудесінде "еліме, жеріме қандай пайда тигіземін" деген сауал болуы тиіс. Тиісінше, менде де дәл сондай ой болады. Алла қаласа, аман-есен тәмамдасам, Қазалыға қайтып, жергілікті жерде осы кардиолог дәрігері болу. Солай пайдам тисе, бұдан артық бақыт жоқ деп білемін.
– Өзіңізді үлгі тұтып, шетел асып ілім-білімді сонда алғысы келетін іні-сіңлілеріңізге қандай кеңес бере аласыз?
– Мен мектеп қабырғасында жүргенімде біреу келіп, "Он жылдан соң медициналық академияда оқисың" деп айтса, сенбес едім. Себебі жастардың арманы Қазақстанның шекарасынан әрі аспайды. Яғни, қорқамыз, тіл білмейміз деген сынды басқа да шектеулерді өзіміз қойып аламыз. Кейінгі буынға айтарым, шектеу тек сіздерің саналарыңызда. Қиялдай біл, қиялың арманыңа айналады. Армандай біл, арманың мақсатыңа айналады. Одан кейін әрекет ету керек, сонда ғана көздегеніңе жетесің. Бастысы қорықпау керек.
– Сұхбатыңыз үшін рахмет!
Әңгімелескен
Серік АҚМЫРЗА
12 желтоқсан 2023 ж. 182 0

Мектептегі мұражай

30 сәуір 2024 ж. 37

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930