Қазалы қаласы қалай құрылды
№1 форттың жобасы әскери құрылыс инженері Богдановтың жобасы бойынша жасалып, 1853 жылдың күзінде құрылыс жұмыстары жүргізіле бастайды. Форттағы әскери горнизонды, башқұрт жұмысшыларын, инженерлерді азық-түлікпен қамтамасыз етуді патша үкіметі арнайы реттеп отырған.
Патша үкіметі Қазалы аймағына еніп, бекіністерін орнатып болған соң, жергілікті халық патшаға 1 сом 50 тиын күміс есебімен салық төлеп тұрған. Бекіністерді күшейте отырып, патша жылдан-жылға Хиуа, Қоқан хандығы шекарасына жақындай түсті. Себебі Орта Азияға ішкерелей енуге қажетті плацтарымды дайындау қажеттілігі туды. Осы жолда Сырдарияның төменгі ағысын мекендеген кішкене шекті, шөмекей, төртқара сияқты ірі руларының көші-қон қыстаулары болатын-ды. Олар өздерін тәуелсіз санап, Хиуа-Қоқанға қарсы үздіксіз соғыс жүргізіп келді.
1853 жылы №1 форт (Қазалы) болып құрылғаннан кейін оның алғашқы тұрғындары Райым бекінісінен қоныс аударғандар, Орынбор казактары, Арал флотының матростары, солдаттары болды. Алғашқы кезде бұл әскери бекініс болып құрылады, өйткені осы территорияны көшпелі халықтан қорғайды. Кейіннен мұнда Орал казактары, қырғыздар, өзбектер, татарлар қоныстанды. Ресейдің Бұқара, Ташкент, Хиуа қалаларымен сауда байланысының дамуынан керуен жолы өтіп, бірте-бірте Қазалы 1867 жылы ірі уездік қала болды.
1867 жылы 11 маусымда Түркістан генерал-губернаторлығы құрылғаннан кейін №1 форт атауы өзгертіліп, Қазалы қаласы Сырдария облысының құрамына кірді. Қазалы уезінде 1868 жылғы 1 сәуірден бастап 6 болыс құрылады. Олар: Қарақұм, Райым, Қостам, Сарытоғай, Қарабастоғай және Заңғар.(ҚРОММ 267 қор,1 т.4 іс, 2 п) Қазалы уез басшысы Қаракөл, Қостам, Сарытоғай болыстарында адам санының өскеніне байланысты тағы да 3 болыс құру керектігін, тіпті уездегі 7 болыстан 14 болыс құруға болатынын, оның әрбір болысында 1000-1600-дей үй бар екенін хабарлайды.
1860 жылы 21 қаңтарда тұңғыш Қазалы училищесі ашылды. 1861 жылы 9 ақпанда Қазалыда дін басы Победаносцевтің бастауымен қыздар мектебі ашылды. Мектеп 1862 жылдың аяғында оқытушылардың басқа жаққа кетуіне байланысты жабылды.
1865 жылы Қазалыда қазақ балалары үшін мектеп ашылады. Аптасына алты күн сабақ өткізілген. Қазақ балаларын оқыту ерекшеліктерімен шектелген:
а) қазақ және орыс тілінде оқыту,жазу.б) арифметиканың алғашқы төрт ережесі. в) грамматика. г) қазақ тілінен орыс тіліне аудару, орыс тілінен қазақ тіліне аудару, түсінік. Мектепте 16 бала білім алған. Сондай-ақ 1879 жылы 19 тамызда 2 сыныптық қыздар училищелері ашылды.
1897 жылғы жалпы халықтың санағы бойынша Қазалы уезінде 140541 адам тұрды. Оның ішінде қазақтар - 135860 (96.6%) орыстар – 2821 адам (2%) болды. Ал Қазалы қаласында 7585 адамға жетті.(Первая всеобщая перепись населения. Российской империй 1897. Сырдаринской область.вып 7,9-37 бб) Орынборлық көпес ұлты татар Хусайыновтың сауда дүкендері шаһардың саудасын қыздырды. Осыдан соң-ақ Орынбор татарлары Қазалыға ағылып көше бастады.
1861 жылы №1 фортта 96 лавка салынып, 8 орыс, 4 қырғыз, 96 бұқар және 1хиуалық сауда жасады. 1869 жылы базар алаңында 256 үй және 300 лавка болды. Олардың ішінде 70 орыстық, 180 бұқарлық, 80 хиуалық болды. Ірі саудагерлердің сауда айналымдары 45 мың сомға дейін жетті. (Туркестанский сборник. т 5. с 274-275).
Бұл мәліметтерден Қазалы жерінде сауда керуендері жиі болғанын көреміз. Керуен жолдарының бойында керуен сарайлары, тоқтап дем алуға арналған үйлер болды. Орыс саудагерлері мен азиялық керуендер әр түрлі жолдармен жүрді. Орыс керуендері қазақ бекеттерін жағалап жүрсе, азиялық керуендер қазақ жайлаулары бойымен жүрген. Екі керуен жолда тоқтап, қазақтармен айырбас сауда жасап отырған. Ресейден нан, иленген тері, жүн және мақта-маталар, темір бұйымдар шығарылып сатылса, Ресейге мал, мақта, жеміс, шай, қағаз бұйымдары сатып алынды. Аталған тауарлардың ішінен астық, иленген тері мен маталар Қазалы арқылы өтті. «Бұл жердің көпестері - деп жазды А.Янушкевич,- Ірбіт пен Нижний Новгордтан Ресей тауарларына Чугучак пен Құлжа сияқты Қытай қалаларынан шай, жібек маталар, фарфор, әр түрлі ұсақ бұйымдар, ал Ташкент, Бұхарамен Қоқаннан халат, кілем, күріш, кептірілген жеміс сияқты қазақ даласынан тері, жылқы, қара мал, қой, киіз, түлкі және басқа аңдардың терілерін айырбастап отырды. (Янушкевич А. Дневники и письма из путешествия по казахским степьям. А.,1965 г. с 5)
1880 жылы Қазалы уезінде сыра қайнататын зауыт жұмыс істей бастап оның өнімі 900 шелек сыра болып, жылына 4 мың сом пайда құрады. 1881 жылы Қазалыда арақ-шарап, ал 1886 жылы екінші сыра қайнататын зауыт ашылды. (Обзор Сырдаринской области за 1886 г. Ташкент 1887 с 116)
1879-1880 жылдары Қазақ халқында болған жұт адам айтқысыз әсерін тигізді. Әсіресе 1891-1892 жылғы жұттан тек қана Қазалы уезінде жылқының 90%, қойдың 80%, түйенің 60% опат болды. (Арғынбаев Х.А Қазақтың мал шаруашылығы жайында этнографиялық очерк-А.,1969 ж. 58-59 б.б) Осы жағдайға байланысты Қазалы уезіне жер-жерден көмектер келді. 1892 жылы қаңтар, ақпан айларында Самарқан, Ферғана облысының уездерінен 1900 сом 27 тиын ақшалай көмек келді. Қайырымдылық комитеті көмек көрсетті. Өйткені, 1892 жылғы мәлімет бойынша Қазалы уезінде – 27400 жылқы, 71700 түйе, 16300 ірі қара, 285600 қой-ешкі болған.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда балық кәсіпшілігі дами түсті. Бұл кезеңде балық аулау ісі қазақтарға ертеден таныс кәсіп болғанымен, онымен көбінесе казак-орыс қоныстанушы шаруалары айналысты. (РФОММ.1291-қор, 84 тізбе, 36 іс, 4п)
1847 жылы Орынборда Арал теңізінен балық аулау акционерлік компаниясы құрылды. Компанияның бас акционерлері Деевтер «Михаил» кемесін жасап,1848 жылы «Николай» әскери кемесімен бірге суға түсірілді. (Добромыслов А.И Города Сырдаринской области. Ташкент 1912 г. с.43) Алғашқы кезде компания көп мөлшерде балық аулағанымен хиуалықтардың керуендерге шабуыл жасауы, балық тасымалдайтын жолдардың болмауы, тұздың жетіспеуі, балық мұздатқышының болмауы себептеріне байланысты өмір сүре алмады.
Балық кәсіпшілігі Сырдария мен Әмудария бойына жер аударылған казак-орыстардың келген кезден, яғни 1875 жылдан бастап жандана бастады. Жаңа қоныстанушылар тәжірибелі балықшылар еді, сондықтан да алғашқы кезде балық аулау икемшілігі түгелдей дерлік солардың қолында болды. Сырдың Арал теңізіне құяр тұсы олардың негізгі балық аулау орнына айналды.
ХIX ғасырдың 80-ші жылдарында Арал теңізінен ауланған балық 50000 пұт болып, оның бағасы 100000 сомға жеткен. 1886 жылы Қазалы уезіндегі балық кәсіпшілігі Сырдария өзенінің құйылысында, Көк-аралда, Қамыстыбас көлінде жұмыс істеді. Алғашқы екі жерде балық аулауға 56 қожайын, 629 балықшы қатысты. Оларда 293 қайық, 255 ау, 1320 ілмек, 330 қалталы ау болды. Соңғы екі жабдық түрімен қыста да балық ауланады, оларда 19 қожайын 150 жұмысшы болды. Сол жылы жаз бойы Көкарал мен Сыр жағасында аумен 7000 дана және ілмектермен, қалталы аумен 9200 дана, барлығы 16200 дана балық ауланды 1905 жылы Қазалы уезіндегі Қамыстыбас көлінен Любимов деген балықшы бір салымда 23000 сазан ұстаған. 1907 жылы Шыбынды болысының қазағы Сарынбай Алтынбаев осы көлден бір тартымда ұстаған сазандарын 3200 сомға сатқан (PФ.ОМТМ, 1396 қор, 1 тізбе, 213 іс, 22 п).
Сырдариядағы балықшылық өзен сағасына негізделіп, ал көлдерден балық аулау Сырдария сағасы мен Қазалы қаласы аралығында 150 шақырым жерге созылған. Бұл кезде Қазалы уезінде-113, ал Перовскіде-145 балық аулайтын көл есепке алынған. (Дилмухамедов Е. Маликов Ф. Очерки историй робочего класса дореволюционного Казахстана-Алматы 1963 г. с. 108). Қазалыдағы балық шаруашылығымен айналысуда Яганов пен Шапошников айрықшалана көзге түсті. Олар жыл сайын келесі аулау маусымы үшін балықшыларға қарыздар беріп, теңізден балық аулауға қайық-құралмен жарақтандырды. Толық жарақтану үшін әрбір балықшыға жазғы науқанға 100 сомға жуық қажет болды. (Геиер И.Туркестан, Ташкент, 1909 г. с 289), «Орион» яхтасының рөлшісі балықшы И. Толстов «Шалаңды» бұғазында 200 метрлік аумен 150000 дана тыран, ал Көкаралдан бір жазда 6 қайықпен 3000 бекіре ұстаған (РФ ОМТМ, 1396 қор, 1 тізбе, 213 іс, 21п). Қысқа өзен балық кәсіпшілігінде түгелдей қазақтар болды. Олар жақын тұстағы Ақшатау, Шыбынды, Раиым, Қаракөл және т.б болыстың тұрғындары еді.
Л.Бергтің мәліметтері бойынша Арал теңізі кәсіпшіліктерінде балықшылардың жалпы саны бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында 15-20 мың адамға дейін жеткен (Берг Л. Современные состояние Аральского рыбного хозяйства. Ленинград 1926 г.).
XX ғасырдың басында Қазалы қаласының тұрғындарына арналған міндетті қаулылар қабылданды. Бұл 1901 жылы 27 наурызда әскери губернатор, генерал-лейтенант Карольков бекіткен 13 ережелерден тұрды. Онда жолаушыларға көрсетілетін қызмет, көліктердің тазалығы, тасымал көліктерінің төлемі, биржаларға тәртіп туралы қамтылған.
Қазалы өлкесінің экономикасы үшін су және темір жол транспортының маңызы орасан зор еді. Алайда қазақ даласында қатынас жолдарының жоқтың қасы болғандығы ішкі және сыртқы сауданың дамуына бөгет жасады. Орынбор – Ташкент теміржолының салынуы арқылы Түркістан өлкесінен Ресейге мақта, жеміс, былғары, тері, қаракөл елтірісі, шарап және басқа ауыл шаруашылық тауарлары жеткізілді. Бұл жолды қалай тарту жөніндегі талас туған кезде Орынбор-Ташкент темір жолын салуды жақтаған отаршыл әкімшіліктің әскери ведомствасының өкілдері. Москва манфактурашылары мақтамен сауда жасайтын Түркістан буржуазиясы, сондай-ақ Орынбор мен Самараның астық жасайтын саудагерлері жеңіп шықты.
Салынған жолдың желісі әкімшілік жағынан екі бөлікке бөлінді: солтүстігі Орынбордан Қазалыға дейін (946 шақырым) және Оңтүстік бөлігі Ташкенттен Қазалыға дейін (790 шақырым). Жолдың Оңтүстік бөлігі Түркістан өлкесінің Сырдария облысының территориясы арқылы, солтүстік бөлігі Орынбор губерниясының Торғай облысының Темір уезі арқылы өтті.
Жол құрылысы Орынбор жағынан 1901 жылы 10 мамырда және Ташкент жағынан 9 қаңтарда басталды. Бірақ құрылыс өрістетілді. 1904 жылдың 4 қаңтарынан бастап Орынбор-Ташкент темір жолы бойымен уақытша қатынас ашылды. Жолдың солтүстік бөлігі Орынбор губерниясының 1905 жылы 25 шілдеде, оңтүстік бөлігі 1906 ж 1 сәуірінде тұрақты пайдалануға берілді. Темір жол шеберханасы ірі-ірі бес станция Ақтөбе, Шалқар, Қазалы, Перовск, Түркістан Қазақстанды Ресеймен және Орта Азиямен байланыстыратын торапты пунктер болды (Қазақ ССР тарихы - Алматы, 1982 ж.т 3 251 бет)
Орынбор-Ташкент темір жолының салынуына байланысты 1904 жылы Жаңақазалы поселкесінің негізі қаланды. Қазіргі локомотив 1905 жылы паровоз жөндейтін шеберхана болып ашылып, кезінде вагондар жөнделген. Қазалы темір жолшылары 1905 жылғы бүкіл Ресейлік саяси ереуілге үн қосты. (Советы и ревкомы Казахстана А., 1971 г. с, 121-122) Революциялық қозғалыс барысында Қазалы темір жолшыларының социал-демократиялық тобы қимыл жасады. Уезде социал-демократиялық топ революцияшыл жұмысшылардың үйірмесі ретінде 1905 жылы құрылды. Оны ұйымдастырушы депо жұмысшылары: Гостев, Канифатов, Ежков, Полевой, Чекурин т.б болды. Қазалы теміржол 1905-1907 жылғы революциялық қозғалысқа белсене қатысты. Олардың кейбірі патша сотымен сотталып айдалып кетті. Революциялық іс-әрекеті үшін 1909 жылы Уфадан Қазалыға А.Я.Першин әкімшілік тәртіппен айдалып келді. (Бакиров А. Это было в Казалинске Ленинский Путь 1957 г. 30 октябрь)
Қазалы қаласының елтаңбасында алтын түстес жердегі қара қалқанда жүк артқан түйе, жоғары жағында алтын жалатқан ашамай құрал бар. Бос бөлігінде Сырдария облысының елтаңбасы. Қалқан ашамайдан бастап күміс түсті тәжбен көмкерілген және Александр лентасымен жалғасатын алтын түстес екі жүзім шоғымен қоршалған .
1909 жылы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша уездің жер көлемі 87020 шаршы шақырым болды, онда 179500 адам негізінен қазақтар қоныстанды. Олар мал шаруашылығымен ғана емес, суармалы егіншілікпен айналысты. Астық, бақша және техникалық дақылдар егістіктері 22000 десетина жерді қамтыды.
Теміржол вокзалының іргесі Ақиректегі шақпақ тастан қаланған. Вокзал ғимаратын биік те сәнді сәулетіне қызыққан жергілікті тұрғындар бұны «Сұлу, әдемі үй» деп бағалап кейін «Сұлу там» деп атап кеткен.
Ауданның даңқты революциялық тарихы бар. Қазан революциясын Қазалы халқы «Аврораның» тарихи үнінен кейін бес күннен соң қарсы алып, Кеңес үкіметін орнатты. 1917 жылғы наурызда Қазалыда жұмысшы шаруа және солдат депутаттарының кеңесі құрылды. (Елеуов.Т.Е Установление Советское власти в Казахстане .А., 1956.с.59). 1917 жылдың қараша айында Қазалыда кеңес үкіметі орнады. Алғашқыда кеңестер құрамында солшыл эсерлер мен меншевиктерде болды, кейін 1917 жылы желтоқсанда олар Кеңес үкіметінен аластатылды.
Қорыта айтқанда, Қазақстанның оңтүстігінде Сырдарияның төменгі ағысындағы терең тарихы бар қалалардың бірі Қазалы қаласы. 1928 жылы сәуір пленумының шешіміне сәйкес Қазақстан әкімшілік-аймақтың бөлінісіне байланысты Қызылорда және Қазалы уездері таратылып, бұрынғы екі уездің негізінде Қызылорда округі құрылды. Округтік комитеттің Қазалы және Қызылорда уездерін аудандастыру жөніндегі қаулысы бойынша 1928 жылғы 12 мамырда Республикада алғашқылардың бірі болып Қазалы ауданы құрылды. Алпыс бір жыл бойы уез орталығы болған Қазалы енді аудан болды.
Соғыс аяқталып, ел тыныш өмірге енді-енді қалыптаса бастаған уақытта Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би (Жаңақазалы) кентіне ауыстырылды. Бұл 1958 жылы болатын. Ол кезде ауданның бірінші хатшысы Бердіқұлов Камаладдин болды. Ол сол кездегі солақай саясат бойынша орталықты Әйтеке би кентіне көшірде де Қазалы қаласы одан әрі дамудан кенже қалды.
Сөйте тұрса да Қазалы Сыр бойындағы тұнып тұрған тарихы бар рухани қазыналы бай өлке. Заманында Оғыздардың отаны болған Жанкент қаласы көне тарихтың көмбесі іспеттес. Ғалымдардың пайымдауынша, түркі әлемінің көреген көсемі, ойшыл философ Қорқыт атаның осы топырақтан нәр алуы да Қазалы жерінің киесін аңғартса керек. Жалаңтөс баһадүр, Әйтеке би, Жанқожа батыр, Ақтан батыр, Бекарыстан би, Қарасақал Ерімбет, Ғани Мұратбаев тәрізді батырлар мен билердің, ғұламалар мен қоғам қайраткерлерінің Қазалы топырағында кіндік кесіп, Орталық Азия мен қазақ халқы үшін ғұмырларын сарып етуі тектен-тек болмаса керек.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат