Саяхат сананы кеңейтеді
Әрбір адамның ойының түкпірінде «шетел көрсем, басқа өркениетпен таныссам» деген арман бой тасалап жатқаны анық. Бұл үшін беделді шенеунік немесе табысты кәсіпкер болу міндетті емес. Мәселен аудандық «Қазалы» газетінде 7 жылдан бері күзетші болып жұмыс істеп жүрген Нұрбол Дауылбай былтырдан бері әлем елдерін аралауды, сол арқылы ой «шекарасын» бұзуға шындап кіріскен. Бақыт құсын қолына қондырып, той шығындарынан құтылғаннен кейін жерлесіміз Меккеде кіші қажылығын өтеп, Дубай, Түркия мемлекеттерін көзбен көріп қайтты. Жақында осы тақырып жайында әріптесімізбен әңгіме өрбіткен едік.
– Нұрбол, шетел аралау ойыңызға қайдан келді, не түрткі болды?
– Бала кезден теледидардан басқа мемлекеттердің дамыған мегаполистері мен тұмса табиғатын көп көретінбіз. Теледидарда саяхат жайында арнайы бағдарлама да болды. Содан мектеп бітіріп, оң-солымызды танығаннан кейін оқу, одан кейін күйбең тірлікке сүңгіп кеттік. Алайда бала кездегі көкжәшіктен көрген дүниені шынайы тамашалау туралы арман алдамады. Бұған келіншегім де түрткі болды. Отау құрып, тойды аман-есен атқарғаннан кейін бірнеше жыл уақытымыз несиемізді жабуға кетті. Ағайынды шақырып, қуанышпен бөліскеніме өкінбеймін, әрине, десе де сол шығынға тағы бірнеше елге табан тіреп қайтуға болар еді.
Жарым Мөлдір екеуміз интернеттен саяхатшы блогерлердің өміріне қарап қызығып, армандап отырамыз. Құр арман бізді шетел асырмайтынын білдік. Сөйтіп, қалтаға шақ туристік компаниялардың қызметтері туралы іздендік. Әсіресе, карантиннің кезінде ұтымды турлардың жарнамасы қаптап кетті ғой. Соның бірін тәуекел етіп, сатып алдық. Үш айдан кейін Меккеге барып, арманымыз орындалды. Аллаға алғысымызды жаудырып, дұға-тілегімізді айтып қайттық.
– Жұрт саяхаттау арқылы өмірге деген көзқарасын өзгертіп жатады. Сіз қандай әсер алдыңыз?
– Қазақстанның да табиғаты тамаша. Бірақ қаладағы цивилизация жағынан бізден бірнеше адым алда келе жатқан елдер көп. Сол артықшылықтың ортасына барып тұрып, бұрын көрмеген игілікті қолмен ұстап, көзбен көру адамға ерекше әсер береді. Жетілген, дамыған дүниені көрген жан сол төңіректе жоспар құра алады. Ал саяхат жасау – мақсатыңның мықтылығына тікелей байланысты. Әйтпесе, артық ақша тапсақ үйімізді жаңартып, мәшіне алуға жұмсап жіберетініміз жасырын емес. Тіпті қарызға кіріп, бірнеше несие алып, төргі бөлмеге миллион теңге тұратын гарнитур, құны соған жуықтайтын диванға аянбайтын азаматтарымыз көп. Мұның дұрыс емес екеніне біздің көзіміз жетті. Әрине, әркімнің өз таңдауы, ұстанымы бар, оған қарсы келе алмаймыз.
Әлгінде айттым, алдыға мақсат қоюды саяхат жасап үйрендім. Бір елге бару үшін жыл бойы дайындық жасау керек. Қаржы жинау, қажетті заттарды жоспарлау, ұшу-қону – бәрі назардан тыс қалмауы тиіс. Мақсатқа ұмтылуды дұрыс жоспарлау күнделікті осындағы өміріме, белгілі бір жетістікке жетуіме тікелей әсер етіп жүр десем арттық айтқандық емес. Әлі де өзге елдің өркениетінен аларым көп деп ойлаймын. Ол жайында амандық болса, алдағы уақытта тағы әңгімелесе берерміз.
– Кіші қажылыққа баруға қанша қаражат жұмсадыңыз? Қомақты қаржыны қалай жинағаныңыз да көпшілікті қызықтыратыны анық.
– Өзім бес уақыт намазда болғаннан кейін қасиетті мекенге баруды біраздан бері ойлап жүрген едім. Алланың қалауымен мұның да сәті түсті. Меккеге бару үшін турдың өзін 620 мың теңгеге сатып алдым. Бұдан бөлек жеке жол шығындары бар, ауылдағы ағайын-туысқа үлестіретін базарлығымыз бар, бас-аяғы миллион теңгеге жуық қаржы жұмсадым.
Жұмыстан бос уақытта таксиге шығамын. Келіншегім екеуміз интернет арқылы кәсіп жасайтынымыз бар. Бұдан бөлек кезекті еңбек демалысынан түсетін қаржы бар, бәрінің басын біріктіріп 1 жылдан аса уақыт дайындалдым. Алла алдындағы үлкен сапар болғаннан кейін, тек материалдық тұрғыда емес, моральдық дайындығымды да пысықтауып керек болды. Барынша рухани тазаруға тырысып, қасиетті Меккеге бару туралы арманым орындалды.
– Шетелге барғанда туған жерден қандай артықшылық байқадыңыз? Несімен есте қалды?
– Әлгінде айтып өткенімдей замана игілігі көп көзге түседі. Мәселен, Дубайды алсақ, туризмді мықтап жолға қойған. Аспанмен таласқан ғимараттар, саяхатшының алаңсыз тынығуына, серуендеуіне лайықты жағдай жасалған. Мұнда жыл 12 ай жаз болып тұратынын ескерсек, қай мезгілде де шетелден келуші адам қарасы азаймайды. Жүздеген жыл бұрын сахара құмның ортасында күнін күріп отырған елдің әп сәтте бағын жаққан құдайдың шеберлігіне таңғаласың. Күндердің бір күнінде біздің де мемлекетіміз, халқымыз табан астында жатқан қара алтынның қызығын көрсе, қиындықсыз өмір сүрсе деген ойға шомып кеткенімді де жасырмаймын.
Жалпы сырт елде жүргенде көшеде көрген әрбір дүниені еріксіз өз еліңдікімен салыстырасың. Мысалы, жұрт тамсана айтатын сафариді Қазақстанда да жасап қоюға болады емес пе? Құмды жер жеткілікті. Дубайдағыдай сәнді әшекеймен әсемделген түйлерді жиып, құмды жазықтың ортасында шай ішу – алып бара жатқан қаржыны талап етпейді. Соның өзін арабтар бизнес қылып отыр. Құмның ортасында отырып, жағажай жасап алған жұртқа қарап, қызыға да, қызғана да қарағанымыз рас.
– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз. Енді қай мемлекет сіздерді қызықтырып отыр?
– Ендігі сапарымыз Парсы шығанағында жалғасады. Желтоқсан айына брон жасап қойдық. Бұл саяхаттың ұтымды жері 3 мемлекеттің 6 қаласымен танысуға мүмкіндік береді. Алып кемемен шекаралас жатқан Оман, Катар, Әбу-Даби сияқты елдерге саяхаттауды да өткен жылы жоспарлаған едік.
Шетел аралап жүріп, тіл үйренудің маңызын жете ұғындық. Қалтасы көтеретін азаматтар өздерімен бірге мобилограф, аудармашы алып жүретінін білесіздер. Ал барған елдің тілін жетік білу, керек затыңды сұрай алу шығындарыңызды біршама азайтуға көмектеседі. Дубайда көп нысандарда орысша қызмет көрсетеді. Дегенмен барлығы дерлік ағылшынша біледі. Сондықтан өзге елдің өркениетімен толыққанды танысу үшін ағылшын тілін білу керек.
– Өзге мемлекетке қыдырып барғысы келетін жерлестеріңізге қандай кеңес бересіз?
– Әрине, ең бірінші жол шығындарын дұрыс, шынайы есептеу керек. Ғаламторда бар ақпарапен танысып, белгілі бір қызметтің нақты бағасын білмей, ойша жоспар құру шетелдегі көңіл күйіңізді құртуы мүмкін. Сол себепті, мәселен, Қазалыда тұратын болсаңыз, ұшақ ұшатын қалаға дейінгі пойыз билетінің бағасына дейін жоспарға қосуыңыз қажет. Бұл артық шығын жасамауға, ойдағыдай демалуыңызға көп септігін тигізеді.
Бұдан кейін шетелдегі ауа-райын зерттеп, барынша минималды киім-кешек алу керек. Өйткені бірнеше чемоданды арқалап жүру бейтаныс әлемнен әсер алуға айрықша кедергі келтіреді. Сонымен бірге жеке құжаттардың көшірмесін жасап, түпнұсқасын сенімді жерге, орналасқан отельге тастап кету келеңсіздіктердің алдын алады. Ең бастысы өзгеріске дайын екеніңді сезіну, тәуекел етуден тартынбау керек. Бір мәрте шетел көрген адам басқа да мәдениетпен, өзге ұлттың игілігімен танысуға құмартып алатын әдеті бар. Сондықтан алғашқы сапар саяхатшылықты жаныңызға серік етуге негізгі себеп болады.
– Сұқбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ