Алты «алтынның» анасы
Әлемге нарық заманы орнаған тұстан бастап күн өткен сайын дүниеге келетін сәбилердің саны азайып келе жатқаны жасырын емес. Оның зардабын көрші жатқан Ресей Федерациясы шындап сезінгенге ұқсайды. Себебі мансап қуған орыс бикештері ана атануға құлықсыз. Артынан із қалдыру мақсатында бір баламен шектеледі екен. Тіпті, дені сау бола тұра өмірден құрсағын кеңейтпей өтетіндерді де көптеп кездестіруге
болады. Соған қарап, еліміздегі бала туу көрсеткішіне шүкір дейсің. Ал қазалылық ару Перизат 29 жасында 6 баланың
анасы атанып отыр.
Бекарыстан би ауылының тумалары Нұрлыбек Бақтілеуов пен Перизат Көптілеуова 2010 жылы шаңырақ көтергеннен кейін Әйтеке би кентіне қоныс аударған. 2011 жылы алғашқы перзенті Сымбат Жақсымұрат дүниеге келеді. Ерлі-зайыпты одан кейінгі жылы Сымбатқа Мәриям есімді сіңлі сыйлайды. Олардың ізін ала Мұқтар, Дильназ, Нұрым және Нурикамал атты бүлдіршіндер дүние есігін ашқан. Қазіргі таңда кішкентайлардың алды №249 мектеп-лицейдің екінші сыныбында, онан кейінгісі мектепалды даярлық тобында білім алуда.
Үйдің отағасы Нұрлыбек таң ата көлігімен жергілікті тұрғындарды діттеген жеріне жеткізумен айналысады. Жұмыс қызу жүретін күндері үйге түнделетіп қайтатын көрінеді. Есесіне қарбалас жұмыстан соң балаларды тәттіге толы дорбасымен бір марқайтып тастайды.
Перизаттың күнделікті уақытының біраз бөлігі бала тәрбиесіне арналады. Бірақ бұл үшін ешқашан өкінген емес. Керісінше құлын-тайдай тебісіп ойнаған балаларына қарап, шынайы бақыттың не екенін ұққанын айтады.
– Балаларымның арасы ұзақ болмағандықтан бастапқыда бәрі оңай болды деп айта алмаймын. Алайда соның арқасында ана бақытының қандай болатынын білдім. Бүлдіршіндерімнің бірінен бірі өткен тәтті күлкісі күні бойғы шаршағанымды ұмыттырып жібереді. Қазірдің өзінде үлкен қызым үй шаруасын біркісідей иіріп әкеткен. Бір-біріне қолғабыс болып, аман-сау өсіп келе жатқанына шүкіршілік етемін.
Тағы бір жағынан халқымыздың санын арттыруға менің де үлесім тиіп жатқанына қуанамын. Ата-бабалар білектің күшімен, найзаның ұшымен аманаттаған жеріне иелік ететін нағыз азаматтар болса екен деп армандаймын. Жақында көпбалалы аналарға жасалып жатқан жеңілдіктер жайында естідім. Бұл біз үшін үлкен демеу, – деді Перизат.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ